Ғылым елге нақты пайда әкелуі керек

20 наурыз, 2026 / Ербұлан Қайрат

19 наурызда Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары аясында барып, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты. Сондай-ақ ғалымдармен кездесті.

Президент ғылыми қауым алдында сөй­леген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер ара­сында технологиясы озық ел болу үшін қар­қынды күрес жүріп жатқанын айтты. 
– Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең ал­дымен, цифрландыру мен жасанды интел­лектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақ­сатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Кейінгі бес жыл­да ғылым саласына салынған инвес­ти­ция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерт­теу университеттері көбеюде, олардың нақ­ты өндіріспен байланысы нығайып жа­тыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алын­ды. Осылайша, «Университет – зерттеу – ин­нова­ция – коммерция» экожүйесі біртіндеп пай­да болып жатыр. Ғылым қалашықтары са­лынып, технология парктері және инжи­ни­ринг орталықтарының құрылысы бастал­ды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым саласында көп жыл бойы болмаған оң үрдістер бай­қа­лып жатыр. Бұл өте маңызды жұмысқа сіздер де белсене атсалысып жүрсіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы. 
Президент енді еліміздің жаңа Конс­ти­туция­сына сай ғылым саласы бұдан да жо­ғары қарқынмен дамитынын айтты. Себебі Ата Заңымызда ғылымның өрісін кеңейту басты стратегиялық басымдықтың бірі ре­тін­де көрсетіліп отыр. Бұл университеттерді, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, ғалым­дар­дың жағдайын жасау Үкімет жұмы­сының бір бағыты ғана емес, мемлекеттің конс­титуциялық міндеті ретінде бекітілді деген сөз.
– Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерт­теу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ға­лым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіре­се, ғылыми ортаның жасарып келе жат­қаны қуантады. Отандық ғалымдардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған. Мен қа­зақ ғылымының келешегіне үмітпен қарай­мын. Әйтсе де, халықаралық тәжіри­бе­мен жете таныс адам ретінде отандық ғы­лымның қазіргі жай-күйін асыра баға­лау­дан, «толайым табысқа жетті» деп айтудан ау­лақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың ал­дын­да ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – ана­ғұрлым тиімді ғылыми орта қалып­тас­тыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріспен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қар­жы­лан­дыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты ба­сымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды.
– Мемлекет соңғы алты жылда ғылымға ар­налған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден ас­там, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион дол­лар­дан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қар­жы­ландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көп­те­ген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылыққа жол берілгенін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алу­шы­ларды аккредиттеуден бастап қаржы­лан­дыру үдерісінің барлық кезеңінде кем­ші­лік­тер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғы­лым мен жемқорлық бір-біріне кереғар құ­былыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мем­ле­кет қаржысын жымқырғысы келетін кез кел­ген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не ке­дергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұ­жырымды көзқарасы қалыптаспаған. «Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды» де­ген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұ­мыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қан­дай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қо­са, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уа­қытылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағ­дай­ды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қа­жет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ғылыми әзірлемелер ел­ге нақты пайда әкелуі керек екенін жет­кіз­ді.
– Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пай­дасын көрмей отырмыз. Маған үш мың­нан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп та­нылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шық­қаны баяндалды. Өкінішке қарай, ин­дустрияға әсері, қайтарымы өте аз. Тағы бір ке­леңсіз жайт: заманауи өндіріс құруға бө­лінген жер телімдері бос жатыр. Ал жұ­мы­сын­да олқылықтарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз ал­дына, тіпті, құқық қорғау органдарына да ша­ғымданбаған. Ештеңе болмаған сияқты. Алай­да құқық қорғау органдары грант ре­тін­де алынған ақшаның кейін Ұлттық мем­ле­кеттік ғылыми-техникалық сараптама орта­лығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне ау­дарылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойын­ша 11 қылмыстық іс қозғалды. Ұлыс­тың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өзім шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қыз­меткерлер туралы осындай ұятты дерек­терді ашық айту оңай емес. Бірақ Конс­ти­туция­дағы Заң мен тәртіп қағидаты ғылым қай­раткерлеріне де қатысты. Ғылыми қоғам­дастықтың абырой-беделіне нұқсан кел­тіре­тін осы жағымсыз жайт жауапкершіліктің бол­мауы, бақылаудың нашарлығы және про­цестерді цифрландырудың төмен деңгейі қай­да әкеліп соғатынын анық көрсетті. Бар­лық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Экономиканың нақты сек­тор­лары­на белсенді енгізілуі керек, – деді Мем­ле­кет басшысы. Сондай-ақ Президент ст­ра­те­гия­лық мақсатымыз ғылым мен инно­вация­ға келетін инвестицияны еселеу еке­нін, бұған жеке кәсіпорындар мен кәсіп­кер­лер де атсалысуы қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұ­рын елімізде әлемнің ең үздік жоғары оқу орын­дарының филиалдарын ашу жөнінде нақ­ты тапсырма бергенін еске сала отырып әр филиал жоғары білім саласындағы бә­секені арттыруға ықпал етуі керек екенін жет­кізді. Сонымен қатар кәсіптік, ғылыми, ин­женерлік-техникалық мамандарды са­палы даярлауға күш салудың маңызына тоқ­талды.
– Өздеріңізге мәлім, биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жы­лы» деп жарияладым. Менің ойымша, біз­де заңгерлер, филологтар мен дип­ло­мат­тар, яғни, гуманитарлық сала мамандары өте көп. Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Осы орайда университеттердің ерекше мис­сия­сын атап өткім келеді. Олар білімді, па­ра­сатты, елдің келешегі үшін жауапкершілік арқа­лай алатын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеп шығаруда айрықша рөл атқарады. Мем­лекеттің зияткер қауымы университет қа­бырғасында қалыптасады. Іргелі ғы­лымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүм­кін емес екенін түсінген жөн. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең ал­ды­мен, дамыған ғылыми және университеттік орта­да пайда болады. Сол себепті осы бағыт­қа айрықша көңіл бөлеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, ғы­лым қалашықтары мен қарқынды да­ми­тын қалалар инвестиция және жаңа тех­но­ло­гияларды тарту орталығына айналуға тиіс. 
– Осы міндетті іске асыру үшін тиісті тұ­­жырымдама қабылданды. Бұл концепцияға сәй­кес мықты ғылыми-технологиялық парк­тер құру жоспарланып отыр. Менің тап­сыр­мам бойынша Курчатов қаласына ғылым қа­лашығы мәртебесін беру жұмысы бас­та­лып кетті. Парламент осындай қала­шық­тар­дың құқықтық мәртебесін және қаржылан­дыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарап жатыр. Ғылымды арқау еткен аумақтар құру – біздің стратегиялық басымдыққа ие мақ­сатымыз. Жаңа Конституцияда қар­қын­ды дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық ре­жим бекітілді. Сондықтан Alatau City жо­ғары технологиялар саласындағы инвес­тор­лар үшін тартымды жобаға айналады деп се­неміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай ке­ле, еліміздің ғылыми-академиялық қоғам­дастығына үндеу жасады. 
– Келер ұрпақ біздің кейбір кем­шілік­тері­­мізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды әділетті, қуатты мем­ле­кетке айналдыратын, заң мен тәртіп, таза­лық, табиғатты аялау, білім және ғылым сал­танат құратын мүмкіндікті мүлт жі­бер­генімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осын­дай ел болуы керек. Біздің түпкі мақ­сатымыз – осы. 
Біз адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айт­қым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай бо­лады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге ай­нала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерт­теулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәти­жесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей бай­ланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғы­лыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін, – деді Президент.