Петропавлда 600 литр заңсыз алкоголь жойылды

Бүгін, 17:17 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Петропавлда полицейлер тәркіленген алкоголь өнімдерінің ірі партиясын жойды. Бульдозер табанының астына суррогат өнімдер, сондай-ақ түнгі уақытта немесе 21 жасқа толмаған азаматтарға сатылған ішімдіктер түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, алкоголь криминогендік факторлардың бірі болып қала береді. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында кісі өлтіру қылмыстарының 90%-дан астамы мас күйінде жасалған, олардың едәуір бөлігі отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында орын алған. Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мас күйінде жасалған қылмыстардың үлесі 30%-дан асады.

Полицейлер халықтың алкоголизациясына қарсы бағытталған кешенді шаралар қабылдауда. Олардың қатарында қоғамдық орындарда ішімдік ішу фактілерінің жолын кесу, маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеуге жіберу, сондай-ақ контрафактілік өнімдермен күрес бар.

Жыл басынан бері облыс орталығында полицейлер антиалкогольдік заңнаманы бұзғаны үшін 25 сауда нысанының иелерін жауапкершілікке тартты. 1176 литр спиртқұрамды өнім тәркіленді. Оның 600 литрі полигонға шығарылып, жойылды, қалғаны барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін осында жеткізіледі.

Полицияда атап өткендей, заңсыз алкоголь саудасымен күрес — қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.