Наурыз мейрамына қатысты теріс пікір таратқан: Бас прокуратура үндеу жасады

Бүгін, 11:37 / Алуа Арман
gov.kz

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтардың пікір білдіру кезінде, оның ішінде онлайн-платформаларда және өзге де жария ақпараттық алаңдарда заңнаманы қатаңсақтау қажеттігіне назар аударады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, жекелеген тұлғалардың ұлттық дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға және тек елімізде ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де көп ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты теріс пікірлерді жария түрде таратқан жағдайлары тіркелді.

Олар мұндай пікірлерін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың өздерінің жалған діни догмалармен үйлеспейтіні туралы бұрмаланған тұжырымдарымен сүйемелдеген.

Мұндай мәлімдемелер Қазақстан Республикасының өзін зайырлы мемлекет ретінде айқындайтын Конституциясының қағидаларына қайшы келіп қана қоймай, сондай-ақ елдегі қоғамдық келісімге, оның ішінде ұлтаралық және дінаралық татулыққа зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың беделін түсіреді.

Сондай-ақ журналистердің, блогерлердің және ақпараттық алаң иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады. Осындай жалған діни көзқарастарды насихаттайтын тұлғаларға көпшілік алдында сөз беру арқылы олар шын мәнінде жалған әрі арандатушылық сипаттағы мәлімдемелердің таралуына ықпал етеді, қоғам санасына теріс әсерін күшейтеді, гендерлік теңсіздікті насихаттап, әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды.

Масс-медиа өкілдерін кәсіби этика қағидаларын, объективтілікті сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды насихаттауға өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақырамыз.  

Осыған орай қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндіреміз.

Сонымен қатар, ұлттық, діни немесе өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған жария мәлімдемелер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының қолданысына жатады және ауыр қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Сондай-ақ мұндай әрекеттер діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу ретінде саралануы мүмкін, бұл үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарды жалған ақпарат таратудан тартынуға, Қазақстан халқының мәдени және ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға, қоғамда алауыздық пен жанжал туғызуы мүмкін мәлімдемелерге жол бермеуге шақырады.

Осындай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдайды.

Тэгтер:

Бас прокуратура үндеу Наурыз мейрамы теріс пікір