Астанада бүгін бір сағат жарық болмайды

Бүгін, 10:03 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

28 наурыз күні бүкіл әлемде адамдарды табиғи ресурстарды орынды әрі жауапкершілікпен тұтынуға үндейтін халықаралық "Жер сағаты" акциясы өтеді, деп хабарлады экология министрлігі.

Бұл маңызды экологиялық бастамаға Астана қаласы да қатысады.

"Жер сағаты" халықаралық акциясы барысында қоршаған ортаны және ғаламшардың экожүйелерін сақтау мәселелеріне, әсіресе жаһандық климаттың өзгеруіне назар аударту мақсатында бір сағатқа ғимараттар мен ескерткіштердің жарығы, сыртқы жарықтандыру және тұрмыстық қосымша электр құрылғылары өшіріледі.

"Биыл Астанадағы "Жер сағаты" акциясы "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасы аясында өтеді. Сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін елордадағы ондаған нысан жарығы мен сәндік шамдарын бір сағатқа сөндіреді",- деп жазылған хабарламада.

Акция аясында елордадағы "Хан Шатыр" сауда-ойын-сауық орталығында интерактивті іс-шара ұйымдастырылады. "Жер сағаты" акциясының басталуына бір минут қалғанда кері санақ жүргізіліп, одан кейін қала бойынша нысандардың жарығы өшіріледі.

Бүгінде "Жер сағаты" – әлемдегі ең ауқымды экологиялық акциялардың бірі. Оған 175-тен астам ел мен 8 мыңға жуық қалада 2 миллиардтан астам адам қатысады.