Семейде жасырын цехтан 12 мың бөтелке алкоголь тәркіленді

Бүгін, 09:55 / Інжу Әлихан
ҚМА

Қаржылық монитоирнг агенттігі Абай облысында заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу амалдарына сәйкес, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырған.

"Орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы алкоголь дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылған.

Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.

Тінту барысында заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді", - делінген хабарламада.

Соттың санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушыға қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді, улануға, ішкі ағзалардың, соның ішінде бауыр мен бүйректің зақымдануына, сондай-ақ өлімге әкелуі мүмкін.