Қостанайда үлескерлерден 162 млн теңге алған күдіктіге қатысты іс сотқа жолданды

Бүгін, 15:02 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті рұқсат құжаттарын алмай-ақ «Семья» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қатысу сылтауымен жеке тұлғалардың қаражатын тартуды ұйымдастырған.

Азаматтармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Жобаның заңды көрінісін қалыптастыру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіліп, Қостанай қаласында кеңсе жалға алынған.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде «Семья» тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысына 28 жеке және 1 заңды тұлғадан жалпы сомасы 162 млн теңгеден астам қаражат тартылған.

Алайда күдікті бұл қаражатты нысанды белгіленген мерзімде аяқтамай, өз қалауы бойынша жұмсаған. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы аяқталмаған.

Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық үй-жайларына тыйым салынды.

Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

ҚМА ескертеді: Құрылысқа қатысу үшін қажетті рұқсат қағаздары мен кепілдіктерсіз қатысу қаржылық шығындарға ұшырау қаупін арттырады. Ақшаны инвестицияламас бұрын абай болуды, тексерілмеген құрылыс компанияларына сенбеуді және жүзеге асырылып жатқан жобалардың заңдылығына міндетті түрде көз жеткізуді ұсынамыз.

 

 

 

Тэгтер:

күдікті Үлескер Қостанай Іс тергеу сотқа жолдау