Жақсылық Омарға үкім шықты

Бүгін, 12:30 / Алуа Арман
gov.kz

Өскемен қаласының №2 соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім шығарды. Іс қысқартылған тәртіпте қаралып, айыптау үкімімен аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, шенеунік алаяқтық және пара алу бойынша айыпталған. Соңғы сот отырысында сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ Toyota автокөлігін тәркілеу туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынды.

Еске салайық, шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат 2026 жылдың ақпан айында тараған болатын. Сол кезде ШҚО әкімдігі аталған лауазымды тұлғаға қатысты ешқандай мәлімет жоқ екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, Жақсылық Омар мемлекеттік басқару және экономика саласы бойынша арнайы білімге ие. Әр жылдары ол мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда түрлі қызметтер атқарған, оның ішінде министрліктерде жұмыс істеп, өңірлік құрылымдарды басқарған. 2018–2024 жылдары Өскемен қаласының әкімі болды, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі және бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Тэгтер:

Пара алу алаяқтық Өскемен үкім әкім орынбасары Жақсылық Омар