Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгеретіні белгілі болды

Бүгін, 08:59 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Сәуір айында банктер мобильді аударымдар туралы алғашқы мәліметтерді салық органдарына бере бастайды. Бұдан бөлек, бензин, дизель мен коммуналдық қызмет тарифтеріне енгізілген мораторий аяқталады. Сондықтан бағалар біртіндеп өседі. Теміржол мен әуе қатынасында бірқатар өзгерістер болады. Sputnik Қазақстан осы айда болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Мобильді аударымдар есебі жасалады

15 сәуірге дейін банктер бірінші тоқсан қорытындысы бойынша мобильді аударымдар туралы алғашқы мәліметтерді салық органдарына бере бастайды. Алайда бақылауға бәрі бірдей ілікпейді. Нақты үш шарт бар. Олар:

100 және одан да көп адамнан ақша түсуі;

аударымдардың үш ай қатарынан жіберілуі;

барлық аударымның 1 020 000 теңгеден асуы.

Салықшылардың айтуынша, ондай шоттар бірден бұғатталмайды. Ал жеке мақсаттағы аударымдарды азаматтар кез келген уақытта дәлелдей алады.

Мораторий аяқталады

1 сәуірде АИ-92 бензиніне, дизель отынына және коммуналдық қызмет тарифтеріне қойылған мораторий аяқталады. Бұл шектеу өткен жылдың күзінде енгізілген болады. Ал мораторий аяқталғаннан кейін бағалар мен тарифтер көтерілуі әбден мүмкін.

Көлік салығын төлеу керек

2025 жылдың көлік салығын төлеудің соңғы күні – 1 сәуір. Осы күннен кейін айыппұлдар есептеле бастайды.

Айта кетері, 2026 жылдан бастап 10-20 жыл болған көліктерге 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 төмендету коэффициенті қолданылады. Осылайша, салықтың мөлшері азаяйды. Бірақ бұл өзгеріс 2027 жылы төленетін салыққа қатысты.

Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру қызметі

Осы айдан бастап мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігін де онлайн режимде ауыстыруға болады. Бұған дейін ондай қызмет тек қолданыстағы куәліктерді ауыстыру, құжатты жоғалтып алу, ұрлату немесе аты-жөнін өзгерту кезінде қолжетімді болған.

Жаңа қызметті алу үшін міндетті түрде медициналық тексерістен өту керек. Дәрігерлердің қорытындысы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізілгеннен кейін өтінім беру кезінде автоматты түрде жүктеледі.

Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін енді онлайн ауыстыруға болады

Екі ауданда пойыздар тоқтамайды

1 сәуірден бастап Ақкөл мен Жақсы аудандарында пойыз қатынасының кестесі өзгереді. Оған сәйкес, бірнеше маңызды бағыттағы пойыздар екі станцияда тоқтамайды.

Ақкөл ауданында 4 пойыз:

Қызылорда – Петропавл;

Қарағанды – Мәскеу;

Алматы – Казань;

Астана – Омбы.

Жақсы ауданында екі бағыттағы пойыз:

Қостанай – Алматы;

Семей – Маңғыстау.

Мемлекеттік қызметке орналасу жеңілдейді

1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдау толығымен цифрлық форматқа көшіріледі. Бұдан былай әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс "eqyzmet" порталында өтеді. Ал іріктеу мерзімі 5-7 жұмыс күніне дейін қысқартылады.

Іріктеудің жаңа жүйесінде эссе, сұхбат, практикалық тапсырмалар және психометриялық тестілеу енгізіледі. Мәселен, басшылық лауазымға келген үміткерлерге эссе жазу және сұхбаттасу міндеттеледі. Ал орындаушы лауазымдар үшін практикалық тапсырмалар мен психометриялық тестілеу (IQ, EQ, SQ) енгізіледі.

Бұдан бөлек, үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау енді конкурстан тыс жүргізілетін болады.

Қаруға қатысты талаптар күшейтіледі

2026 жылдың сәуірінен бастап Қазақстанда қару айналымы мен күзет қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Оған сәйкес, азаматтық және қызметтік ойықты қару иелері міндетті түрде бақылау мақсатында оқ атудан өтуі тиіс.

"Егер белгіленген мерзім бұзылса, ішкі істер министрлігі қару ұстауға берілген рұқсат қағазының қолданысын тоқтата алады", - делінген заңда.

Ал заңды тұлғаның қызметі уақытша тоқтатылса, қару-жарақ пен оқ-дәріні ішкі істер органдарына өткізу керек.

Азық-түліктің ең төменгі бағалары бекітілді

1 сәуір мен 30 маусым аралығында Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінетін және отандық өнімдердің кейбір түрлеріне ең төменгі баға белгіленеді.

Негізгі тауарлардың шекті бағалары:

сүзбе: кг 1 822 теңгеден бастап;

балқытылған ірімшік: 2 985 теңгеден жоғары;

жұмыртқа: данасы 41 теңгеден бастап;

көкөністер: картоп 90 тг/кг, қырыққабат 72 тг/кг, сәбіз 106 тг/кг;

басқа да өнімдер: алма 175 тг/кг, ұн 175 тг/кг, күнбағыс майы 451 тг/литр және макарон өнімдері 248 тг/кг.

Бұл бағалар нарық пен маусымдық өзгерістерге байланысты әр тоқсан сайын қайта қаралып отырады.

Астана әуежайында рейстер өзгереді

Астанадағы әуежайда 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты рейстер уақыты уақытша өзгереді.

Атап айтқанда, Астанадан Алматы, Қостанай, Өскемен, Атырау және Ақтөбеге қатынайтын рейстер, сондай-ақ, Сеул, Франкфурт, Бейжің, Ташкент, Дубай, Фукуок, Нячанг және Ыстанбұл бағыттары бойынша ұшу кестесі түзетіледі.

Әуежай күн сайын жөндеу жұмыстары жасалатын уақытта - сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жабық болады.

Сеулге рейстер қайта ашылады

Алматы әуежайынан Сеул мен Пусанға тікелей әуе рейстері қайта ашылады.

Оңтүстік Кореяның "Eastar Jet" лоукостері 7 сәуірден бастап алдымен "Алматы – Сеул (Инчхон)" бағыты бойынша рейстерді қайта іске қосады. Ал 1 мамырда "Алматы – Пусан" бағыты бойынша әуе қатынасы да қайта жанданады. Рейстер аптасына екі рет тұрақты түрде орындалады.

Астана әуежайында рейстер кестесінде өзгеріс болуы мүмкін

9 сәуірден бастап "Астана-Ақтоғай-Талдықорған" бағытында тікелей теміржол қатынасы іске қосылады. Екі вагонды (1 купе мен 1 плацкарт) алдымен 122/121 "Астана – Семей – Астана" пойызының құрамында болады. Ал Ақтоғай станциясында басқа пойызға тіркеп әкетеді.

Бұл бағытта жолаушылар тасымалы күн ара орындалады.

Сәуірдің атаулы күндері

Осы айда қазақстандықтар бірқатар кәсіби және халықаралық даталарды атап өтеді. Олар:

5 сәуір – Қазақстанның көші-қон қызметі күні;

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні және Мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің күні;

сәуірдің бірінші жексенбісі – Геологтар күні;

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні, сондай-ақ Авиация және ғарышкерлер күні;

15 сәуір – Ғашықтар күні ("Қозы Көрпеш – Баян сұлу");

16 сәуір – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің күні;

21 сәуір – Мемлекеттік күзет қызметі күні;

22 сәуір – Халықаралық Жер күні;

23 сәуір – Ұлттық кітап күні.

Неше күн демаламыз?

Сәуір айында мемлекеттік мерекелер жоқ. Сондықтан демалыс тек сенбі және жексенбі күндері беріледі. Жұмыс күндерінің санына қарай төрт-ақ күн демалатындар да болады.

бес күндік жұмыс аптасы үшін 8 демалыс күні, 22 жұмыс күні;

алты күндік жұмыс аптасы үшін 4 демалыс күні, 26 жұмыс күні.