ШҚО мен Қытай арасында ынтымақтастық күшеймек

Бүгін, 14:00 / Túrkistan Gazeti

Шығыс Қазақстан облысының делегациясы 2-3 сәуірде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарымен барды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бастаған құрамда бизнес өкілдері, туризм саласының мамандары және өңір әкімдігінің қызметкерлері, жалпы саны 30-ға жуық адам бар. Олар электр энергетикасы, өндіріс және туристік бағдарламаларды дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды талқылап, нақты ұсыныстарды қарастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сапар аясында Шыңжаң-Ұйғыр авто­но­миялық ауданының орталығы Үрімші қа­ласында B2B форматындағы кездесулер, өн­дірістік нысандарға бару және форум шең­беріндегі пікір алмасу ұйымдас­тырыл­ды. Бұл екі өңір арасында ашық диалог ор­­натып, ынтымақтастықтың жаңа мүм­кін­­­­діктерін айқындауға жол ашпақ.
ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов аймақтың туризм сала­сын­дағы әлеуеті зор екеніне тоқталып, ар­­найы баяндама жасады.

– Облысымызда туристерді орна­лас­тыру­ға арналған 405 нысан бар. Жыл сайын бізге келетін туристер саны артып ке­леді. Мәселен, өткен жылғы туристер са­ны 800 мыңнан асқан. Қазір Президент тапсырмасымен Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлардың құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Қытайлық әуе ком­па­ния­лар бұл әуежайларға тікелей рейстер аша­ды деген үміттеміз, – деді басқарма басшы­сы.


Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауда­ны­ның мәдениет және туризм басқармасы бас­шысының орынбасары Чжан Лиин өз сө­зінде өңірге былтыр 323 млн-нан астам ту­рист келгенін, бұл көрсеткіштің алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 8,03 пайызға арт­қа­нын жеткізді.


– Бізде әр санаттағы 18 мың туристік ны­сан бар. Осындай кездесулер өзара әріп­тес­тікті нығайта түсуге жол ашады. Шығыс Қа­зақстанмен мәдениет және туризм ба­ғыт­тарында бірлескен жұмысты күшейтуге мүд­деліміз, – деді ол. 


Ал ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанын­дағы туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Ра­­мазанов өлкенің туристік әлеуетін та­ныс­ты­рып, саланы дамытудың негізгі ба­ғыт­та­ры, бірегей табиғи нысандар мен ту­рис­терді тарту мүмкіндіктері туралы жан-жақты баян­дады.


Өз сөзінде ол Шығыс Қазақстан облы­сы­ның тамаша табиғаты туризмді дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қа­тар қазіргі туристік қызметтің жай-күйі­не, саланың даму қарқынына тоқталды.
Спикер алдағы кезеңдегі туризмді да­мыту перспективаларын айқындап, өңірдің ту­ристік тартымдылығын арттыруға ба­ғыт­­талған нақты жоспарлар мен бастама­лар­ды атап өтті.
Содан соң Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ау­даны арасында өзара түсіністік пен ын­ты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойыл­ды. Құжат ШҚО-ға инвестиция тар­ту, туристер ағынын арттыру және туризм­ді дамытуға бағытталған бірнеше жобаларды қамтиды.
Қол қою рәсіміне қазақстандық деле­гация атынан Кәсіпкерлер палатасы жа­нын­дағы туризм кеңесінің төрағасы С.Ра­мазанов, «Пасека» шаруа қожалығының бас­шысы В.Қасымбаев және басқа да өкіл­дер қатысты.
Іссапар бағдарламасы бұдан әрі Үрімші жылу энергетикалық компаниясында жал­ғасты. ШҚО әкімінің орынбасары Бақыт­жан Байахметовке кәсіпорынның техни­ка­лық мүмкіндіктері таныстырылды. «Шы­ғыс Жылу» АҚ басшысы Ренат Ораз­баев­тың айтуынша, Үрімші энер­ге­тик­тері­нің тәжірибесі шығысқазақстандық маман­дар үшін пайдалы әрі маңызды.

– Мені қала бойынша тұрғын үйлердің шатырларына орнатылған, пәтер ішіндегі температураны онлайн режимде тұрақты түрде өлшейтін датчиктер таңғалдырды. Бар­лық ақпарат бірыңғай базаға түседі, ал ауа температурасы белгіленген нормадан ауыт­қыған жағдайда, колл-орталық маман­дары ақауды жою үшін арнайы топ жібере­ді, – деді «Шығыс Жылу» АҚ бас дирек-торы.


Бұдан кейін екі өңірдің инвестициялық әлеуе­тінің таныстырылымы өтті. Әуелі ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байах­метов пен ШҰАА Халық Үкіметі хат­шылығы басшысының орынбасары Чжоу Чао өз сөздерімен іс-шараның шымылды­ғын ашып, ізгі лебіздерімен бөлісті. Ары қарай екі тараптың өкілдері баяндамалар жа­сап, түрлі салалардағы көрсеткіштерді, ал­дағы жоспарларды сөз етті. 
Іс-шара соңында олар B2B форматында ке­ліссөздер жүргізіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын талқылады.

Тэгтер:

Қытай ШҚО ынтымақтастық