Алматыда 5 жастағы бала сүндетке отырғаннан кейін ауыр жағдайда ауруханаға түсті

2 сәуір, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Алматыда бес жастағы бала жеке клиникада жасалған сүндетке отырғызудан кейін ауыр асқынулармен ауруханаға жеткізілді, деп turkystan.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Отбасының айтуынша, операциядан кейін баланың тіндері некрозға ұшырап, денсаулығында күрделі мәселелер пайда болған. Қазір дәрігерлер оған шұғыл түрде көмек көрсетіп жатыр.

Баланың әкесі Дастан Бейсеновтің сөзінше, процедура маскалық наркозбен жылдам өтуі тиіс болған. Бұл әдіс баланың аутизміне байланысты таңдалған, себебі ол көктамыр арқылы жасалатын инъекцияларды ауыр қабылдайды.

Алайда, оның айтуынша, операциядан кейін бірден күмәнді белгілер байқалған. 

"Бірнеше күннен кейін баланың жағдайы күрт нашарлады. Үшінші күні жыныс мүшесінің басы қарайып кетті", – дейді әкесі.

Дәрігерлер баланы шұғыл түрде ауруханаға жатқызып, тіндердің некрозын анықтаған. Қазіргі таңда балаға ота жасалғанымен, оның жағдайы алаңдатарлық. Туыстарының айтуынша, бала қалыпты түрде дәретке бара алмай отыр.

Оқиғаға байланысты отбасы операция жасаған хирургты жауапкершілікке тартуды талап етіп, тиісті органдарға шағымданған. Алайда олардың айтуынша, тексеріс ұзақ уақыт бойы басталмай, бұл аралықта клиника жабылып қалған.

Ал операция жасаған хирург өз кінәсін мойындамай, асқынулар кейін пайда болуы мүмкін екенін алға тартты. Оның сөзінше, егер қателік операция кезінде кеткен болса, белгілер бірден байқалар еді.

Тэгтер:

Бала Алматы сүндетке отырғызу