Нейробиолог жолы болғыш адамдардың құпиясын түсіндірді

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жапония нейробиологы Нобуко Накано сәттілік кездейсоқтыққа емес, адамның миындағы биохимиялық процестер мен мінез-құлық әдеттеріне тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Сарапшының айтуынша, жолы болғыштық кез келген адам дамыта алатын қабілет, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеулерге сәйкес, адамның мүмкіндіктерді көруі мен бағалауы префронтальды қыртыстың жұмысына тәуелді. Мысалы, «маған жолым болады» деген қарапайым сенімнің өзі миды қауіп іздеу режимінен мүмкіндіктерді тану режиміне ауыстыра алады.

Сәттілікке әсер ететін негізгі факторлардың бірі – серотонин деңгейі. Ол дұрыс күн тәртібімен тығыз байланысты: таңғы күн сәулесі, сапалы ұйқы және құрамында триптофан бар тағамдар (балық, жұмыртқа) адамның психологиялық тұрақтылығын арттырады. Керісінше, ұйқының жетіспеуі кортизол деңгейін көтеріп, адамның назарын тек негативке шоғырландырады.

Ғалым сондай-ақ шынайы қызығушылықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, табысты адамдар өз қалауын нақты түсініп, соған сай әрекет етеді. Дофамин жүйесі дәл осындай ішкі мотивацияға күшті жауап береді. Сонымен қатар, жаңа тәжірибелерге ашық болу, мысалы, жаңа бағыт таңдау немесе бейтаныс адамдармен сөйлесу күтпеген мүмкіндіктердің пайда болуына ықпал етеді.

Парадокс ретінде, сәттіліктің тағы бір кілті – өзгелерге көмектесу. Зерттеулер көрсеткендей, шынайы көмек көрсету мидағы марапат орталығын жеке пайдадан да күштірек белсендіреді. Бұл әлеуметтік байланыстарды нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Табандылық та шешуші рөл атқарады. Қателіктерді сәтсіздік емес, тәжірибе ретінде қабылдайтын адамдар ұзақ мерзімде үлкен жетістікке жетеді.

Тэгтер:

құпия нейробиолог жолы болғыш