Ата кәсіпті жалғастырып, төрт түлік мал бағып, егін егіп, нәсібін тауып отырған ауылдағы шаруаларға көп көмегін тигізген жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» партиялық жобасы. Осы жобаның игілігін көрген фермердің бірі – «Спутник» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі Руслан Бижанов. Ол – Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Кемпірсай ауылдық округіне қарасты Жосалы ауылының тұрғыны. Turkystan.kz сайтының тілшісі фермердің өзімен аз-кем тілдесіп, әңгімеге тартқан еді.
«Туып-өскен жерім – Жосалы. Осында 11 жылдық мектепті аяқтаған соң Ақтөбедегі экономикалық колледжге түстім. Оны тәмамдаған соң ауылға келіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, азық-түлік сататын дүкен аштым. Ол дүкен әлі бар. Қазір жұмысын келіншегім жүргізеді. Содан кейін жайлап ауыл шаруашылығына ауыстым. Мал жинадық. Ауылда тұрған соң қалай мал ұстамайсың? Алдымен бір бас сатып салдық, сосын екеу, сөйтіп көбейді. Қазір 150 сиыр, 30 жылқы, 200 қой бар. Мал басын өз қаражатыммен көбейттім. Жаңа техника алу үшін субсидия алдық. Екі жаңа трактор бар. Былтыр жаңа комбайн алдық. 2022 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 18 млн теңге несие алып, 300 шаршы метр жылыжай салдық. Онда қияр өсіріп, ауыл-ауданға сатамыз. Қиярды жылына екі рет егеміз», – дейді ол.
Бұл оның «Ауыл аманаты» бойынша алған жалғыз несиесі емес.
«2025 жылы тағы сол «Ауыл аманатымен» 31 млн теңге алып, әрқайсы 350 шаршы метр болатын екі база салдық. Біреуінде бұқаларды ұстап, мал бордақылаймыз. Екіншісінде бұзаулайтын, сауылатын ұрғашы мал ұсталады. Ол – сүт базасы. Осы екі базаны малға толтырған соң, болашақта үшінші-төртінші базаны салу жоспарымда бар. Жылқы далада. Ол екі базадан бөлек қой базасы бар», – дейді ол.
Ол «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Кемпірсайда пайдаланылмай, мемлекетке қайтарылған 1 370 га ауыл шаруашылық жер учаскесін де алған.
«Ауыл аманаты» бойынша конкурс арқылы былтыр 1 370 гектар жайылымдық жер алдым. Қазір жайылымдық, шабындық, егіндік жерді қосқанда 4700 гектар жер бар. Болашақта мал көбейтсем деген жоспарым бар. Келесі жылы тағы несие алып, 400 басқа арналған сүт-тауар фермасын салуға ниеттімін. Биыл 700 гектар жерге арпа еккелі отырмыз. Алдымен өз малыма керекті жем-шөпті қамдаймыз, жұмысшыларға береміз, содан артылғанын сатамыз. Қияр, ет, шөп сатып, несие төлейміз. Жұмысшылардың жалақысы мен салық бар. Шаруашылықта қыста 6 адам жұмыс істейді. Жазда жұмысшы саны көбейеді. Бәрін өзім басқарамын. Жылыжайға бір адам, малға бір адам, техника жағына бір адам бекітіп қойғанмын», – дейді ол.