Қарағанды облысында мұғалімдер арасында ең көп кітап оқитын аудандар мен қалалар анықталды

Бүгін, 17:39 / Інжу Әлихан

1 сәуірде Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасының іріктеу кезеңі басталды. Алғашқылардың бірі болып ұстаз аталымының қатысушылары бақ сынады. Облыстың 13 өңірінен жиналған 4 500-ден астам мұғалім мектепішілік іріктеуден өтіп, зияткерлік әлеуеттерін танытты. Соның ішінде оза шапқан жүйріктер де бар. Атап айтқанда Қарағанды, Теміртау қалаларының және Бұқар жырау мен Ақтоғай аудандарының ұстаздары жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сонымен қатар, Қарағанды облысының бірқатар білім ордалары айрықша нәтижелерімен ерекшеленіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, облыстық Білім-инновациялық лицейінінің ұстаздары мен №19 мектептің мұғалімдері 45 сұраққа толық жауап беріп, топ жарды. Демек, тереңнен телміріп білім іздеген ұстаздарымыз байқауға жүйелі түрде дайындалған.

Педагог санатына жауапты менеджер Мөлдір Әлжанова жоба облыс бойынша барлық мектептерді қамтығанын айтты.

–  Кітап оқу марафонына қатысқан сайыскердің басты мұраты – өздерінің рухани қазынасын еселеу, таным көкжиегін кеңейту, ішкі мәдениетін қалыптастыру. Кітап оқу – олардың өмірлік дағдысы. Жобада Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы», Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім» секілді мұғалімге қажет кітаптар бар. Ұстаз – саналы ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын тұлға. Сол себепті, педагогтердің жобаға белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады, – деді ол.

Қарағанды облысында алғаш рет пилоттық форматта іске қосылған «Кітап оқитын ұлт» жобасы оқу мәдениетін дамытуды, қатысушылардың ойлау жүйесін, дүниетанымын, адами құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыруды көздейді. 

Бүгінде адами капиталды дамыту – елдің тұрақты ілгерілеуінің басты факторы. Бұл үрдіс білім беру мен өзін-өзі дамытудың жаңа жолдарын қарастыруды талап етеді. Мұндай жағдайда ақпаратқа қол жеткізу жеткіліксіз – бастысы оны саралап, талдап, өмірде қолдана білу қажет. Дәл осы дағдылар педагог санаты бойынша қатысқан сайыскеріміз Бекзат Алтынбектің бойында қалыптасқан.

– Жоба аясында бекітілген он бес кітаптың тізімінде Хәкім Абайдың даналығы, Шәкәрімнің философиялық трактаттары, классиктеріміз Сәбит Мұқанов пен Бердібек Соқпақбаевтың шебер сомдалған кейіпкерлері қамтылған. Одан әрі тарихи шығармалар жалғасады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы ғылыми-танымдық, психология және педагогика саласындағы әдебиеттер де бар. Осы кітаптардың барлығын қайта қарап, бұрын оқығандарымызды жаңғыртып, шетел әдебиеттерімен де жаңадан таныстық. Жалпы, бұл тізімдегі әдебиеттердің стильдік, жанрлық, бағыттық ерекшеліктері әртүрлі, сан алуан. «Кітап оқитын педагог» санатына бекітілген туындылар жақсы таңдалған деп ойлаймын, - деді Бекзат Алтынбек.

Осы бастамаға Қарағанды облысы бойынша жауапты Жобалық кеңсе жетекшісі Дана Бахтығалиева Арқа жұртшылығының кітапқа деген айрықша ықыласын атап өтті.

– 6 айдың ішінде аудандарды, шалғай ауылдарды аралап, қатысушылармен кездестік. Жергілікті халық бұл бастаманы іліп алып, тың идеяларымен түрлендірді. Жоба аясында сан-алуан шаралар ұйымдастырылды. Жергілікті кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетіп, қатысушыларды қажетті кітаптармен қамтамасыз етті. Осылайша жоба жүйелі дамып, жаңа кезеңге шықты. Демек, бәсі биік бәйгенің арқасында елімізде кітапқұмар, саналы, парасат-пайымы жоғары орта қалыптаса бастады. Ал бұл, өз кезегінде, еліміздің қарқынды дамуына ықпал ететін алғышарттардың бірі, – деді Дана Серікбайқызы.

Жалпы Қарағанды обылсыныан «Кітап оқитын ұлт» жобасына 67 мыңнан астам адам қатысуда. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, ұстаздар, отбасылар және мемелекеттік қызметшілер бар. Байқаудың финалдық кезеңдері Ұлттық кітап күні қарсаңында өтеді.

Жоба «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қарағанды обылысының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.