Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау, абайсызда адам өліміне әкеп соғуы бойынша айыпталған Т-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2024 жылғы 25 шілдеде кәмелетке толмаған А «созылмалы полипозды полисинусит» диагнозымен жоспарлы түрде аурухананың оториноларингология бөліміне жатқызылған. Жүргізілген тексеруден кейін оған жоспарлы операция тағайындалған.
2024 жылғы 29 шілдеде «екі жақты эндоскопиялық синусотомия, жалпы ингаляциялық анестезиямен және өкпені инвазивті желдету арқылы» жүргізілген операция барысында анестезиолог Т тарапынан медициналық көмекті көрсету кезінде кемшілікке жол берілген.
Эндотрахеалдық интубациялық түтіктің герметикалығының бұзылуы салдарынан қан тыныс алу жолдарына түсіп, аспирацияға, асқынулардың дамуына және пациенттің қайтыс болуына әкеп соққан.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, тексеру актісінің нәтижелерімен, комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденді.
Сотталушы кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.
Жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен Т кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 3 жыл мерзімге медициналық көмек көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Т-ның жасаған қылмысы абайсызда жасалған, онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы» Заңның 2-бабы 1-тармағына сәйкес мұндай қылмыс жасаған адамдар негізгі жазадан босатылады.
Амнистияны қолдану соттың міндеті. Осыған байланысты Т бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден босатылды. Сот тағайындаған қосымша жаза орындалуға жатады.