Ғалымдар есте сақтау қабілеті мен ми қызметін жақсартудың тосын тәсілін атады, ол – ішек микрофлорасын қалыпқа келтіру. Зерттеулер көрсеткендей, «ішек – ми» осі нейромедиаторлар мен май қышқылдары арқылы жұмыс істеп, адамның есте сақтау қабілеті мен көңіл күйіне тікелей әсер етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Халықаралық ғалымдар тобы жүргізген 15 клиникалық зерттеуге 4 275 адам қатысқан. Нәтижесінде ішек микробиотасын мақсатты түрде өзгерту когнитивтік функцияларды – жадыны, ойлау жылдамдығын және жалпы ми жұмысын жақсартатыны анықталды.
Зерттеу барысында бірнеше әдіс қарастырылды. Атап айтқанда, Жерорта теңізі диетасы сияқты өсімдікке бай және пайдалы майларды қамтитын тамақтану үлгілері, көмірсуы аз кетогендік диета, сондай-ақ пробиотиктер мен омега-3 секілді қоспалар қолданылған. Ең радикалды тәсіл ретінде фекальды микробиота трансплантациясы да зерттелді.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай шаралар ішектегі пайдалы бактериялардың санын арттырып, қысқа тізбекті май қышқылдарының түзілуін көбейтеді және мидағы қабыну процестерін азайтады. Бұл өз кезегінде когнитивтік қабілеттердің жақсаруына ықпал етеді.
Дегенмен, сарапшылар мұндай әдістердің тиімділігі аурудың бастапқы кезеңінде жоғары екенін атап өтті. Ал Альцгеймер ауруы асқынған жағдайда әсері шектеулі болады.
Зерттеу авторларының пікірінше, ішек денсаулығына ерте көңіл бөлу қартаюмен байланысты ми қызметінің әлсіреуін баяулатудың және нейродегенеративті аурулардың алдын алудың маңызды жолы.