Ілияс Мақашев: Дайын өнімді қайталағаннан жаңа жоба ұсынған маңыздырақ

Бүгін, 15:15 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: Astana Hub

ЖИ  жарысының қарқыны жыл өткен сайын жылдамдап барады. Жансыз ақыл аламанына ілесе аламыз ба? «Біздерде мынандай бар» деп дәл қазір нені көр­сете аламыз? Жалпы, технология бәсекесіне түсудің мәні қандай? Назарды жалпыдан жалқыға бұрсақ, бұл ұмтылыс әр адамның өмірін жақсартуға үлес қоса ала ма? Astana Hub бас директорының жасанды интеллект жөніндегі кеңесшісі, ЖИ сарапшысы Ілияс Мақашевпен осы және басқа да сұрақтар төңірегінде әңгімелестік.

ЖИ мен оған сабақтас бағыттар өсу нүктесіне айналады

– Қазір әлем технологиялық тәуел­сіз­дікке ұмтылып жатыр. Осы тұр­ғы­дан алғанда, елімізге өз IT өнімдері мен цифрлық платформаларын да­мы­ту қаншалықты маңызды? 

– Бұл тек экономикалық даму мәселесі емес, сонымен қатар стратегиялық тұрақ­ты­лық мәселесі. Ұлттық технологиялық ше­­­шімдердің болуы елге маңызды цифр­лық инфрақұрылымды бақылауға, дерек­тер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сервис­тер­ді жергілікті қажеттіліктерге бейімдеуге жә­не басқаларға  тәуелділікті азайтуға мүм­кіндік береді.
Бұл, әсіресе, мемлекеттік цифрлық қыз­­меттер, финтех, білім беру, өнер­кәсіп, медицина және киберқауіп­сіз­дік салаларында маңызды. Қазір Қа­зақ­стан өз ЖИ инфрақұрылымын, ұлттық плат­формалық шешімдерін, тілдік модель­дерін және жасанды интеллектті реттеудің институционалдық негізін қалып­тас­ты­рып жатыр. Бұл технологиялық дербес­тік­тің ұзақмерзімді басымдық ретінде қа­рас­тырылатынын көрсетеді.
Сонымен қатар технологиялық тәуел­сіздік оқшаулану дегенді білдірмейді. Ең тиім­ді модель – өз шешімдерін дамыту мен жаһан­дық технологиялық тізбектерге ин­теграцияны үйлестіру. Қазақстанға әлемде бар дайын өнімдерді қайталағаннан гөрі нақ­ты сұраныс, құзырет және экспорттық әлеуеті бар бағыттарда өз шешімдерін жа­са­ған пайдалырақ, маңыздырақ болады. Осы­лайша, жетілген цифрлық экономика қа­лыптасады.

– Қазір еліміздегі IT саласының да­муына нақты қандай факторлар сер­пін беріп отыр? Қай бағыттар алда­ғы уақытта басты қозғаушы күшке ай­­­­­налуы мүмкін?

– Менің ойымша, еліміздегі IT ин­дуст­рия­ның дамуына бірқатар маңызды фак­тор серпін беріп отыр. Ең алдымен, мем­ле­­кет жүргізіп жатқан жүйелі цифрлан­дыру саясаты. Мемлекет бірнеше жылдан бе­рі электрондық мемлекеттік қызмет­тер­ді, телекоммуникациялық инф­ра­құры­лым­ды, деректер орталықтарын және цифр­лық сервистерді дамытуға инвести­ция салып келеді. Екіншіден, Astana Hub ха­лықаралық инновациялық кластері мен оның аймақтардағы 19 өңірлік хаб, білім беру және акселерациялық бағдарламалар, сондай-ақ экспортқа шығуға арналған құ­ралдар арқылы технологиялық бизнеске ар­налған сенімді экожүйе қалыптасты. Үшін­шіден, банктер, өнеркәсіп, логистика, білім беру және мемлекеттік сектор тара­пынан ішкі сұраныстың артуы байқалады. Осы салалардағы цифрлық бастамалар опе­рациялық тиімділіктің ажырамас бөлі­гі­не айналды.
Ал болашақтағы драйверлерге келетін болсақ, бірнеше басты бағытты бөліп көр­сетуге болады. Ең алдымен, жасанды ин­тел­лект. Ол көптеген саланың әмбебап тех­но­логиялық негізіне айналып келеді. Бұдан кейін цифрлық өнімдерді ауқым­дау­ға мүмкіндік беретін бұлт инфра­құры­лымы мен деректер орталықтары маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар GovTech жә­не платформалық шешімдер де үлкен мән­ге ие, бұл бағытта Қазақстанда берік не­гіз қалыптасқан. Бұдан бөлек, тау-кен өн­дірісі, логистика, энергетика және аг­роөнеркәсіпке арналған индустриялық IT бастамалар, сондай-ақ AI, fintech, edtech жә­не automation сегменттеріндегі экс­порт­қа бағытталған B2B өнімдерді ерекшелеп айтуға болады.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жа­рия­ланды. alem.ai халықаралық жасанды ин­теллект орталығы, ұлттық ЖИ платфор­ма­лар, есептеу инфрақұрылымы және бі­лім беру бағдарламалары сияқты бас­та­ма­лар да қарқынды дамып келеді. Бұл – ал­дағы жылдары дәл осы ЖИ және оған са­бақ­тас бағыттар негізгі өсу нүктесіне ай­на­латынын білдіреді.

– Ал еліміздегі киберқауіпсіздік дең­гейін қалай бағалар едіңіз?

– Бұл мәселе Astana Hub құзыретіне кір­мейді. Біз киберқауіпсіздік саласындағы уә­кілетті орган емеспіз, сол себепті елдің ки­берқорғанысына баға бере алмаймыз.
Дегенмен Astana Hub ақпараттық қауіп­­­­­сіздік саласындағы шешімдер мен жо­­баларды дамытуды қолдайды және ки­бер­қауіпсіздік бағытында маман даярлауға кө­­мектеседі. Astana Hub қатысушылары ара­сында киберқауіпсіздік саласындағы ЖИ компаниялар мен стартаптар бар. Со­ларға тоқталып өтейін.
Мәселен, IT Holding Kazdream ком­па­ния­сы Antifraud AI жүйесін әзірледі. Бұл – он­лайн алаяқтықты анықтауға арналған ин­теллектуалды шешім. Технология ки­бер­қылмыспен күрес тиімділігін 40 пайыз­ға арттырып, жыл сайын 42 миллион дол­лардан астам шығынның алдын алуға кө­мектеседі.
MSSP Global ақпараттық қауіпсіздік жә­не дербес деректерді қорғау саласында ше­шімдер ұсынады. Компания ұйым­дар­дың кибертұрақтылығын қамтамасыз ету­г­е және цифрлық инфрақұрылымды қор­ғауға бағытталған өнімдер әзірлейді.
WebTotem – сайттарды, домендерді жә­не IT инфрақұрылымды автоматты түр­де сканерлейтін сервис. Ол осал тұстар­ды, олқылықтарды және басқа да қауіптер­ді анықтайды. Платформа ұйымдарға цифр­лық активтердің жағдайын бақы­лау­ға және дер кезінде қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Tumar.One – краудсорсингке негіз­делген киберқауіпсіздік платформасы. Бұл Ор­талық Азиядағы ең ірі платформа. Оның тиімділігі банк секторында, теле­ком­муникацияда, білім беру мен мемле­кет­тік қызметтерде дәлелденген.
TAUTAN – қауіпсіз аутентификация мен кілттерді сақтауға арналған шешім. Бұл толықтай отандық әзірлеме, ол ком­па­­­ниялар мен мемлекеттік ұйымдарға ақ­парат­тық жүйелерді фишингтен және рұқ­сатсыз ақпарат алудан қорғайтын FIDO2, UAF және U2F протоколдарын енгі­зу­г­е мүмкіндік береді.

T-shaped мамандар ерекше бағаланады

– Осы технологиялардың қайсысы алдағы 5-10 жылда еңбек нарығына ең үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін деп ой­­­лай­сыз?

– Ең үлкен өзгерісті, сөзсіз, жасанды ин­теллект әкеледі. Дегенмен оны жеке қа­­растыруға болмайды: ол үлкен де­рек­тер­мен және бұлт инфрақұрылымымен ты­ғыз байланыста жұмыс істейді. Бұлт есеп­теу қуатын қамтамасыз етеді, үлкен де­рек­тер талдауға негіз болады, ал ЖИ осы­ның бәрін күнделікті процестерді ав­томаттандырудан бастап шешім қабыл­дау­ды қолдауға дейінгі нақты шешімдерге ай­­­­налдырады.
Еңбек нарығындағы өзгеріс ма­ман­дықтардың трансформациясымен бай­ланысты болады. Нарық бірізді тапсыр­ма­ларды орындаудан гөрі интеллектуалды құрал­дармен жұмыс істей алатын, оны өз жұ­мысына тиімді пайдалана алатын ма­ман­­дарды жоғары бағалайды. ЖИ-ге дұ­рыс­ тапсырма бере алатын, ЖИ жауабын сы­ни тұрғыдан бағалай алатын, деректерді бас­қара алатын және технологияларды биз­нес-процестерге енгізе білетін маман­дар­дың маңызы арта түседі. Яғни, ЖИ кәсіби құндылықтың өзін өзгертіп жатыр. 

– Қазір IT мамандарына деген сұ­ра­ныс жоғары деп жиі айтып жата­мыз. Дегенмен нарықта қандай нақты дағдылар мен кәсіби құзыреттер же­тіспей жатыр деп есептейсіз?

– Қазір нарыққа жай ғана бағдарлама әзір­леушілер емес, терең білімі бар маман­дар қажет. Ең алдымен, бұл жасанды ин­тел­лект, data engineering, бұлт архитек­тура­сы, DevOps, өнімді басқару, кибер­қауіп­сіздік және күрделі B2B шешімдерін әзір­леу ба­ғыт­тары дер едім.
Сонымен қатар тапшылық тек техни­калық дағдылармен шектелмейді. Нарықта өніммен жұмыс істей алатын, нарықты түсінетін, болашағы зор шешімдер құра ала­тын, клиенттермен тиімді байланыс ор­ната алатын және өнімді халықаралық деңгейге шығара алатын мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Осылайша, талап «адам код жаза ала ма?» деген мәселеден «ол бәсекеге қабілетті өнім жасай ала ма?» деген мәселеге ауысып отыр. Сондықтан бүгінде T-shaped ма­ман­дар ерекше бағаланады.

Видеогенерация технологиялары тек АҚШ, Қытай мен Қазақстанда дамып келеді

– IT саласы тек ірі компанияларға ғана емес, шағын кәсібі барларға, стар­таптарға да тың мүмкіндік деуге бо­ла­ды. Еліміздегі IT стартаптарды халық­ара­лық нарыққа қалай шығара ала­мыз? 

– Мұндағы басты нәрсе – тек жер­гі­лік­ті нарыққа емес, ауқымдалатын және әм­бе­бап мәселені шешетін өнім жасай білу. Әдет­те, ЖИ, fintech, edtech, HRTech және digital health бағыттарындағы жобалар та­бысты болады. Екінші фактор – эко­жүйе­ге қолжетімділік: акселерация, мен­тор­лық қолдау, пилоттық жобалар, инвес­ти­циялар және экспорттық қолдау. Үшін­ші – команданың халықаралық стан­дарт­тарға сай жұмыс істеу қабілеті.

– Осындай талаптарға сай келіп, ха­лықаралық нарыққа шыққан, үміт күт­тіретін қандай стартап жобаларды атап айта аласыз?

– Мысал келтіретін болсам, әрине, біз­дің алғашқы «юникорн» компаниямыз Higgsfield AI-ді атап өту керек. Команда мен экожүйе ойыншыларының бірлескен жұ­мысының арқасында Қазақстан ЖИ ин­дустриясының әлемдік картасында өз орнын ойып тұрып алды. Нәтижесінде, жа­санды интеллектіге негізделген видеоге­не­рация технологиялары бүгінде толық­қан­ды түрде тек АҚШ, Қытай және Қазақ­стан­да дамып келеді.
Сондай-ақ басқа да жобалар бар. Крем­ний алқабында Қазақстан мен Қырғыз­стан­нан шыққан Асель Төлеубаева мен Айзада Марат негізін қалаған Alma жобасы жақсы өсім көрсетіп отыр. 
Astana Hub Battle аясында Павел Дуров ерекше атап өткен TrustExam жобасы да мықты дер едім. Команда жасанды интел­лект арқылы емтиханда көшіру мәселесін шешіп, білімдегі адалдықтың негізін құрып жатыр. 
shai.pro –  ЖИ агенттерді құруға арнал­ған платформа, ол бұған дейін 6 миллион доллар көлемінде венчурлық инвестиция тартты. 
Grand Mobile мен CarParking жобалары да тұрақты өсім көрсетіп, жылдам дамып келеді. Сонымен қатар MiraiTech секілді ғылыммен ұштасқан жарқын жобалар да бар.

– ЖИ әр адамның өміріне еніп отыр. Сіздің ойыңызша, техноло­гия­лар қарапайым адамдарға жұмыс та­бу, білім алу немесе табыс көзін арт­ты­ру тұрғысынан қандай жаңа мүм­кін­діктер ұсынады? Astana Hub-тың бұл бағытта қандай бастамалары бар? 

– Бүгінде цифрлық технологиялар адамға үш негізгі мүмкіндік береді. Бірін­шісі – жасына, тұратын өңіріне және бұ­рын­­ғы тәжірибесіне қарамастан білім алу­ға мүмкіндік береді. Адам нөлден, бәрін ба­­сынан бастап оқып, сұранысқа ие дағ­ды­ларды меңгеріп, жаңа мамандық игере ала­ды. 
Екіншісі – жұмыспен қамтудың жаңа форматтары: қашықтан жұмыс, жобалық жұмыс, өз цифрлық өнімін іске қосу және жаһандық нарықта еңбек ету мүмкіндігі. 
Үшіншісі – тиімділікті арттыру және ЖИ құралдарын қолдану арқылы табы­сың­ды молайту. Тіпті, мамандығын өзгерт­пей-ақ, адам өз жұмысын автоматтанды­рып, өнімділігін және бәсекеге қабілетті­лі­гін арттыра алады.
Бұл бағытта Astana Hub толыққанды мүмкіндіктер инфрақұрылымы ре­тінде әрекет етеді. Оның негізгі элементі – astanahub.com платформасы, онда IT са­ла­сының табалдырығын аттау, осы салада даму және технологиялық жобаларды іске қосу үшін қажет барлық құрал бар.
Платформада пайдаланушы бірден бір­неше міндетті шеше алады. Жұмыс із­дегендерге IT компаниялар мен жоба­лар­дың ұсыныстары жарияланатын бөлім бар. Ал білім алғысы келетіндер немесе кә­­сіби бағытын өзгерткісі келетіндер «Бағ­дарламалар» бөлімін қарауына болады.
Жеке бағыт ретінде «Технологиялық тап­сырмалар» модулін атап өтуге болады. Бұл – бизнес сұранысын әзірлеушілер мен жо­балардың шешімдерімен байла­ныс­ты­ра­тын практикалық құрал. Компаниялар өз­деріне қажет шешімдерге сұрау салып, тех­никалық талаптарын сипаттайды, ал ко­мандалар өз құзыреттеріне сай бұл мін­дет­терді орындап, қосымша табыс таба ала­ды. Осылайша, экожүйе ішінде сұраныс пен ұсыныстың тікелей нарығы қалып­та­сып отыр.
Сондай-ақ Hub Market бар. Бұл – стар­тап­тар, IT компаниялар мен мамандар өз қыз­меттерін ұсынып, клиенттер тауып, іс­керлік байланыстар орната алатын кеңіс­тік. Платформаға геймификация эле­­­­­менттері енгізілген, олар пайда­лану­шы­лардың белсенділігін арттырып, қауым­дастықтағы өзара әрекетті күшей­те­ді және экожүйе мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға көмектеседі.
Маңызды бағыттардың бірі – білім беру бағдарламалары. Олардың қатарында Lerna және Skillbox-пен бір­ле­сіп әзірленген «Жасанды интеллект негіз­де­рі: ChatGPT» курсы, QazCoders бағдар­ла­масы және «Деректерді талдау және Python негіздері» курсы бар. Бұл бағдарламалар кең аудиторияға арналған және IT мен ЖИ саласына алғашқы қадам жасауға мүмкін­дік береді.
Сондай-ақ Astana Hub жасанды интел­лект саласындағы мемлекет күн тәртібін қалыптастыратын бірқатар бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: таланттарды тарту, оқыту және ресурстарға деген қол­жетімділікті қамтамасыз ету.
Осы ретте Tomorrow School-ды ерекше атап өтуге болады, бұл –Қазақстандағы ал­ғашқы жасанды интеллект мектебі. Ол peer-to-peer тәсіліне негізделген, мұнда дәстүрлі оқытушылар мен бағалау жүйесі жоқ. Оқу 01 Edu платформасында жүзеге асырылады және Astana Hub базасында тәу­лік бойы офлайн форматта өтеді. Сту­денттер нөлден бастап бағдарламалауды меңгеріп, машинаны оқыту және терең оқыту, деректерді талдау, компьютерлік көру сияқты бағыттарда маманданады.
Сонымен қатар экожүйеде инку­бация­­дан бастап халықаралық ак­се­лера­цияға дейінгі бағдарламалардың кең түрі бар. Олардың қатарында Startup Garage, AI’preneurs, Google for Startups қа­тысуы­мен Silkway Accelerator, AlchemistX және Silicon Valley Residency Program, сон­дай-ақ Draper University-пен бірлескен Hero Training бағдарламасы бар. Бұл бағ­дар­ламалар жобаларға идеядан бастап ха­лықаралық нарыққа шығуға дейінгі жол­ды өтуге, менторлық қолдау, инвес­ти­ция­лар және жаһандық серіктестерге қол жет­кізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Astana Hub тек жобаларға арналған алаң емес, тех­но­ло­гия, білім және кәсіпкерлік арқылы нақ­ты әлеумет­тік саты қалыптастыратын то­лыққанды цифрлық экожүйе болып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ділда Уәлибек

Тэгтер:

ЖИ Astana Hub Ілияс Мақашев