Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында ғылыми қауымдастықпен кездесу өткізіп, ғылым саласының дамуына жан-жақты тоқталды. Президент ғылымда қол жеткізілген елеулі жетістіктерді жоғары бағалап, сонымен қатар алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең екенін атап өтті. Бұл – ғылымды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды әрі уақтылы қойылған міндет.
Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің индустриялық әсері мен нақты қайтарымын арттыру қажеттігі де ерекше назарға алынды. Осы тұрғыда, «Ғылымды коммерцияландыру одағы» РҚБ вице-президенті ретінде Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды жүйелі түрде дамытуға үлкен мүмкіндік бар деп санаймын.
Ең алдымен, инновациялық жүйе түсінігін айқындап алған жөн. Инновациялық жүйе – идеядан бастап, оны нарыққа шығарып, нақты өнімге айналдыруға дейінгі толық үдерісті қамтитын кешенді механизм. Мұндай жүйе өзара тығыз байланысқан бірнеше маңызды құрамдас бөліктерден тұрады.
Біріншісі – ғылыми идеялар мен білікті кадрлар шоғырланған орта. Бұл бағытта университеттердің, әсіресе зерттеу университеттерінің рөлі айрықша. Екіншісі – ғылыми идеяларды нақты шешімдер мен прототиптерге айналдыратын алаңдар. Мұнда технопарктер мен инжинирингтік орталықтардың әлеуеті жоғары. Үшіншісі – инновациялардың әр кезеңіне сай қаржыландыру тетіктері. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы шешуші мәнге ие. Төртіншісі – инновацияларға сұраныс білдіретін нарық пен тапсырыс берушілер.
Осы элементтердің барлығы тиімді өзара әрекет еткен жағдайда, елімізде толыққанды әрі тұрақты инновациялық экожүйе қалыптасады. Бүгінде мұндай жүйені дамытуға барлық алғышарттар бар.
Инновациялық жүйенің дамуы белгілі бір заңдылықтарға негізделеді. Соның бірі – ғылымда кеңінен танылған S-қисық (S-curve), ол идеяның пайда болуынан бастап, оның нарықтық өнімге айналуына дейінгі кезеңдерді сипаттайды. Сонымен қатар, технологиялардың дайындық деңгейін бағалайтын TRL (Technology Readiness Level) шкаласы да маңызды құрал болып табылады. Бұл әдіс алғаш рет NASA тәжірибесінде қолданылып, бүгінде халықаралық деңгейде мойындалған стандартқа айналды.
Қазір еліміздегі ғылыми жобалардың басым бөлігі бастапқы TRL 1-4 деңгейлерінде шоғырланған. Бұл – ғылымның іргелі негізі мықты екенін көрсететін жақсы көрсеткіш. Ендігі маңызды міндет – осы әлеуетті одан әрі дамытып, жобаларды келесі кезеңдерге, яғни инженерлік прототиптер мен өндірістік сынақтарға (TRL 5-7) жүйелі түрде жеткізу.
Бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер мен тиімді тетіктерді қалыптастыру арқылы біз инновациялық циклдің толыққанды жұмыс істеуіне қол жеткізе аламыз. Яғни, ғылыми идеялар нақты экономикалық нәтижеге айналып, ел дамуына нақты үлес қосатын болады.
Менің ойымша, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін инновациялық жүйенің тұтастығын қамтамасыз ететін, заманауи архитектураға негізделген цифрлық экожүйе қалыптастыру аса маңызды. Осындай кешенді әрі жүйелі тәсіл Қазақстанның ғылымы мен технологиясын жаңа сапалық деңгейге көтеруге толық мүмкіндік береді.
Әмірхан ТЕМІРБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Farabi Supercomputer Center директоры