Ақтаулық жас суретші Франциядағы байқауда топ жарды

Бүгін, 16:48 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы ҚКО

Ақтаулық жас суретші Әлия Маркс Францияның Париж қаласында 36-шы халықаралық «Etoiles de Paris» («Париж жұлдызы») өнер байқауында топ жарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, көп жанрлы халықаралық додаға Чехия, Армения, Франция және Қазақстан елдерінен келген талантты жас өнерпаздар қатысып, өзара бақ сынады. Байқау жас дарындарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту және мәдени байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Аталған байқаудың көркемсурет номинациясы бойынша Маңғыстау облысы, Ақтау қалалық білім бөлімінің Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінің көркемөнер бөлімінің оқушысы Әлия Маркс жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетіп, бас жүлде - Гран-при иегері атанды. Жетекшісі — Нұрболат Жазықбаев.

Жас суретшінің жұмысы көркемдік ерекшелігімен, бояу үйлесімімен және терең мазмұнымен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бұл жетістік — шәкірттің таланты мен еңбегінің, сондай-ақ білікті жетекшісінің жүйелі жұмысының нәтижесі.