Азия чемпионаты: Айбек Оралбай ширек финалда этникалық қазақ боксшысымен кездеседі

Бүгін, 20:00 / Жамбыл Жайлау
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі. Суретте: Айбек Оралбай

Ұланбатырда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында аса ауыр салмақта (+90 кг) ел намысын қорғап жүрген Айбек Оралбайдың ширек финалдағы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келесі кезеңге жолдаманы екі қандас – моңғолиялық Бекнұр Қали мен өзбекстандық Арман Маханов сарапқа салды. Жекпе-жекте Маханов басымдық танытып, алғашқы раундтардан бастап қарқынын жоғары деңгейде ұстай білді.

Ол қарсыласын толық бақылауда ұстап, үшінші раундта нокдаунға жіберді. Осыдан кейін төреші кездесуді тоқтатып, техникалық нокаут тіркелді.

Нәтижесінде Арман Маханов турнирдегі жорығын жалғастырып, ширек финалда Айбек Оралбаймен кездесетін болды. Бұл жекпе-жек жарыстың ең тартысты айқастарының бірі болмақ.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық боксшы Ерасыл Жақпековтің де қарсыласы белгілі болды. Ол жартылай финал жолдамасын 4 сәуір күні сарапқа салады.

Тэгтер:

бокс Өзбекстан Азия чемпионаты Айбек Оралбай