Саңырауқұлақтар “сөйлесе” алады: ғалымдар ақпарат алмасу механизмін анықтады

Бүгін, 19:02 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жапониядағы Тохоку университеті ғалымдары саңырауқұлақтардың бір-бірімен ақпарат алмаса алатынын дәлелдейтін жаңа деректер ұсынды. Зерттеу нәтижелері Scientific Reports ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, жер бетінде көрінетін саңырауқұлақ қалпағы – оның тек бір бөлігі ғана. Негізгі құрылымы жер астында орналасқан мицелий желісі арқылы байланысқан. Дәл осы желі арқылы саңырауқұлақтар арасында «ақпарат» таралады.

Зерттеу барысында мамандар ормандағы 5×5 метр аумақта орналасқан 37 саңырауқұлаққа электродтар орнатып, үш минут бойы әр секунд сайын электр сигналдарын тіркеген. Нәтижесінде саңырауқұлақтардың белгілі бір жағдайларға байланысты өзара байланыс деңгейін өзгерте алатыны анықталған.

Экспериментте Hebeloma тектес саңырауқұлақтар зерттелді. Олар топырақтағы аммиак деңгейі артқанда белсенді болатыны белгілі. Осыған байланысты ғалымдар топыраққа су мен зәр енгізіп, олардың әсерін салыстырған.

Нәтижелер қызық болды: бір саңырауқұлақтың айналасына су құйылғанда, ақпарат алмасу күшейген; ал зәр енгізілген күндері, керісінше, байланыс әлсіреген; егер су барлық аумаққа бірдей құйылса, ақпарат алмасу қайта төмендеген.

Ғалымдар мұны былай түсіндіреді: егер желідегі барлық саңырауқұлақ «бірдей ақпаратқа ие» болса, онда қосымша сигнал жіберудің қажеті жоқ.

Зерттеу нәтижелері саңырауқұлақтардың сыртқы ортаға бейімделіп, электр сигналдары арқылы ақпарат алмасу ағынын реттей алатынын көрсетті. Бұл жаңалық болашақта табиғаттағы «жасырын байланыс жүйелерін» тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Тэгтер:

ақпарат саңырауқұлақ