Павлодар облысында дүние үшін әйелін өлтірген ер адам сотталды

Бүгін, 07:21 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Павлодар облысында пайдакүнемдік ниетпен әйелін өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық соттың мәліметінше, қылмысқа құны 125 миллион теңгеден асатын кәсіпорын себеп болған, ерлі-зайыпты мүлікке байланысты ұзақ уақыт бойы жанжалдасып келген.

"Әйел некені бұзу туралы шешім қабылдаған. Ер адам ЖШС жұбайының меншігінде болғандықтан, неке бұзылған жағдайда мүлік бөлінбейтінін біліп, бұл өзінің материалдық жағдайына қауіп төндіреді деп есептеген", - деп жазылған хабарламада.

2024 жылдың тамыз айының ортасында сотталушы пайдакүнемдік ниетпен, әйелінің атына тіркелген ЖШС-ті мұрагерлік жолмен иеленіп, қаржылай пайда табу мақсатында әйелін өлтіріп, оны жазатайым оқиға ретінде көрсетуді жоспарлаған.

Ол әйелін өзенге ертіп барып, қайықтың шетінде отырған сәтте оны кенеттен тербеткен. Соның салдарынан әйел тепе-теңдігін жоғалтып, суға құлаған. Осыдан кейін ер адам оның шашынан тартып, су астында ұстап тұрған.

"Әйел тыныс алу жолдарының суға толуынан оқиға орнында көз жұмған", – делінген сот хабарламасында.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады, қорғаушыларымен бірге ақтау үкімін сұрады.

Сот жазаны ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескеріп, оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.