Солтүстік Қазақстанда құрылыс саласында заң бұзғандар анықталды

Бүгін, 17:10 / Алуа Арман
istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жүргізген тексеріс нәтижесінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының талаптарының өрескел бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары белгіленген тәртіпті сақтамай жүргізілген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәселен, Петропавл қаласында бір құрылыс салушы уәкілетті мемлекеттік органға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама бермей, көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын жүзеге асырған. 

Басқа жағдайда, бес құрылыс салушы заңнама талаптарын бұза отырып, облыс орталығы аумағында нысандарды іс жүзінде толық аяқталмағанына қарамастан пайдалануға қабылдаған. 

Сонымен қатар, екі кәсіпкерлік субъектісі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына қайшы, тиісті рұқсат құжаттарын алмай, Петропавл қаласында тұрғын үй кешендерінің құрылысына үлескерлердің қаражатын тартқан. 

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған субъектілер жіберілген бұзушылықтар үшін айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдануда. 

Қадағалау органы осы салада заңдылықты қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмысты жалғастыруда. 

Сонымен қатар, прокуратура құрылыс саласындағы заңнама талаптарын сақтау құрылыс қызметіне қатысушылардың барлығы үшін міндетті екенін еске салады. 

Азаматтарға үлестік құрылысқа қаражат салмас бұрын құрылыс салушының жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарының, сондай-ақ құрылыс жүргізуге арналған рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеру ұсынылады.

Тэгтер:

құрылыс заң бұзу