NASA астронавты ғарышта сөйлеу қабілетінен айырылып қалды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: Bill Ingalls/NASA via AP, File

NASA астронавты Майкл Финк Халықаралық ғарыш станциясындағы миссия кезінде күтпеген жағдайға тап болды. Ол кенеттен сөйлеу қабілетінен айырылып, оқиға салдарынан экипаж миссиясын шұғыл қысқартуға мәжбүр болды, деп хабарлайды turkystan.kz phys.org-ке сілтеме жасап.

Астронавттың айтуынша, жағдай 7 қаңтар күні кешке болған. Сол сәтте ол ашық ғарышқа шығуға дайындықтан кейін кешкі ас ішіп отырған. Бір сәтте ешқандай ауырсынусыз немесе алдын ала белгісіз-ақ сөйлеу қабілеті толық жоғалған. Әріптестері бірден жағдайды байқап, Жердегі дәрігерлермен байланысқа шыққан.

Шамамен 20 минуттан кейін Финк өз қалпына келген. Қазір ол өзін жақсы сезінеді, алайда мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанын айтады. Дәрігерлер инфаркт пен тұншығу нұсқаларын жоққа шығарғанымен, нақты себеп әлі анықталмаған.

Мамандар бұл жағдайды ұзақ уақыт бойы салмақсыздықта болудың әсерімен байланыстыруы мүмкін екенін айтады. Айта кетейік, Финк өз мансабында ғарышта жалпы 549 күн өткізген.

Оқиға салдарынан жоспарланған ашық ғарышқа шығу тоқтатылып, экипаждың бір бөлігі Жерге мерзімінен бұрын қайтарылды. Қазір агенттік осындай жағдайлар бұрын болған-болмағанын анықтау үшін басқа астронавтардың медициналық деректерін зерттеп жатыр.

Майкл Финк болса, барлық қиындыққа қарамастан, болашақта тағы да ғарышқа ұшуға ниетті екенін жеткізді.

Тэгтер:

NASA сөйлеу