Алматыда Қазақстан тарихындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі Халықаралық әуежайды жаңғырту жүзеге асырылып жатыр. Horizon жобасы әуе айлағын өңірдің негізгі авиациялық хабына айналдыруға бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы халықаралық әуежайын ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2050 жылға дейін жоспарланған Horizon жобасы аясында терминалдар заманауи талаптарға сай жаңартылып, жолаушыларға қызмет көрсету мүмкіндігі арттырылады. Сонымен қатар, жаңа сервистер енгізіліп, әуежайдың келбеті түбегейлі өзгереді. Жобаның бірінші кезеңі 2028 жылға дейін аяқталмақ.
НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР:
Ішкі рейстер терминалы: жолаушылар
қабылдау саны жылына 3 млн-нан 7 млн дейін артады. Қайта жаңғырту 2026 жылдың шілдесіне дейін аяқталады.
Автотұрақ: жаңа көпдеңгейлі кешен салынып жатыр. Жалпы сыйымдылығы 2275 орынға дейін ұлғаяды.
Инфрақұрылым: жүк сұрыптау өңдеу жүйесінің қуаты екі есеге артады, ұшақтардың жүруіне арналған жолақтар жаңартылып, мұзға қарсы өңдеу алаңы салынуда.
Сервис: 2027-2028 жылдары транзиттік жолаушылар мен экипаждарға арналған қонақ үй кешені салынады.