Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында Qazaq Oil-R437 жанармай құю бекетінің аумағында ауыр өндірістік оқиға болды. Металл бөшкенің жарылуы салдарынан жалдамалы жұмысшы әртүрлі деңгейдегі термиялық күйік алып, ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, көлемі 200 литрлік бөшке жарылып, ер адам беті мен денесінің жоғарғы бөлігін күйдіріп алған. Қазір ол ұзақ мерзімді ем қабылдап, оңалтудан өтуде. Жәбірленушінің туыстары оқиғаға өндірістік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болуы мүмкін деп есептеп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
Оқиға 10 наурызда болған. Өңірдің төтенше жағдайлар департаментінде бұл оқиға бойынша шақырту түспегені, сондықтан оқиға орнына шығу жүзеге асырылмағаны хабарланды. Сондай-ақ өрт болмағаны, ал анықтау қызметкерлері полиция желісі арқылы медициналық мекемеге барғаны нақтыланды.
Оқиғаға қатысты толық ақпаратты Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті ұсынды. Ведомствоның мәліметінше, оқиға материалдары оларға тек 23 наурызда аудандық полиция бөлімінен түскен. Осыдан кейін барлық мән-жайды анықтау үшін тексеру басталған. Анықталғандай, 10 наурыз күні жанармай бекеті аумағында жұмыс барысында металл бөшке жарылып, азамат түрлі деңгейдегі күйік алған.
«Материалдар түскеннен кейін департамент тарапынан дереу тексеру жұмыстары басталды. Ықтимал жұмыс берушілермен байланыс орнатылып, түсініктеме беру үшін шақырылды. Менеджердің айтуынша, зардап шеккен ер адам бір реттік жұмыстарға тартылған, онымен еңбек шарты жасалмаған, жұмыс кестесіне бағынбаған және шақырту бойынша ғана жұмыс істеген. Сондай-ақ бұрыштық тегістегіш құралмен жұмыс істеу оған тапсырылмаған», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Алматы қаласында тіркелген «Байлы Транс» ЖШС директорының сөзінше, компанияның бұл азаматпен еңбек қатынастары болмаған және оқиға туралы кейін білген. Осыған байланысты жұмыс беруші өндірістік жазатайым оқиға туралы хабарлама жіберуден бас тартқан.
Еңбек кодексінің 186-бабына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар тек еңбек шарты болған жағдайда ғана тексеріледі.
Қазіргі уақытта департамент оқиғаның барлық мән-жайын, оның ішінде жасырын еңбек қатынастарының бар-жоғын анықтау бойынша қосымша тексеру жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
Сондай-ақ «Байлы Транс» ЖШС-нің заңды мекенжайы Алматыда тіркелгендіктен, жәбірленушінің өтініші құзыретіне сәйкес Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне жолданды.