Еңселі кеңседе киелі күрке артық

Бүгін, 14:45 / Túrkistan Gazeti

Редакциядан: Классик жазушы, бірегей суреткер Әкім Тарази арамыздан кеткелі де жыл аунапты. Көркем ойдың көкжиегін нақты да шынайы образдармен айшықтаған қаламгердің шығармашылық мұрасы – ұлт руханиятының қазынасы. Әдебиет, театр, кино саласында Таразидың салған соқпағы бөлек. Зиялы қауым «Әдебиеттің Әкімі» деп әспеттеген сөз зергері туындыларының уақыт өткен сайын бағасы арта бермек. Біз бүгін оқырманға заман тынысынан сыр шертетін шағын эсселерін оқырманға ұсынып отырмыз.

1. Қиын сұрақ

Бұл әңгімені анекдоттан бастайын. Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақ үшеуі­міздің Құлан қаласына жолымыз түс­кені бар. Жазушылардың қадірі кете қой­маған кез. Ауданның білдей бастық­тары үш машинамен келіп, бізді Алматыдан алып шықты. Ұзынағаштан аса бергенде, Қарасудың жағасында, әлгі жігіттер бізден озып кетіп, дастарқан жайып күтіп алды. Бас­тық жігіттердің бірі үшеуімізге кезек-ке­зек таңырқай қарап тұрып:
– Ағалар, Қазақстанда қанша жазушы бар? – деп сұрады. 
Одақтың хатшысы болған соң, бұл сұ­раққа мен жауап беруім керек деп ойлап:
– Алты жүз! – деп дайын жауапты ал­ды­на тоса қойдым.
Дастарқаннан дәм татып, «жүз-жүзден» ең­серіп алған соң, Қалихан менің сөзіме тү­зету енгізді.
– Көкем менің мырза ғой, алты жүз деп ай­тып қалды. Шындап келсек, екі нөлін қа­ғып тастаймын мен, – деді Қалихан. Іш­тей келістім. Қалиханның бұл түзетуі Сә­кенге де ұнай түскен тәрізді. Біраз «қуат жи­нап» алған соң, жолға қайта шықтық. Біз­ден озып кеткен аудан басшылары Шу өзе­нінің жағасында тағы тосып алды. Қай­тадан «қуат жинауға» кірістік. Мол дас­тар­қан, коньяктардың түр-түрі. Жайма-шуақ әңгіменің кезінде Сәкен әлгі сұрақ қойған басшыға тесiле қарап тұрып:
– Қазақстанда қанша жазушы бар деп сұрап қалдың-ау, інішек. Қалиханның көкесі (мені меңзеген) ақ көңіл жан! Бұл алты жүз деді. Ал Қалиханның өзі де көңіл­шек. Бұл да алтаудан кеміткiсі келмей тұр. Ал Құдайдай шындықты мен айтайын са­ған. Қазақстанда жазушы үшеу-ақ. Осы тұр­ған үшеуiмiз!
Қалиханның түзетуi жүрегімді жылыт­қаны­мен, Сәкеннiң түзетуi маған майдай жақ­ты. Көкейдегi сөзiңдi басқа бiреудiң аузы­нан естiгенде iштей көтерiлiп қалады екенсiң. Сырларын бiлмейтiн жiгiттердiң алдында жеңiлтек боп көрiнгім келмедi. Рас, солай, деп бас шұлғи қойған жоқпын. Бiр­ақ Сәкеннiң түзетуi жадымнан жайлы орын таба қойды. Рас қой, үшеуiмiзден бас­қа кiм бар дегендей...
Сол қанаттанған қалпымызбен қайта жол­ға шықтық. Бiзден озып кеткен аудан бас­шылары, Меркiден аса бергенiмiзде қай­та тосып алды. Қалихан екеуiмiз ары-бе­рi өткенде «Айдармандар рестораны» деп ат қойған бұлақ бар едi. Сол бұлақтың ба­сына қайтадан дастарқан жайылды. Ауыл­дың ұялшақ қыздарындай бiрiнiң та­сасына бiрi тығылған шөлмектер өз ор­нын тапты. Көңiлiм шалқып тұрған мыр­залы­ғым ұстап кетiп аудан басшыларына ақыл айтып тастадым:
– Мынау Сәкен Көкшетаудың жiгiтi. Ала­тау бөктерiне көп келе бермейдi. Қазақ­тың сен тұр, мен атайын азаматының бiрi ғой. Мана өзi айтқандай, үшеудiң бiрi. Ен­де­ше, қадамы құтты болсын. Осы мынау бұ­лақты Сәкен Жүнісов бұлағы деп атайық.
Аудан басшылары да мен сияқты мыр­за екен, бiрден бастарын шұлғып шыға кел­дi.
– Құп болады, көке. Аудандық атқару ко­­­­митетiнiң қаулысын шығарайық, солай бол­сын! – дестi.
Алатаудан көсiлiп аққан бiр бұлаққа аяқ астынан ие болған Сәкен тiптi масай­рап қалған.
– Олай болса, маған жауап сөз берiң­дер!... – деп қунаң қақты. – Ниеттерiңе рах­мет, әрине! Бұлақ түгiл менiң атыма Ала­таудың бiр шыңын атасаңдар да көптiк қыл­майды! Менiң атыма қоймағанда кiм­нiң атынан қоясыңдар!
Шынымды айтсам, мен өзiм де көңiл­­шекпiн. Мана Әкiм мен Қали­ханның жанын жараламайын деп… меселін қайтармай қазақта үш жазушы бар деп айтып қалып едiм. Ендi, жiгiттер, ақи­қатқа көшейiн… Қазақта жазушы бiреу-ақ… Ол мен ғой! Несiне өтiрiк қылымсимыз!
Сөйтіп, Қалихан екеуіміз де сызылып қал­дық. Қалиханды қайдам, мен өзім рен­жи қойған жоқпын. Мәз болып біраз кү­лі­сіп алдық.
Осы жақында «Жас Алаш» газетінде до­сымыз Мұхтар Мағауиннің сұхбаты ба­сы­­­­лыпты. Мұхтар да ағынан жарылыпты:
– Мен ұлы жазушымын! – депті. – Мен Абай­дың тізесінен келсем, басқа жазу­шы­лар менің бақайшағымда қалады! – депті. «Мұх­тардың бұл пікірімен Сәкен келісер ме екен?!» деп ойлап қойдым.
Маған біраз адам тіл шалды. 
– Әй, мынау досыңның есі дұрыс па?
Мен Мұхтарды ақтап алдым. Оныкі дұ­рыс. Әр жазушы өзінің кеудесін қорғай білуі керек. Өтірік қылымсудың қажеті қан­ша? Өзiн классикпiн деп жария салып жүр­ген кейбір ағаларымызбен салыстыр­ған­да, Мұхтардың ұлы жазушы екені рас.
Сөйтіп жүргенде, жоғары оқу орнының бі­рі мені кездесуге шақырды. Бірнеше са­ғат­қа созылған кездесудің соңында бір сту­дент қысыла–қымтырыла көтерілді.
– Әкім аға, Қазақстанда алты жүз жазу­шы бар екен. Сіз соның қаншасыншы ор­нын­дасыз?
Ә дегенде сасып қалғанымды мойын­дай­мын. Есіме Сәкен мен Мұхтар түсті. Алтау-ақпыз дейтін Қалихан түсті. Сайын мен Әбіш түсті. Ақ бурыл шашын сипап қойып көз алдыма Қабдеш көлбеңдей бер­ді. Бір қырынан Рамазан қарап тұр екен. Мұрты едірейіп Шерхан ағам төнiп келедi екен. Тасадан сығалай қарап Тынымбай мен Баққожа байқалды. Мен қатты састым.
– Қазақстанда алты жүз жазушы бар еке­ні рас болса, мен – алты жүз бірінші-
мін! – дедім. Қалай түсінгенін қайдам, сту­дент­тер қол соқты. Өзім дүдәмал ойда кет­­­­тім. Көңілім әлі де күпті.

2. Ұлы көп пе, ұры көп пе?

Әлгі қиын сұрақтың жауабына кейі­нірек оралайын. Сұраққа сұрақпен жауап беріп бір көрейін.
Орта мектепті бізден бір жыл бұрын бі­тір­ген Қозыбағаров Әшір деген жігіт Ал­ма­тыға оқуға түсемін деп қомпиып кетіп, сөм­піп қайтты. Бірақ бәрібір, бізді менсінер түрі жоқ. Екі сөзінің бірі:
– Әй, колхоз, сендер не білуші едіңдер!
Арада ай өтіп, аптығы басылған соң әл­гі досқа мен ақырын ғана сұрақ қойдым:
– Сен бұрынғыдай емессің ғой... Саған не болды?
– Мен Алматыда Сәбит Мұқановты көр­ген адаммын! – деп кертпе танауын көк­ке көтерді Әшір.
Сол сәтте Әшірдің ұлылығын мен бір­ден мойындадым. Біз кімбіз? Ауылдың жай ға­на қара сирақ баласымыз. Әке–шеше­міз­ден басқа, колхоздағы малшы-жалшыдан бас­қа кімді көріппіз? Ал Әшір болса!..
– Айтшы-ей, айтшы, қалай көрдің, қан­дай адам екен? – деп телміре қалдым.
Аспандап тұрған көңілімді Әшірім су сеп­кендей басты.
– Көкбазарға барып едім, жазушылар­дың кеңсесі сол арада екен... Әлдекімдер «Әне, Сәбит Мұқанов!» – деп қалды. Қарны ке­бежедей біреу екен, талтаңдап барды да, мә­шинеге мініп, жүріп кетті.
Мен әуелде ыза болдым. Сенбедім: «Суайт екенсің ғой!» – деп Әшірдің бетін ай­мандай қылдым. Төбелесе жаздадым-ау дей­мін, қазір есімде жоқ. Әлде төбелесіп тын­дық па екен...
Қалайша?! Сәбит Мұқанов! Көк базарда жүреді? Жазушылардың кеңсесі қалай ғана көк базардың ішінде болады? Шылғи өті­рік қой! Киелі, зиялы қауымды төмендету ғой! Қорлау ғой! Сәбит Мұқанов көшеге шық­са, сөз жоқ, оның жан-жағынан бір ба­­тальон әскер қоршап жүреді! Менің түсі­ні­гім сондай еді.
Кейін білдім. Кейін көрдім. Жазушы­лар­дың кеңсесі шынында да көк базардың ішін­де екен. Бір этажды ғана ғимарат екен. Жазушылар одағының қала орталы­ғын­дағы еңселі сарайға көшкенін де көрдім. Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мү­­­сіреповпен қол алысып амандасуға жа­рап қалған кезде аузымды ашып, көзімді жұ­мып, таңғалып, іштей табынып, мәз бо­лып жүрдім.
– Ертең сендерге Қайнекей Жарма­ғам­бе­тов дәріс оқуға келеді! – дегенге, сенер-сен­бесімді білмей, састым. Атар таңды көз­бен атырдым.
Бірте-бірте романтиканың қызыл-
жа­сыл бояулары өңінен айырыла бастады. Е-е, осындайлар да болады екен-ау деген құ­лазу көңілді меңдей бастады. Көп жыл кинода жүріп тіпті де аңғармаппын. Жазу­шылар одағы басшыларының бірі болып алты жыл қызмет істегенде құлазу бұрын­ғы­дан бетер асқынып кеткенін неге жа­сырайын?! Жазушы атанып жүрген сауат­сыз адамдарды да көрдім. Дарынгерлігінен гөрі даукестігі басым бақабастыларды көр­дім. Алтыншы кластан ары қарай да­мы­май қалған «тасасқабақтарды» да көр­дім. Орыс, беларусь, қырғыз, өзбек тіл­де­рін­де шыққан көркем туындыларды өз қо­ра­сына сүйреп кіргізіп, аузы-мұрны қи­саймай, менікі деп көпшілік алдына шық­қан жиендер мен жиеншарларды көр­дім.
Жиеннің сыпайы аты – плагиат, жа­лаңаш есімі – ұрлық. Күндіз кісі үйін то­нап, түнде ресторанда сайран салатындар алаяқ­тар, бәрібір қолға түседі, ал біздің «шеберлер» он рет қолға түсіп, әшкереленсе де тоқтамайды екен. «Шындық, шындық деп, шам алып соңымa түсуді қоймасаңдар – Мемлекеттік сыйлық алам, ендіше!» деп едіреңдейтіндерін қайтерсің. Және де «сө­зінде тұрып», дәрежелі сыйлықты түрлі сұр­қия жолдармен қағып түсетінін қай­тер­сің!

3. Алу. Ала беру

Алуға әбден шебер екенбіз. Әбден төсе­ліп­піз. Жазушылар одағы «еңселі кеңсе» ата­лып тұрған кезде ол еңселі кеңсеге мү­ше болу көпшілікке арман еді. Түкірігі жер­ге түспей тұрған кеңсе ЕКІНШІ ЦК атан­ған кезі де болған. Бар тірлігін сая­сат­қа құрған үкімет өз беделін көтерудің ең ұтымды тәсілі де, ең ұтымды қаруы да көр­­­­­кемсөз екенін білетін. Көркемсөз құ­діре­тіне жүгініп, қарапайым деп аталатын миллиондардың миын теріс айналдырып жіберетін. Сондықтан да үгіт-насихаттың алмас қылышын ылғи жалаңаш ұстайтын. Сондықтан да «еңселі кеңсені» паналаған пы­сықтар жұрттың төбесіне шай қай­на­тып машықтанған. Пәтер алу, машина алу, кітап шығару, қалта толтыру, айналып кел­генде соның барлығы – бедел жинау, бе­дел қалтаға алтын болып құйылатын. Қой­нындағы алтын қоғам алдындағы бе­де­ліңді аспандатып өсіреді. Сондықтан да қалам ұстаған «ерекше дарын» «еңселі кең­сенің» бір бұрышынан болса да жайлы орын табуға барын салды.
Кейде, тіпті, не мал баға алмайтын, не арық қаза алмайтын, не аудан­дық газетте қызмет істеуге жарамайтын әл­декімдер ақкөңіл алқа – комиссия төра­ға­сының арқасында зиялы ғимараттың та­­балдырығынан аттап өтіп, төрге қарай оза беретін.
Есіктен сығалады дегенше, төрден та­бы­латын әдетіміз; беру деген түсініктен бе­зе қашып, алу деген сөзді аймалап ұстай­тын әдетіміз; енді қамтуға, қамтып қалуға кірісеміз. Машина аламыз, үй аламыз, сыйлық аламыз. Аламыз, аламыз, аламыз... Алу талантының шыңдалғаны сондай, қа­рай­ғанды қапы жібермейміз. Бәленшенің на­ғашысы билік басына келіпті деген қауе­сет естіген күннің ертесіне сол бәлен­шенің еңселі кеңсенің төрінде отырғанын бір-ақ көретін болдық.
Әшірбекке мен басу айттым: «Ол ке­шегі жалған саясат дәуірінде болған оқи­ғалар ғой. Енді егемендік алдық, өз ал­ды­мыз­ға ел болдық, енді әділдік орнайды. Сас­па!» – дегенім бар. Содан бері жеті-сегіз жыл өтіпті. Үш-төрт дүркін Мемлекеттік сый­лық беріліпті. Халық жазушысы, өнер қай­раткері деген тасқын тоқтамады. Бұрын­ғы заманның әділдігімен жылап кө­рісетін кезге келіппіз.
Осы жақында Әшірбек інім: «Аға, сол кез­дегі әңгімеңіз есіңізде ме?» деп бетіме сы­най қарайды. «Бұрын атып алатын едік, енді сатып алатын болдық, тіпті, жатып ала­тын заманға да келген сияқтымыз». Бұл сөз­дерді Әшірбек айтты ма, әлде Әкім айт­ты ма... Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің дегеннің кері, әйтеуір. Әлгі тех­никалық институтқа кездесуге барғанымда бір студент: «Осы, атақ, дәрежеге қалай қа­райсыз?» деген сұрақ қойды. Мен айт­тым:
– Атақ, дәреже дегеніміз мүгедек, ақсақ адам­ға берілетін балдақ сияқты. Неғұрлым та­ланты аз болса, солғұрлым қымбат бал­дақ іздейміз. Балдақтың күміс, алтын бол­ға­нын тілейміз. Сұраймыз. Сұраймыз. Сұрай­мыз.
Студенттер қол соқты. Өзім дудәмал ой­да кеттім, көңілім әлі де күпті.

4. Қазақ жалғызын қарғамайды

Сонымен, не болды, өзі? «Еңселі кең­се­нің» бетін аймандай қылдым. Демек, өзім­нің де бетімді аямағаным ғой. Тараймыз ба, қайта құрамыз ба? Осылар тарап кетсе екен, осы қызылкөздерден құтылсақ екен деп жүргендер аз емес. Солардың битін се­­мір­тіп, өз еркімізбен жығыла саламыз ба? Әдебиет, мәдениет деген түсініксіз құ­бы­жықтан қалай құтылуды білмей жүрген шенеунік қанша?!
Егемендік алған күннің ертесінде бас­тал­ған лаңды ұмыттық па? Алматының тө­рінде орналасқан «еңселі кеңсені» есек ар­басына өңгеріп алып кетпекші болған пы­сықтарды қайтеміз? Жазушылар ода­ғы­ның жаңа басшылары, жас басшылары жұ­мыс күнін сот мекемелерінің алдында өт­кізіп жүрген жоқ па? Балабақшаларды, пер­зертханаларды, мектептерді жеке мен­шігім деп жұтып, жалмап, егесі мен деп жүр­ген жебірлер күні кеше ғана Мұхтар Әуе­зовтің, Ғабит Мүсіреповтің табаны ти­ген киелі орданы ойрандап кетуге дайын­далып, осқырынып жүргені анау. Бюджет деп аталатын, ел ырысы деп аталатын биік астаудың маңайында шашылып-төгілген, аузы қисық бай балаларының жыртық ернінен түсіп қалған кәшекке де ие бола ал­май, шығармашылық одақтардың бас­шы­лары сенделіп жүр...
Кешегі зиялы қауым қоңыз теріп кет­кен жоқ па? Талай-талай белгілі жазу­шылар базар жағалап жүргенін көр­дім. Талай-талай жеңгелерім мен келін­де­рім шекілдеуік сатуға мәжбүр. Тіпті, атағы жер жарған ағаларымыздың бірі қыз-ке­лін­шектердің қолтығы иістеніп кетпесін деп, дезодорант САТЫП жүр екен! Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов сабын сатып жүр екен десе, бүкіл қазақ намыстан өліп ке­тер еді ғой!
Қиналасың, түңілесің. Бірақ Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын қызығы мол шағын ауылда қалған жастық шағым бар еді, сол жастық шағымды сағынамын. Сол ауылда бірге өскен тентегім мен телім бар еді, соларды сағынам. Анда–санда бас қос­қанда шұрқырқасып табысатын құр­дастарым бар еді, жорта болса да, басымды иіп, ұзақ-ұзақ ақылын тыңдайтын аға­ларым бар еді, соларды сағынамын.
Сондай бір сәттерде ойлаймын: ЕҢСЕЛІ бол­маса болмай–ақ қойсын, ендігі жерде ЕҢСЕЛІ КЕҢСЕДЕН, КИЕЛІ КҮРКЕМ артық шығар! – деп.
Ал алты жүзге жеттік пе, алтау болып қал­дық па, ол басқа әңгіме. Жаман болса, бір жазушының өзі – КӨП! Жақсы болса, жүз жазушы да – АЗ!
Иә, айтпақшы, ұлылар мен ұрылар кім де­сек, оған да жауап – анық. Ұлы жазушы де­ген болмайды. Жазушыларды саты–са­ты­ға бөліп, «звания» берген тоталитарлық за­ман құрдымға кетті. Ендеше, «Ұлы жазу­шы» дегеніміз – шын жазушы. «Халтур­паз­дың» жегені желім, ішкені – ірің болады әлі-ақ.
Мәреге жетпей жығылған жүйрікке бәй­ге жоқ. Мәре дегеніміз – өмірдің ұзақ­тығы емес, таланттың тереңдігі. Талант те­реңдігі дегенім – төмен қарай кететін те­рең­дік емес. Көкке қарай өрлеген шыр­қау шыңырау! Орысша айтқанда – Глу­бокая Высота.
Құлдырағанымызды да, зымыра­ғанымызды да Еңселі кеңсемен емес, КИЕ­ЛІ КҮРКЕМДЕН анықтайық. Ендігі жерде КИЕЛІ КҮРКЕ есігін қағынып ашпай, табы­нып ашатын болайық.

Кірпішбайдың күні өтті ме?

Мен бір әңгіме жазғым келді: тұтас бір дәуірдің символдық белгісі болғандай, отқа салсаң күймейтін, суға салсаң батпайтын, жаны сірі Кірпішбай (менің Кірпішпайым!) тарих сахнасынан кетті. «Қайта түлеген» мына қоғамда, кең ты­нысты «жаңа заманда» ол тәрізді күн­бағарға орын жоқ. Сабағында тұрып суал­ған күнбағар өзінен-өзі қуарып, өзінен-өзі шіріп түсіп қалды. Мен солай тілеймін! Солай боларына күмәнім де жоқ. Жоқ еді. Ен­дігі жерде шаруашылық басына, меке­мелер басына ылғи да іскер жігіттер келеді, формализм, әліптің артын күтушілік, сақ­тық, жігерсіздік дегендердің тамырына бал­та шабылады деп білдім ғой мен. Әлі де «деп білемін». Себебі...
Себебі өз бетімен мәселе шешпейтін, өз бейнесі жоқ, санадан, даналықтан жұр­дай жандар, бар ақыл-білігін қулық-сұм­дық, аяр-айланың иірім-жықпылына ар­наған жандар өмірдің өзінен аяусыз соққы алды емес пе! Енді құрығаны құрып, түзе­ле­тіні түзеліп кез келді емес пе!
Менің Кірпішпайым үндемей жүріп, тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жү­­ре­­сің деп миығынан күліп жүріп, ақы­мақ­­тар көзге түсіп даурыға берсін, біз осы­­лай құйрығымызды қысып жүріп-ақ та­­лай жерге жетеміз деп жүріп, талай жерге жет­кен. 1972 жылы қойылған «Жолы бол­ғыш жігіт» деген пьесамда ол шіркін об­­­­­лыс­тық деңгейдегі мықтылардың бірі бо­лып көрінген жоқ па еді? Көрінген. Оқтау жұтқандай тіп-тік кекірейіп, аузына су тол­тырып алғандай тек қана бас шұлғып, тіс жармай, сыр бермей, көмекшісінің жа­зып берген баяндамасын мұқият та сауат­ты оқып берумен-ақ ол мерез талай биікке көтерілгенін де көріп жүргенмін.
Менің Кірпішпайым – құл, сана құлы. Өзді­гінен ештеңе шешпейді, жылт еткен ойы болса, өз миының терең қапасына жа­­­­­сырып, өз «қолымен» тұншықтырып өл­тіріп тастайды. Өз бетімен ойлана біле­тін адамның өспейтінін ол әбден ұғып, бі­ліп алған.
Құлдықтың ең жиіркенішті түрі – сана құл­дығы, ой құлдығы. Сыртынан қарасаң Кір­пекең жып-жылмағай, үстінен бит тайып жығылғандай, киімінен бір қылау тап­пайсың, самайына ақ кірген, ептеп қана том­пиған қозы қарны бар, бірақ тұтас бей­несі баяғы сол, «ақшамды кассаға сал­дым, машина ұтып алдым!» деп өз есебі өзін­де, бар шаруасын тындырып алып, іш­тей күліп тұрған арамза жігіттің, бүгін­дері жігіт емес-ау, егде тартқан еңбек торы­ның жинақталған кейпі.
Менің Кірпішпайымның және бір ерекше қасиеті – ол жарықтық ешқашан заман ағымынан қалып көрген емес, жас кезінде: «жүгері, ойбай, жүгері!» деп жүгірді, одан кейін: «химия, ойбай, химия!» деп аласұрды, бертін келе : «жоспар, ойбай, жоспар!» деп аттан салды; кеше ғана өткен бір үлкен жиында Кірпішпайды сыртынан көріп қалдым, сәлемдесуге жанына жа­қын­дай беріп едім, байқамаған сыңай танытып тап қасымнан кекірейіп өтіп кетті. Бұнысы несі деп танырқағам да қойғам, сөйтсем, таңырқаудың «көкесі» алда екен, әлгі бедел­ді жиында сөйлеушілердің бірі менің Кір­пішпайым болып шыққанда өз құла­ғы­ма өзім сенбедім. Ал сол Кірпекең өз 
сөзін:
– Қайта құру дәуірін көптен бері ар­ман­дай күткендердің бірі мен едім! – деп бас­тағанда миым шайқалып кете жаздады. Ол солай деп қана қоймайды: – Қайта құру­­ды әрқайсымыз өзімізден бастауымыз қа­жет! – деді! – Қатып-семіп қалған ескі са­на-түсініктермен аянбай күресуіміз керек! – деді.