Жапонияда дәстүрлі емес спорт түрі кеңсе креслосымен өтетін жарыс тағы да көпшіліктің назарын аударды. ISU-1 Grand Prix деп аталатын бұл ерекше додада қатысушылар екі сағат бойы кеңсе креслосымен жарысып, төзімділік пен шапшаңдықтарын сынайды, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Жарысқа қатысушылар үш адамнан тұратын командаға бөлінеді. Олар кезекпен ауысып отырып, белгіленген уақыт ішінде мүмкіндігінше көп айналым жасауға тырысады. Форматы әйгілі автожарыстарға ұқсас болғанымен, мұнда бастысы – көңіл көтеру мен ерекше атмосфера.
2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл жарыс Жапонияның әртүрлі қалаларын аралап, жанкүйерлерді жинап келеді. Көрермендер қарапайым дүкеннен алынған креслолармен бұрылыстарды бағындырып жатқан қатысушыларды қызу қолдайды.
Жарыстың ең қызық тұсының бірі – жүлдесі. Жеңімпаз команда кубок емес, 90 келі күріш иеленеді. Бұл – жарыстың ерекше әрі ұлттық дәстүрге жақын рухын көрсететін символдық сыйлық.