Екібастұзда жоғалып кеткен жігіт табылды

Бүгін, 11:34 / Алуа Арман
polisia.kz

Екібастұз қаласында полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

30 наурыз күні қала полициясына әйел адам хабарласып, ұлын іздеуге көмек сұраған. Оның айтуынша, екі күн бұрын ұлы автокөлігімен белгісіз бағытта кетіп, содан бері байланысқа шықпаған.

Аталған дерек бойынша бірден іздестіру шаралары ұйымдастырылып, барлық полиция гарнизоны жұмылдырылды. Жедел-іздестіру жұмыстарына еріктілер, туыстары және қала тұрғындары да белсенді түрде атсалысты.

Іздестіру барысында тәртіп сақшылары қаланы толық тексеріп, ер адамның автокөлігін қала аулаларының бірінен анықтады. Кейіннен жалға алынған пәтерден оның өзі де табылды.

Тексеру нәтижесінде ер адамның көп мөлшерде дәрі-дәрмек қабылдау арқылы өзіне қол жұмсамақ болғаны белгілі болды. Полицейлер уақыт оздырмай жедел жәрдем шақырып, оны дәрігерлердің қарауына тапсырды.

Павлодар облысы полиция департаментінде мұндай жағдайларда жедел әрекет ету мен уақтылы хабарлаудың маңызы ерекше екені атап өтілді. Адам жоғалған кезде іздеуге барынша көп күш жұмылдырылып, әрбір ақпарат мұқият тексеріледі. Полиция азаматтарды жақындарының жағдайына бейжай қарамауға, өз қозғалыстары туралы хабарлап, үнемі байланыста болуға шақырады.

Тэгтер:

Екібастұз Жігіт құтқару жоғалу