Әлібек Әлденей: Мұратымыз – өркениетті, икемді, мақсатшыл қоғам қалыптастыру

Бүгін, 15:00 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ХХІ ғасыр адамзат тарихындағы ең қарқынды өзгерістер кезеңі екені даусыз. Технология дамып, қарым-қатынас цифрлық кеңістікке ауысқан сайын қоғамның ішкі мазмұнына, адам капиталына деген сұраныс арта түсті. Демек, адам капиталы – ел дамуының негізгі тірегіне айналды. Өйткені түбегейлі өзгеріс сыртқы көрсеткіштерден емес, адамның санасы мен құндылықтарынан басталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында: «Қоғамның санасы жаңғырмай, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді», – деп нақты атап өтті. Бұл ұстаным өңірлердегі идеологиялық жұмыстың негізгі бағдарына айналды.
Арқа өңірінде аталған бағыт нақты жобаларға ұласты. Осы тақырыпта Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденеймен сұхбаттасудың орайы келген еді
, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Әлібек Үсенұлы, былтырдан бе­рі Қара­ғанды облысы бірқатар пи­­лоттық жобаларымен көзге түс­ті. Ақ­парат құралдары мен әлеу­мет­тік же­лілердегі жа­рияланымдарға қа­ра­­сақ, бұл бас­та­малар негізінен ру­ха­ни дамуға, ұлт са­пасын жақ­сар­туға бағытталған. Мұ­ның себебі неде?
– «Өмір деген – Өркениет тартысы», – деп арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұң­қар­ұлы жыр­­лағандай, ХХІ ғасыр тар­ты­сында жа­­сампаз, білімді, ойы ұшқыр, ру­хани ар­қауы берік халық қана өзгеден оқ бойы озық шы­ғады. Мұны дамыған мем­­­лекеттердің тә­жірибесінен аңғара­мыз. Олар тұрақты да­мудың алғышар-
ты – адам­ға құйылған ин­вестиция еке­нін әлдеқашан дәлелдеген. Ра­сында да, жол салып, зауыт тұрғызып, инф­рақұры­лым ны­сандарын көбейте беру­ге болады. Алай­да жаңалыққа жаны үйір, өзгеріске бейім, озық ойлы адам болмаса, қолға алын­­ған іс ұзаққа бармайды.
– Демек, адамға басымдық беру – уа­­­­қытша үрдіс емес, саналы таңдау ғой?
– Дәл солай. Бүгінде бұл – жай ұста­ным емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін, ұзақ­­мер­зім­ді тұрақтылығын айқын­дай­тын негізгі өл­шем. Адамға салынған ин­­­­­вестициясыз ешбір қоғам алға жылжи алмайды. Осы қа­ғи­даны басшылыққа ала отырып, кейінгі бір жылда өңірімізде бір­қатар бастама жү­зеге асырылды. Фор­ма­ты мен аудиториясы әр­түрлі бол­ға­ны­мен, түпкі мақсаты ортақ – адамның әлеуе­т­ін ашу («Ұлт қазынасы»), ұлт­тық рух­ты оятып, тарихи жадыны жаң­ғырту («Тұл­пар мініп, ту алған»), қазақ ті­лінің қол­даныс аясын кеңейтіп («Сөз­жа­сам»), сыни ойлай алатын қоғам қалып­тас­тыру («Кітап оқитын ұлт»). 
Сананы тұрмыс билеген заманда адам кө­бінесе күнкөріс қамымен жүріп, ма­те­риал­­­ды құндылықтарға тәуелді бо­лып қа­ла­ды. Өздеріңіз білесіздер, ой кеңі­мей, көз­қарас өзгермей, қоғамның са­палы да­муы екіталай. Сондықтан  ал­ды­мызға қой­ған міндет – сананы сер­піл­ту, мәдени да­мудың жаңа сатысына көтерілу. Осы идея­лар облыс басшысы Ермағанбет Қаб­дула­ұлының қолдауымен нақ­ты жобаларға ұласып, Президент бас­тамаларын өңірлік деңгейде іске асы­ру­дың тетігіне айналды. 
Жобалардың әрқайсысы адамның сан-қыр­лы болмысын дамытуға бағыт­талған. Ал түпкі мақсат – ортақ: өңір да­муы­на ық­пал ететін зияткерлік әлеуеті жоғары, аза­маттық жауапкершілігі зор, өз­герістерге тез бейімделе алатын тұлға қа­лыптастыру. Яғни, адам капиталы – бас­ты назарда. Бұл жобалардың нәтижесі бір­ден көзге көрін­беуі мүмкін. Алайда өңір­дің, жалпы, еліміз­дің 5-10 жылдан кейін түбегейлі жаңғыруы­на септігін ти­гізеріне сенімім мол. 
– Әр жобаға жеке-жеке тоқтала кет­­сеңіз. Алдымен «Сөзжасам» жо­ба­сы ту­ра­­­­­­­лы айтып берсеңіз.
– Тіл – ең алдымен ойлау құралы. Кә­сі­­би терминдерді ана тілінде дәл әрі жүйе­лі түрде қалыптастыра алмаған ұлт­тың ті­лі бі­лім мен ғылым сала­ларын­да толық­қан­ды да­ми алмайды. Индуст­рия­лық өңір үшін бұл мәселе айрықша маңызды. 
Жасыратын несі бар, өндіріс пен тех­­­­но­логия саласындағы ғылыми тер­мин­­­дерді реттеу, қолданысқа енгізу – бү­гінгі таңның өзекті мәселесі. Осы  мәсе­ле­ні жүйелі түрде ше­шу мақсатында тіл ма­мандарынан құ­рал­ған топ 3 айдан астам уақыт бойы Қа­ра­­­­ғанды облы­сын­дағы ірі кәсіпорындарды ара­лап, қазақы санаға қонымды атауларды қарастырды. Жоба қорытындысы бойынша іріктелген терминдер Республикалық тер­ми­ноло­гия комиссиясына жолданды. 
Мұндағы мақсат – қазақ тілін өнер­кә­сіп пен ғылым тіліне айналдыру, яғни, тіл­дің ғы­лыми-технологиялық, ин­же­нер­лік-ин­новациялық әлеуетін дамыту.
Бұл идеяны былтыр күзде Тілдерді да­мыту жөніндегі басқарма пилоттық жо­ба ретінде Тілдер күніне орай жүзеге асыра бастады. 
– Жобаны жүзеге асыруға қандай мамандар жұмылдырылды? Жұмыс неден басталды?
– «Шымшық сойса да қасапшы сой­сын» демекші, әр іспен оның білгірі, ше­­­­бері айналысқаны жөн. Жаңа термин­дер­ді түзу ісін кәсіби мамандарға ұсын­дық. Өзіміз, яғни әкімшілік, жобаның мақ­сат-міндетін түсіндіріп, маман­дар­дың басын қосып, олардың жұмыс іс­теуіне жағдай жасадық.
Әуелі фи­лологтар, лингвист ғалым­дар, кәсіби аудармашылар, журналистер, блогерлер мен тіл жанашырларынан құрал­ған топ 3 айдан астам уақыт бойы Қара­­­ғанды облысындағы ірі кәсіп­орын­дарды аралады. Сондағы мақсат – бүгінге дейін қазақша баламасы табылмаған тер­миндерге сәйкес, ел аузында жүрген, тілге жатық әрі қазақы санаға қонымды атауларды қолданысқа енгізу. Сарап­шы­лар өңірдің ірі кәсіпорындарына маман даярлайтын профильді колледждердің ұстаздарымен кездесіп, техникалық жә­не ғылыми атаулардың қазақша бала­ма­ла­рын талқылады.
– Көздегені биік, ауқымы кең жо­ба екен. Бұл бастама бір күнде пай­да бол­ма­ған сияқ­ты... 
– Рас айтасыз, бұл бастаманың та­мыры те­реңде жатыр. Ғылымды қазақша сөй­лету мә­селесі өткен ғасырдың ба­сын­да-ақ күн тәр­тібіне шыққан.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бас­та­ған Алаш зиялылары ғылыми-шы­ғарма­шы­лық, қоғамдық-саяси қыз­мет­тері­мен қа­тар, ағартушылықпен айна­лы­сып, әрқай­сы­сы өз саласына қатысты оқу­лық жаз­ға­нын білеміз. Бұл – бір жа­ғынан, ұлтты өз ті­лінде сауаттандыру қа­жеттігінен туын­даған мұқтаждық бол­са, екінші жағынан, әдеби образға бай, шұрайлы қазақ тілін сол замандағы ғы­лым мен прогресс тіліне айнал­дыру­дың қамы болатын. Сол кезде жарық көр­ген Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл – құралын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Пси­­хологиясын», Мағжан Жұмабаевтың «Пе­­дагогикасын» әлі күнге қайнардан су­­сын­дағандай оқимыз. Міржақып Ду­латұлы өзінің «Есеп құралында», Әлімхан Ермеков «Ұлы математика курсында», «Қа­зақ тілін­дегі математикалық тер­мин­дер» атты сөз­ді­гінде талай ұғымның қа­­­­зақша баламасын тап­қан. Яғни, Алаш қай­раткерлері жазған оқу­лықтар ғы­лым­ды қазақша сөйлетудің бас­тамасы бола­тын. 
 – Иә, Алаш қайраткерлері ғылым ті­­лін қа­зақша қалыптастыруға ерек­ше мән бер­ге­ні белгілі. Осы тарихи т­ә­жіри­бе бүгінгі тіл саясатына қан­дай мін­дет жүктейді?
– Бұл сұрақтың астарында үлкен жауап­­­кершілік жатыр. Алаш зиялы­лары қа­­лыптастырған бағыт бүгін де жал­ға­сын та­буға тиіс. Әлемдік тәжіри­беге көз жү­гірт­сек, тіл дамуы – үздіксіз үдеріс еке­нін бай­қай­м­ыз.
Мысалы, Global Language Monitor зерт­­теу институтының мәлімдеуінше, ағыл­шын тіліне күнделікті 14-15 жаңа сөз қосылып оты­­рады. Яғни, жыл сайын бұл тіл 5 мың­нан астам жаңа сөзбен то­лы­ғады. Былтыр­дың өзінде Cambridge Dictionary сөздігіне 3 200 жаңа сөз қо­сыл­­ған екен. Осындай жүйе­­лі еңбектің арқасында ағылшын тілі жыл­­дан-жылға күшейіп, әлемдік статусын сақ­тап отыр.
Қазір дүниежүзінде 7 мыңнан аса тіл бар. Оның ішінде, ең көп қолданылатын 200 тілдің ішінде 2,5 млн сөздік қорымен қа­­­зақ тілі 79-орында тұр. Оны заманауи тер­­­миндермен, соның ішінде біздің өңір­дің әлеу­меттік-экономикалық ерек­ше­лігіне бай­ланысты терминдермен то­лық­тырсақ, тілі­міз одан әрі байи тү­седі.    
Тағы бір айта кетер жайт, Аустралия ұлт­­­тық университетінің (ANU) ғалым­дары 7 мыңнан астам тілдің 40 пайызы жойылып кетудің алдында тұрғанын анық­тады. Зерт­теу нәтижесіне сәйкес, әр­бір екі апта сайын бір тіл «өледі» екен. Көңіл­ді жұбататын нәр­­се – қазақ тілінің даму әлеуеті зор. Тек оны бүгінгі ғылыми, ақ­параттық, тех­нок­рат­тық даму үрдісіне сай лексикалық тұр­ғыда  нәрлендіріп оты­ру керек. 
– Қазақ тілін ғылым мен өндіріс ті­­ліне айналдырудың маңыз­ды­лы­ғын  жақсы айттыңыз. Ал батырлар жы­ры­на негізделген жоба қазіргі заманда қан­­шалықты өзекті?
– Өздеріңіз білесіздер, батырлар жы­ры қаһармандардың жауға қарсы ер­лігін си­паттаумен ғана шектелмейді. Хал­қы­мыз­дың дәстүрлі дүниетанымы, көне ғұр­пы, өт­кен дәуірлердегі қоғамдық-сая­си құры­лы­мы, сыртқы елдермен бай­ла­нысы бей­не­ленетін эпосты оқып, сана­сы­на тоқыған ба­ла келешегіне асқан жауап­кершілікпен қарайды.  
Осы сабақтастықты сақтау үшін биыл әс­кердегі сарбаздарға батырлар жы­рын жат­тау жолға қойылмақ. Бұл бас­тама жас буын­ның тарихи санасын кү­шейтіп, ел мен жер алдындағы жауап­кер­шілік сезімін терең­детуге бағыт­тал­ған.
– Расында да, бұл жобаның түпкі мақ­­саты биік, тәрбиелік мәні зор екен. Де­се де, «цифрлық ұрпақ» үшін жыр жат­­тау оңайға соқпаған шы­ғар? 
– Шынымды айтсам, әрине, бастап­қыда кү­мән болды. Байқау талаптарына сәйкес, қа­тысушылар Тастыбай Жағы­пар­ұлының 4040 жолдан тұратын «Бө­ген­бай батыр» жы­рын жатқа айтып қана қоймай, жырдың астарына үңіліп, кө­нер­ген сөздер мен жер-су атауларының мә­нін ашты. Өзіңіз көріп отырғандай, бай­қау шарттары оңай емес. Со­ған қара­ғанда белсенділік те төмен бола ма деп уайымдадық. Алайда үш айда qazaqepos.com сайтына облысымыздағы 300-ден аса мектептен 6-10 сыныпта оқитын 4 мың­­нан астам оқушы, 2 мыңнан астам мұ­ға­­лім тіркелгенін білгенде төбеміз көк­ке жет­кендей қуандық. Өңіріміздегі барлық орта білім беру мекемелерінің 72 пайызы жыр додасында күш сынап көрді.  
Нәтижесінде, 1-орынды иеленген Райа­на Әмірхановаға 1 миллион теңге мен Қаз­­­­­тұтынуодағы Қарағанды уни­вер­си­­те­ті­нің гранты бұйырды. Сонымен қа­тар 2-орынға ие болған қатысушыға – 500 мың теңге, 3-орынға – 250 мың тең­ге көлемінде сер­тификат берілді. Сыйақы шәкірт пен ұстазға бірдей мөл­шер­де табысталды. Одан бө­лек, жүйрігін аламанға дайындаған ұстаз Тол­ғанай Ерменбетоваға Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамы темір тұлпар сыйлады. 
Бұл бастама Мемлекет басшысы ай­қын­­даған тәрбие мен білім саясатының өңірде нақты іске асқанын көрсетті. 
– Әйтсе де, жастардың бәрі бір­дей сіз айтқандай тереңнен толғап, те­бірен­бейді...
– Сол себепті оларға ой салып, ынта­лан­­дыру керек. Шын мәнінде, ауылда та­­лант­ты, алғыр, еңбекқор жастар же­тер­лік. Көп­шілігі бойындағы әлеуетін аша алмай, өз күшіне өзі сенбей, бар мүм­кіндікті пай­да­лана алмай жүреді. Кей­де соларға жөн сіл­тейтін тәжірибелі ма­ман табылмай жа­та­ды. Бұл түйткілдің түйі­нін «Ұлт қазы­на­сы» жобасы тарқа­та­ды деген оймен тағы бір идеяны пи­лот­тық режимде бастап кет­тік.
– Сонда бұл жобаны бастауға не түрт­­кі болды?
– Әдетте, ауыл жастары арман қуып қа­­ла­ға немесе аудан орталығына келеді. Ал бұл жоба аясында менторлар 7 аудан, 35 ауыл­ды аралап, 2 000-нан астам бала­ның ба­ғын ашты. 
Мемлекеттің басты байлығы – адам бол­­ғанда, ұлт қазынасы – білімді, адал, отан­­шыл жастар. Жобаның атауы осы ой­­дан туындады. Президенттің «Әділетті қо­­­­ғамның тірегі – адал азамат» деген сая­си ұстанымын негізге ала отырып, түп­кі мақ­сатымызды айқындадық. Ауыл жас­тарының қарым-қабілетін ел дамуы­ның қозғаушы күшіне айналдыруды діттедік. 
Менторлар бұл жобаға ерікті ретінде қа­тысты. Бір қуантарлығы – тәлімгерлер мен ауыл жастары арасында орнаған ада­­ми-рухани байланыс әріптестікке ұла­сып, жоба аяқталғаннан кейін де жалғасып жа­тыр. 
Жеке мүддеден биік тұратын, ұлтқа қыз­­мет етуді діттейтін сана осындайда қа­­лыптасады. Мұндай мінез-құлық, мұн­дай ұс­таным – ұлттық элитаның басты си­паты.
– Елімізде бұрын-соңды бол­ма­ған жоба екен. Тәлім алушылардың ішін­де ерекше оқиғасымен есте қал­ғандары бар ма?  
– Әрине. Мәселен, Бұхар жырау ауда­ны­ның Ақбел ауылында тұратын 13 жас­­тағы Ерасыл Айтбек мал шаруа­шы­лы­ғына ерте әуестенген. Мұны байқаған тәлімгері Анар Бозаева оған бордақылау мен жем-шөп дайындаудың қыр-сырын үйретіп, қызығушылығын нақты кәсіпке бағыттады.
Ал Қарқаралы ауданының Темір ауы­лында ментор Дунай Еспаев 20 жастағы Төлеген Қозының бойындағы актерлік қабілетін байқап, оны театр әлеміне же­те­леді. Жоба аяқталғанда политехни­ка­лық колледж студенті мамандығын ауыс­тыруға бел буып, «Дат» театрының труппасына қабылданды.
Ал Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжінің студенті Вадим Михалев менторы Даурия Байқонованың жетекшілігімен подология курсын тә­мамдаған соң, осы бағытты саналы түр­де таңдады. 
Жалпы алғанда, менторлармен жұ­мыс тәлімалушылар үшін белгілі бір сала­да кәсіби бағыт-бағдар алу үшін ғана емес, тұлғалық тұрғыда өсуге мүмкіндік берді. Биыл пилоттық форматта өткен жо­баның ауқымын келесі жылы кеңей­тіп, талантты ауыл жастарымен жұмы­сы­мызды одан әрі жалғастырамыз.
– Жастардың әлеуетін арт­тыру­мен қатар, қоғамда оқу мәдениетін қалып­тас­тыру мәселесін де күн тәр­ті­біне қой­ған екенсіздер.
– «Кітап оқитын ұлт» жобасын ай­тып отыр­сыз ғой... Былтыр қыркүйек айын­да басталған жоба осы күндері жар­ты жылдық дайындықты қорытын­дылап, байқау ке­зеңіне өтті. Қазір www.reading-nation.kz/kk сай­тында әр топ бойынша қатысушылар рей­тингін көру­ге болады. 3 кезеңнен мүдір­мей өткен жеңімпаздар Президенттің бас­тамасы­мен жарияланған Ұлттық кітап күні – 23-сәуірде марапатталады.
Бұл бастаманың түпкі мақсаты – Қа­зақ­­станды кітапты көп оқитын 10 озық ел­дің қатарына енгізу. Қазір CEOWORLD рей­тингісіне сәйкес, еліміз 102 мемле­кет­тің ішінде 95-орында тұр. Яғни, Қа­зақстанның әрбір азаматы орта есеппен жылына 2-3 к­ітап қана оқиды деген сөз. Тізімнің ең ба­сында жылына 16-17 кітап оқитын АҚШ, Ұлыбритания, Франция сияқ­ты алпауыт­тар­дың тұрғаны көп жайт­тан хабар береді. Яғни, ғылыми-тех­нологиялық, экономика­лық көшбас­шылық зияткерлік білім алумен қатар жүреді.
– Жалпы, өңірде балалардың кітап­қа деген ынтасы қалай?
– Бұл сұраққа нақты деректерге, со­ның ішін­де халықаралық ұйымдардың зерт­теу­леріне сүйене отырып жауап бер­ген жөн бо­лар. Мәселен, ЮНИСЕФ ұйы­мы жүргізген ар­найы зерттеу нәти­жесіне зер салсақ, мек­теп жасындағы балалардың үлесі бойынша Қарағанды облысы республика деңгейінде 6-орында тұр. Яғни, 7–14 жас аралығындағы 9 ба­ла­ның 8-і кітапты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Осының өзі адам­ның тұлға болып қалыптасуына ықпал ете­тін – сараптау, сыни ойлау, шешім қа­был­дай білу сияқты дағдылар кітап оқудан басталатынын айғақтайды. 
– Осы жоба аясында шалғай ауыл­­дарда түрлі бастамалардың жү­зеге асып жатқанын әлеуметтік же­ліден оқы­дық...
– Айтып отырғаныңыз – Томар ауы­лы­ның №22 орта мектебінің түлектері ғой. Иә, олар мектеп бітіргеніне 35 жыл толуына орай осындай игі бастаманы қолға алыпты. Осы­ның өзі бастапқы идеяның жоба шең­берінен шығып, қо­ғамның ішкі сұранысына ай­нала бас­тағанын, оның өміршеңдігін көр­сетеді. Демек, қоғам іштей өзгеріске бет алды. Түптің түбінде, күн сайын атқа­ры­ла­тын ой еңбегі халық санасын өзгертетін бас­ты факторға айналады. Бұл жайлы Прези­дент сіздердің газеттеріңізге бер­ген сұхбатында: «Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде болады», – деп дәл айтқан. Бұл тұжырым бі­лім мен ой еңбегінің ел дамуына тікелей әсер ететінін аңғартады.
Олай болса, қазақ тілі – ғылым мен өн­діріс тіліне айналып, кітап оқу – күн­де­лік­ті дағдыға, ал кәсіби даму – ішкі қа­жет­тілік­ке ұласқанда қоғам ілгері­лей­ді. Сонда ғана Мемлекет басшысы атап өткен өрке­ниет­ті, икемді, мақсатшыл қо­ғам қалып­тастырып, жаһанды белгі­сіз­дік жайлаған алмағайып дәуірде бәсе­кеге төтеп береміз. Бұл – мемлекеттің да­му бағытын айқын­дай­тын, уақыт өте нәтижесін көрсететін ке­мел ұлтқа бас­тар жол.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен – 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

 

Тэгтер:

Әлібек Әлденей