Түркістан облысының Келес ауданында суға кеткен 8 жастағы баланы іздеу жұмыстары төртінші күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құтқарушылардың мәліметінше, оқиға 23 наурыз күні шамамен сағат 17:00-де болған. Бала ойнап жүріп Келес өзеніне құлап, суға батып кеткен.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаменті, полиция, жергілікті атқарушы органдар, туыстары мен тұрғындардан барлығы 120-дан астам адам жұмылдырылған. Сондай-ақ 15 техника, 12 жүзу құралы және 2 дрон қолданылуда.
Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар тұрғындарға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.