Астана қаласындағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы №34 мектептің математика пәні мұғалімі Асқарбек Шойбасов білім беру саласына тың серпін беретін «AI TANYM» атты инновациялық жүйе әзірледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жоба оқушылардың білім деңгейін жасанды интеллект (ЖИ) арқылы дәл анықтауға бағытталған заманауи шешімдердің бірі болып саналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған бастама білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде мұғалімдер әр оқушының қажеттілігіне сай жеке оқу траекториясын құрып, оқыту процесін анағұрлым тиімді ұйымдастыра алады. Жоба авторының айтуынша, жүйе әр оқушының күшті және әлсіз тұстарын анықтап, соған сәйкес бейімделген тапсырмалар ұсынады. Бұл өз кезегінде оқушылардың оқу тиімділігін арттырып қана қоймай, олардың пәнге деген қызығушылығын да күшейтеді.
Сонымен қатар, платформада оқушыларды ынталандыру жүйесі де жан-жақты қарастырылған. Әрбір орындалған тапсырма үшін ұпай (XP) беріледі: жеңіл есепке – 3 ұпай, орташа есепке – 5 ұпай, қиын есепке – 10 ұпай. Сабақты толық аяқтау 25 ұпаймен, күн сайын жүйеге кіру 10 ұпаймен, ал диагностиканы өту 100 ұпаймен бағаланады. Жиналған ұпайларды түрлі сыйлықтарға, бонус сабақтарға, сертификаттарға және пайдалы кеңестерге айырбастауға болады. Мұндай тәсіл оқушылардың оқу процесіне деген тұрақты қызығушылығын қалыптастырып, оларды үздіксіз білім алуға ынталандырады.
Жүйенің тағы бір маңызды ерекшелігі – оқу процесінің медициналық картаға ұқсас форматта ұйымдастырылуы. Яғни, әрбір тақырып оқушы толық меңгергенге дейін жүйе тарапынан қайта ұсынылып отырады. Бұл тәсіл білімдегі олқылықтарды дәл анықтап, оларды жүйелі түрде жоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, AI TANYM платформасы жеке репетиторлар үшін де тиімді құрал бола алады. Өйткені ол оқушының нақты әлсіз тұстарын айқындап, сол бағытта мақсатты жұмыс жүргізуге жағдай жасайды.
Осылайша, астаналық ұстаз әзірлеген жаңа жүйе оқытуды жекелендіру арқылы әрбір оқушының білім сапасын арттырып, оның әлеуетін толық ашуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.