Ұлттық ұлан студенттер үшін Ашық есік күнін өткізді

Бүгін, 09:01 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

6505 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы колледж студенттеріне арналған Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды әскери қызметтің ерекшеліктерімен таныстыру, патриоттық рухты қалыптастыру және болашақ әскерге шақырылушыларды әскери өмірмен жақынырақ таныстыру.

Іс-шараға қала колледждерінің студенттері қатысты. Қонақтар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен, әскери қызметшілердің күнделікті қызметімен, жауынгерлік даярлық барысымен танысып, әскери техника мен қару-жарақ үлгілерін тамашалады.

Бағдарлама аясында студенттерге саптық дайындық элементтері көрсетіліп, қарумен жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, әскери қызметшілер өздерінің кәсіби шеберліктерін паш етіп, көрсетілім қойылымдарын ұсынды.

Экскурсия барысында қатысушылар әскери бөлім аумағын аралап, казарма, асхана және оқу нысандарын көрді. Олар әскери қызметтің жағдайымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Мұндай іс-шаралар жастар арасында патриоттық құндылықтарды нығайтып, әскери қызметке деген оң көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы баспасөз қызметі.