Германиядағы ең ауқымды Наурызды ұйымдастырған Сұлтан

Бүгін, 15:30 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Германияға қоныс аударған немістердің той-томалақтары қазақ әні мен биінсіз өтпейтінін желіден жиі байқап жүрміз. Сонымен қатар бізден көшіп кеткен немістердің Қазақстанға, қазақ халқына алғыс айтқан сәті таспаланған видеоларды да көптеп көреміз. Олар Наурыз мейрамын да жыл сайын жоғары деңгейде атап өтеді. 21 наурызда Германияның Лоне қаласында тұратын бұрынғы отандастарымыз Наурызды ерекше атап өткенін көпшілік айтып жүр. Осы ретте шараны ұйымдастырушылардың бірі, желіде Германиядағы немістер мен қазақтардың тұрмысы жайлы контент түсіріп жүрген Сұлтан Жұмағалиұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– TikTok желісінде Қыпшақ лақап атымен танымал сіздің парақшаңызға қы­зығатындар көп. Қазақстаннан Гер­ма­ния­ға қоныс аударған неміс­тер­дің тұр­мыс-тіршілігін қазақша си­паттап, олармен ша­ғын сұхбат құ­рып, олардың қазақ тілі мен мәде­ние­тіне деген айрықша құрметін елге та­нытып жүрген сізге ризашы­лы­ғы­мыз шексіз.

– Рахмет! Менің әкем – қазақ, анам – неміс ұлтының өкілі. Біз – Қостанай об­­лы­сының тумаларымыз. Отбасында төрт ағайындымыз. 19  жасқа дейін сонда тұр­дық. Кейін түгеліміз Германияға ар­найы бағдарлама бойынша қоныс аудар­дық. Қазір Харзевинкель қаласында тұ­ра­мыз. Қазақстанды ұмыту мүмкін емес. Мұн­­да тұрып жатқанымызға 23 жыл бол­са да, әрбіріміз Қазақстан, қазақ мәде­ние­ті десе, ішер асымызды жерге қоямыз. Сол себепті жарымның Қазақстаннан бол­­­ғанын қаладым. Жолдасым Айнагүл – Ақ­тау­дың қызы. Желідегі көпшілік арада ши­рек ғасыр өтсе де, біздің қазақилы­ғы­мыз­ды ұмытпай жүргенімізге аң-таң бо­л­ады. Мұның бәрі – әкеміздің арқасы. Әке­ме мың алғыс! Қостанай облысында қа­зақтардың көбі орысша сөйлейтінін біз­ден жақсы білерсіз. Алайда әкем кіш­кентай күнімізден қазақша сөйлеуімізге баса мән берді. Мәдениетке жақын қылып өсір­ді. Германияға көшіп келген соң да бас­қа мәдениетке еліктеп кеткен түгіміз жоқ. Менің осында туған төрт ұлым қа­зақ­ша мен немісшеге судай, орысша біл­мейді. 

– Сізді танитын көпшілік «Герма­ния­дағы қазақтілді блогер» деп атай­ды. Блогты бастауға, әрі оны қазақша жүр­гізуге кім, не түрткі болды?

– Шыны керек, басында мен секілді қа­зақ­ша сөйлейтін адамдар бар екенін біл­медім. Үйлену тойымда Германиядан аса­ба іздедім. Сол кезде осында қазақ ән­де­рін насихаттап жүрген, Ақсуат тумасы Пауль Фридрихпен таныстым. Қазақшаға су­дай ол біздің үйлену тойымызда қазақ­ша ән шырқап, біз ойлағаннан да жоғары дең­гейде басқара білді. Кейін ол мені өзінің қазақша сөйлейтін достарымен та­ныстырды. Әрі мұнда қазақтар диас­порасы бар екенін, олардың жылына бір рет кездесетінін де кейін білдім. Сосын өзім де қазақша сөйлейтін немістерді, осын­да кейін көшіп келген қазақтарды із­дестіруді қолға алдым. Олармен кезде­суді телефонға түсіріп, YouTube-қа жүкте­ген­ді құп санадым. Кейін TikTok-тан па­рақ­ша ашып, сонда төрт жылдай Гер­ма­ния­дағы немістердің өмірі туралы түрлі кон­тент салдым. Осылайша, көп дос тап­­тым. Ал танымайтындар мені блог ар­­қылы танып, өздері хабарласып, қонақ­қа шақырады. Бүгінде блогтың арқасында бүкіл Германиядағы немістер мен қазақ­тар мені таныды. Сонымен қатар Еуропа­ның көп елін мекен еткен қазақтармен де жақсы араласамын.

– Блогыңыздан байқағанымыз­дай, сіздің видеоға түсіріп тұрға­ныңыз­­ды байқаған олар бірден өзі­нің туған ауыл, аудандарын еске алып, жылы естеліктерін айта жөне­ле­ді.

– Олардың бәрі елді сағынатыны хақ. Қанша дегенмен, кіндік қаны тамған жер­лері ғой. Тоқсаныншы жылы қоныс ау­дар­ған көбінің елге баруға мүмкіндігі жоқ. Содан кейін елде бірде-бір рет болмаған­дар Қазақстан десе, алып-ұшып тұрады. Кө­ше­де қазақты көрсе, көзіне жас алып, ала­қайлайды. Елден осында бірнеше жігіт жұ­мыс істеуге келген. Олар қуанышы қой­нына сыймай маған хабарласып: «Қа­зақ­станнан көшіп келген немістер бізді кө­ріп, бас салып, құшақтап, бетімізден сүйіп, қонаққа шақырды» дейді. Жуырда Семей топырағында туған немістердің кез­десуі­не бардым. Олардың бірі елге жиі барады, ал енді бірі көшіп келгеннен кейін әлі та­баны тимеген. Барсам, олар қазақша шүйір­келесіп тұр екен. Мен видео түсіріп жат­қан соң қазақша сөйлеп жатқан болар деп ойласам, олар өзара тек қазақша сөй­ле­седі екен. Көбі – туыстар, енді бірі – ауыл­дастар. Бір ауданнан шыққандар да же­терлік. Жалпы саны 60-70-ке жуық адам. Кездесу барысында орысша, немісше бірде-бір сөз араластырмағанына таң­ға­лып қайттым.

– «Қазақстанның қай қаласынан кел­іп едіңіз?». Ондағы қазақшаға судай не­містерге үнемі осы сұрақты қоясыз. Кешегі Наурыз мейрамына да шапан мен тақия киіп, билеп жүрген не­міс­тердің сізді көре салып, «Жамбыл­дан­мын», «Шымкенттенмін», «Тараз», «Көк­­­шетауданмын» деп мақтанышпен ай­тып тұрғанын байқамау мүмкін емес.

– Бұлай сұрауымның өзіндік себебі бар. Желідегі қазақстандық қолдану­шы­лар, соның ішінде қазақтар «Менің осын­дай неміс көршім болған. Менің осындай кере­мет неміс досым болған. Хат-хабар­сыз қалдық» деп аты-жөндерін, аудан, ауыл атауларын жазып жібереді. Сон­дық­тан мереке, жиын, кездесу болғанда осын­да көшіп келген өзіміздің немістерден видео түсіруге рұқсат сұрап, сосын «Қазақ­стан­ның қай қаласынан көшіп келген едіңіз?» деп сұраймын. Бәлкім, осылайша біреу танысын, досын тауып қалар. Маған ра­сында елден «Көршімді, ауылдас­тарым­ды тауып берші» деп жазатындар көп. Мен тіп­ті кейде «Бармысың бауырым» бағдар­ла­масы іспетті бірдеңе ашсам ба деп жүр­мін (күліп). 

– Әлеуметтік желіде Германияда Наурыз мейрамының Қазақстаннан кем емес атап өтілгенін жазып жат­қандар жетерлік. 21 наурыз күні Лоне қаласында Германиядағы ең ауқым­ды Наурыз мейрамын атап өттіңіздер. Бұл идеяны кім ортаға салды? Қанша адам бас қосты?

– Бұл Наурызды үш жігіт болып ұйым­дас­тырдық. Леон деген мен секілді блогер, не­міс жігіт бар. Қазақтың әндерін наси­хат­тап жүрген Көкшетау тумасы. Үшінші до­сымыз Радик – Кавказдың жігіті. Мейрам­ханасы бар, әрі елмен байланысы көп. Екеуіне Наурыз ұйымдастырайық деп ұсыныс айттым. Негізі, Германияда көп жерде Наурыз мейрамын шағын түрде той­лайды ғой. Ал біз ауқымын кеңейтіп, Қа­зақстандағыдай атап өткіміз келді. Оның үстіне мен биыл Қазақстанға ба­рып, киіз үй сатып алған едім. Мұны Гер­манияға жеткізу оңай болмады. Ма­ша­қаты көп іс екен. Екі ай ішінде жеткізілді. Сонда да қуанышымда шек болмады. Себебі Наурыз сайын саябаққа киіз үйді құрғым келді. Сол кезде Наурыздың Қа­зақ­стандағыдай өтіп жатқаны сезіледі. Наурызды бізбен бірге өткізуге Голландия, Франция, Польшадан келгендер саны көп. Сондықтан мұны Германияда ғана емес, Еуро­пада ең ауқымды тойланған Наурыз деп айтсам, қателеспеймін.

– Ал мерекенің бағдарламасын кімнің көмегімен әзірледіңіз?

– Бұрын Қазақстанда Нау­рызды далада қалай той­ладық, соны еске тү­сіріп, қағаз бетіне тү­сіріп, бағдарлама жа­зып шықтық. Нау­рыздың елде қалай тойла­на­тынын ғасыр өт­се де, ұмыту мүм­кін емес қой. Сағат түскі екіден кешкі жетіге дейін спорт­тық ойындар, концерт өткіздік. Арқан тарту ойыны, әсіресе, көбіне ерек­ше әсер қалдырды. Асылбек деген жігіт қа­зақша ет асты. Өзбек жігіттері палау әзір­леді. Менің командам бауырсақ, нау­рыз көже және лағман әзірледі. Екі мың­нан астам адам бас қосқан бұл мерекеде Қазақстандағыдай атмосфера болды. Сосын кешкі жетіден түнгі бірге дейін сол маң­да орналасқан үлкен залда концерт бол­ды. Алайда оған тек 700 адам ғана сия ал­ды. Бұл кешке Қазақстаннан ретро сти­ль­де ән айтатын әнші Jazzdauren-ді ар­найы шақырдық. Оның әндерін мұн­да­ғы­лар сүйіп тыңдайды. Әлбетте, Ольга мен Пауль қазақша ән шырқады. Мұнда  Нұрлан Шолақов деген қазақша ән айта­тын тағы бір досымыз бар. Сонымен қатар Қазақстан туралы айтатын, елден көшіп кел­ген немістердің «Король лир» деген то­бы да өнер көрсетті. Жалпы, биыл Нау­рыз мерекесінің ұйымдастырылу ісі бәрі­нің көңілінен шықты. Былтырғы Нау­рыз­ды ұйымдастыру ісі біраз ақсап, аздап хейт­ке қалған едік. Былтыр Наурызды той­лауға төрт мың адам жиналған-тын. Ала­йда ойдағыдай ұйымдастыра алмадық. Се­бебі ол уақытта кіру тегін болды. Біз ары кетсе, мыңға жуық адам келеді деп дайын­далған едік. Алайда төрт мың адамға орын болмай, тамақ жетпей, сынның астына қалдық. Ал биыл бәрі ақылы болды. Мере­кеге келемін деп ниет танытқандар алдын ала билет сатып алды. Сондықтан біз са­тыл­ған билет санына орай орын мен та­мақ көлемін әзірледік. Көбіне ұнағаны сон­шалық, арада аз күн өтсе де, «Енді мұн­дай мереке қашан болады?» деп жары­са жазып жатыр. Бұйырса, алдағы уақытта қа­зақстандықтардың кездесуін ұйым­дас­тыр­мақ ойымыз бар. Көпшілік жылына бір­неше мәрте кездесіп, осылай көңіл кө­тергісі келеді.

– Өзіңіз негізі қандай іспен айна­лы­­­сасыз? 

– Мен негізі комбайн құрастыратын зауытта жұмыс істеймін. Мұнда жұмыс іс­теп жатқаныма он үш жыл болды. Со­ны­мен қатар тақия, шапан, астау сатумен ай­налысамын. Қазақстанның Туы да бар. Жалпы, сатылымда Қазақстанмен бай­ла­нысты зат көп. Десе де, бос уақытымды қа­зақ­ша блог жүргізу ісіне арнаймын. Германиядағы қазақтілді жалғыз блогер менмін. Менікіндей контент ешкімде жоқ. Бұл – менің сүйікті ісім. Ешкім де еш­теңе­ні ұмытпағанын, қазақстан­дық­тарға ел­ден көшіп кеткен немістердің қалай тұра­тынын, қазақ тілін, мәдениетін әлі күн­ге дейін қалай қастерлейтінін көр­сету­ді парыз санадым. Оларды таныттым, өзім де таныла бастадым. Былтыр Қазақ­стан­ға барғанымда мені шырамытып, аман­дасып, бірге суретке түскендердің қара­сы мол болды. Сондықтан бұл істі жал­ғасытырып, әлі талай қызық контент ұсын­ғым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

Германия наурыз неміс Германиядағы қазақтар