Жамбыл облысының Шу аудандық соты сот актісін орындамағаны үшін Шу қаласының тұрғынына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол 2021 жылғы сот бұйрығы негізінде табыстың барлық түрінің 1/3 бөлігін кәмелетке толмаған 2 баланы асырап-бағуға алимент ретінде төлеуге міндетті болған. Алайда ол ұзақ уақыт бойы өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамай, 170 мың теңге көлемінде ішінара ғана төлем жасаған.
Нәтижесінде 2023 жылғы наурыздан 2025 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде алимент бойынша 1,4 млн теңге мөлшерінде қарыз жиналған.
Құқық бұзушы өзінің кінәсін толық мойындап, өзінің міндеттемелерін ішінара орындағанын және қарызды өтеуге ниетті екенін түсіндірді.
Сот кінәні мойындауын, өкініш білдіруін, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, 3 кәмелетке толмаған балаларының болуын және қарызды ішінара өтеуін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Сот қаулысымен ол ӘҚБтК 669-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза тағайындалды. Жазаны орындау жергілікті атқарушы органға жүктелді.
Қаулы заңды күшіне енді.