Смартфонға 6 сағаттан артық қарау жүрекке қауіпті

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Күніне алты сағаттан артық экранға қарау жүрек-қан тамырлары жүйесіне тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай қорытындыны Америка кардиология колледжі ғалымдары жасаған зерттеу көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz 

Зерттеуге шамамен 35 жастағы 382 адам қатысқан. Нәтижесінде экран алдында көп уақыт өткізетін адамдардың денсаулық көрсеткіштері айтарлықтай нашар екені анықталған.

Атап айтқанда, систолалық қан қысымы орта есеппен 18 мм-ге жоғары, "жаман" холестерин деңгейі 28 мг/дл-ге көп, "жақсы" холестерин шамамен 4 мг/дл-ге төмен

Сонымен қатар, мұндай адамдарда артық салмақ, бел көлемінің ұлғаюы және никотин тұтыну жиі кездеседі. Экран алдында ұзақ отыратындардың төрттен бірі темекі шегеді, ал экран уақыты аз адамдар арасында бұл көрсеткіш шамамен 12% болған.

Ғалымдар маңызды бір жайтты атап өтті: мәселе тек қозғалыстың аздығында емес. Тіпті физикалық белсенділігі ұқсас адамдардың өзінде экран уақыты көп болса, денсаулық көрсеткіштері нашарлайды.

Ал егер аз қимыл мен ұзақ экран уақыты қатар келсе, қауіп бірнеше есе артады. Зерттеу бақылау сипатында болғанымен, мамандар бір нәрсеге назар аударады: жүрек саулығын бағалағанда тек спорт емес, экран алдында өткізетін уақытты да ескеру қажет.

Тэгтер:

смартфон жүрек қауіп қауіпті