ҚР ІІМ Ұлттық ұланында «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында сержанттық құраммен оқу-әдістемелік жиындар өтті. Іс-шаралар бағынысты құраммен жұмыстың тиімділігін арттыруға және тәрбие қызметін жетілдіруге бағытталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бастапқы даярлық курстары Ұлттық ұлан Академиясының базасында онлайн форматта ұйымдастырылды. Бұл сержанттарға қызметтік-жауынгерлік міндеттерден қол үзбей, еліміздің барлық өңірінен білім алуға және Бас қолбасшылық пен профессорлық-оқытушылық құраммен тұрақты байланыста болуға мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, оқудан 600-ге жуық әскери қызметші өтті. Бағдарлама құқық, педагогика және психология негіздерін қамтитын 20 дәрістен тұрды. Курстар аясында қатысушылардың дайындық деңгейі мен оқу тиімділігін бағалау үшін кіріс және қорытынды тестілеу жүргізілді.
Астана гарнизонының әскери қызметшілеріне сертификаттарды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков табыстады.
– Ұлттық ұлан сержанты — тек командир ғана емес, сонымен қатар сарбаздың жағдайын дер кезінде байқап, оған қолдау көрсете алатын психолог. Бүгін алған сертификаттарыңыз бағдарламаны сәтті меңгергендеріңізді және жаңа тәрбие әдістерін күнделікті қызметте қолдануға дайын екендеріңізді дәлелдейді. Алған білімдеріңіз әскери тәртіпті нығайтуға берік негіз болады, – деп атап өтті Бас қолбасшы.
Жиын барысында тәрбие жұмысына, жеке құраммен өзара іс-қимылдың психологиялық қырларына және құқықтық сауаттылыққа ерекше назар аударылды. Қатысушыларға қылмыстық және әкімшілік заңнаманың негізгі нормалары, әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жүргізу тәртібі, сондай-ақ патриотизмді қалыптастыру мен әскери тәртіпті нығайтудың заманауи тәсілдері түсіндірілді.
Сонымен қатар сержанттар тәжірибе алмасып, идеологиялық жұмыс жүргізу әдістері мен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Мұндай жиындарды өткізу сержанттық құрамның кәсіби деңгейін арттыруға және құқықтық тәртіп әскерлері бөлімшелерінің моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға ықпал етеді.