Ақтөбеде жатақхананы жекешелендіріп, бюджеттен 672 млн теңге жымқырғандар сотталды

Бүгін, 17:48 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе қаласының №2 соты үш күдіктіге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыстық іс келесі баптар бойынша қозғалған: 1) аса ірі мөлшердегі алаяқтық; 2) алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен құқық белгілейтін жалған құжаттарды, мөрлерді, бланкілерді дайындау; 3) лауазымды тұлға бола тұра, қылмыстық жолмен алынған аса ірі мөлшердегі ақшаны заңды айналымға қосу; 4) лауазымды тұлға бола тұра, аса ірі мөлшерде алаяқтыққа жәрдемдесу.

Сотталушы Д жалған құжаттар дайындауды ұйымдастырып, сол арқылы ЖШС-нің 100% үлесін заңсыз иемденген.

Сонымен қатар, сотталушылар Д., К. С. алдын ала сөз байласу арқылы бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған. Сотталушы К жатақхананы тұрғын үйге айналдырып, сотталушы С-тің көмегімен талаптарға сай келмейтін нысанды мемлекеттік сатып алуға қатыстырып, жеңімпаз еткен. Нәтижесінде мемлекеттен  70 пәтер үшін 672 млн теңге төленген.  

Сот отырысында сотталушылар кінәларын мойындамады, соттан өздерін ақтауды сұрады.

Жәбірленушінің өкілі  672 000 000 теңге сомасындағы материалдық шығынды өндіруді сұрады.

Соттың шешімі:

- сотталушы Д-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

- сотталушы К-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

- сотталушы С-ға мемлекеттік қызметте 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленуші өкілінің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды. 

 

Тэгтер:

Бюджет Сот Жатақхана ақша жымқыру үкім жекешелендіру