Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Бозша ауылы "Ішімдіксіз ауыл" бастамасын қолдап, өңірде алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартқан 26-шы елді мекенге айналды. Бұл игі қадам ауыл тұрғындарының бірауыздан қолдауына ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шығыс Қазақстан облысында құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған "Ішімдіксіз ауыл" бастамасы жүйелі түрде жалғасып келеді.
Аталған бастаманы бұл жолы Тарбағатай ауданына қарасты Маңырақ ауылдық округінің Бозша ауылы қолдады. Осылайша өңірде алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартқан елді мекендер саны 26-ға жетті.
Игі істің бастамашысы — ауыл жастары. Олар бұл ұсынысты ауыл ақсақалдары мен қарияларына жеткізіп, нәтижесінде тұрғындар бұл шешімді бірауыздан қолдады.
Бозша ауылында 154 тұрғын бар, шамамен 60 үй орналасқан. Елді мекен белсенді жастарымен және спортқа бейім ұрпағымен ерекшеленеді. Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, салауатты өмір салты ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Мамандардың айтуынша, алкоголь өнімдерін сатуға шектеу енгізілген елді мекендерде құқық бұзушылық деңгейі, әсіресе мас күйінде жасалатын қылмыстар айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ бұзақылық деректерінің азайғаны байқалады.
Айта кету керек, 2025 жылы өңірде 21 «ішімдіксіз ауыл» болса, биыл олардың саны 26-ға жетіп отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық кеңестер және полиция қызметкерлерінің бірлескен қолдауымен жүзеге асырылып, алдағы уақытта да жалғасын табады.