Зайырлы елдің өлшемі

Бүгін, 15:00 / Ахмет ӨМІРЗАҚ

Жаңадан қабылданған Конституцияның 1-бабының, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек мемлекетіміздің Ата Заңы ең алдымен өз азаматтарының еркіндігі мен құқығын қорғайтын басты құжат. Сондықтан біз қандай мәселе туындаса да Конституцияға жүгінуіміз керек.

Жасыратыны жоқ, азаматтары­мыз­дың арасында әлі күнге дейін өз құ­қығын білмейтіндер қандайда бір мә­­селе туындаса «былай болуы керек» деп, қо­­ғамға өз пікірлерін таңғысы келеді. Сон­дай даулардың бір парасы азаматтардың діни наным-сенім мәселесі жайында болып жа­тады. Бірақ ондай бейберекет талас-тар­тыс­тардан пайда жоқ, елімізде барлық мә­­­­­селенің шешімі Конституциямызда нақ­ты айтылған:
Мақсаты немесе іс-әрекеті Респуб­ли­ка­ның конституциялық құрылысын күш­теп өз­гертуге, оның тұтастығын бұзуға, мем­ле­кет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеу­мет­тік, нәсілдік, ұлттық, діни, тек­тік-топ­тық және рулық араздықты қоз­дыруға ба­ғытталған қоғамдық бір­лес­тіктер құруға жә­не олардың қызметіне, сон­дай-ақ заң­дар­да көзделмеген әске­рилендірілген құра­ма­лар құруға тыйым салы­нады. (5 бап, 1 тар­мақ).
Республикада басқа мемлекеттердің сая­си партиялары мен кәсіптік одақта­ры­ның қызметіне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақ­тарды шетелдік заңды тұлғалар мен аза­маттардың, шет мемлекеттер мен ха­лық­аралық ұйымдардың қаржыландыруы­на жол берілмейді. (5 бап, 4 тармақ)
Шетелдік діни бірлестіктердің Респуб­ли­ка аумағындағы қызметі, сондай-ақ шет­­елдік діни орталықтардың Респуб­ли­ка­дағы ді­ни бірлестіктер басшыларын та­ғайын­дауы Республиканың тиісті мемле­кет­тік ор­гандарымен келісу арқылы жүзеге асы­ры­лады. (5 бап, 5 тармақ)
Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұл­тына, тіліне, дінге көзқарасына, на­ны­мы­на, тұрғылықты жеріне байланысты не­месе кез келген өзге жағдаяттар бойын­ша еш­кімді ешқандай кемсітуге болмайды. (14 бап, 2 тармақ)
Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға жә­не қай дінге жататынын өзі анықтауға жә­не оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. (19 бап, 1 тармақ)
Республиканың конституциялық құры­­лы­сын күштеп өзгертуді, оның тұ­тас­тығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан кел­тіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлт­тық, діни, тектік-топтық және рулық астам­шылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зор­лық-зомбылыққа бас ұруды насихат­тау­ға немесе үгіттеуге жол берілмейді. (20 бап, 3 тармақ).
Ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайы­бы­на) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мін­детті емес. Діни қызметшілер өздеріне се­ніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болу­ға міндетті емес. (77 бап, 7 тармақ).
Келтірілген мысалдарда Қазақстан ау­ма­ғында діни араздықты өршітетін, сон-дай-ақ діни көзқарасқа байланысты партия құруға тыйым салынған. Сонымен бір­ге діни сеніміне байланысты ешкімді кем­сітуге, заңға қайшы келетін насихат жұ­мыстарын жүргізуге жол берілмейді. Де­мек, азаматтарымыз діни сенім мәселе­сінде осы жайларды есіне сақтап жүруі керек.
Жасыратын несі бар, еліміз азамат­тары­ның көпшілігі заңда дін мәселесіне қа­тысты не барын біле бермейді. Кейбір өзін дін жолында жүрмін деп есептейтін адам­дар кейде тіпті заң жүзіндегі дінге қа­тысты шектеулерді мойындағысы кел­мей, дау шығаратын жайттар да аз емес. Мә­селен, өздерінің мектеп жасындағы қыз­дарын мектепке хиджап киіп баруға рұқ­сат беруін талап еткендер болды. Бірақ оған заң рұқсат бермейді. Себебі жалпыға бі­лім беретін орта мектептер – мемлекеттік ме­кеме. Онда тек мемлекет заңдары ғана үс­темдікке ие. Сондықтан білім алып жат­қан оқушылардың діни сеніміне бай­ла­ныс­ты ерекшеленуіне жол жоқ. Бірақ бұл құ­қықтық нигилизмге мемлекет тарапынан дұ­рыс жауап берілді: «Балаларың мем­ле­кет­тік мекемеде білім алады екен, демек мек­теп­терде мемлекет жасаған стандарттар ға­на қолданылады». Осылайша, азаматтар ара­сына жік салуды көздеген әлде­біреу­лердің орынсыз әрекеті тыйылған секілді.
Содан кейін азаматтарымыздың біле жү­ретін бір нәрсесі – бізде кімнің қай дінді ұс­­танамын десе еркі бар, бірақ дін мем­ле­кет­тен бөлінген. Сондықтан Қазақстанда ді­ни сенім және оның ережелері ешқашан заң­нан үстем болмайды. Мемлекет заңдары бә­ріне ортақ және діни сенім – әркімнің же­ке шаруасы. Сенім жайлы көзқарасыңды біреу­ге таңуға болмайды, сондай-ақ өзгенің се­ні­мінде шаруаң болмауы керек. Оған заң тыйым салады. 
Әр адам жеке тұлға болғаннан кейін оның діни сенімі – өз ақалуы. Кейбір адам өзге біреудің сенімін ұнатпауы мүм­кін, бірақ сол үшін өзіңдей адамға тіл ти­­гізу, кемсіту сияқты әрекеттер заңға қайшы бол­ғандықтан, бұл мәселеге аса сақ болу қажет.
Тәуелсіздіктен бергі жерде біздің елі­міз­де діни сенім мәселелерінде қандай өз­ге­рістер болды, олар қандай заңдармен рет­телді? Әлемнің өзге елдерінде бұл мә­се­леге көзқарас қандай, біз бен өзгелердің ара­сында дін мәселесінде қандай айыр­ма­шы­лықтар бар? Біз осы сұрақтарды дін­тану­шы маман, ғалым, бірнеше моног­ра­фия­ның авторы Мұқан Исаханға қойған едік.

Мұхан Исахан, 
дінтанушы:

– Еліміз Тәуелсіздік алған соң адам құ­қы­ғына байланысты заңдарымызға біраз тү­зетулер енгізуге тура келді. Өйткені ха­лық­аралық қауымдастықтың толық мүшесі болу үшін солай етуге тиіс едік. 1992 жылғы «Се­нім бостандығы және діни бірлестіктер ту­ралы» заң – тәуелсіз Қазақстанның осы са­ла­дағы алғашқы заңы болды. Ол өте ли­берал­ды (еркін) сипатта еді.
Кеңес өкіметінің атеистік қысымы­нан кейін қоғамға рухани еркіндік беру қажет бол­ды. Негізгі қағидаларына кел­сек, діни бір­лестік құру үшін небәрі 10 адам жет­кі­лік­ті саналды. Шетелдік мис­сио­нер­лердің қыз­метіне ешқандай шектеу қойыл­мады. Ді­ни әдебиеттерді таратуға бақы­лау жа­сал­ма­ды. Нәтижесінде, елге көп­теген жаңа ді­ни ағым келді. Бір жағынан бұл демо­кра­тия­ның көрінісі болса, екінші жа­ғынан елде экзотикалық және деструк­тив­ті ағым­дар­дың көбеюіне әкелді. Яғни, түр­лі мақ­сат­тағы діни секталардың өз жұ­мыстарын елі­мізде еркін жүргізуіне жол аш­ты. Бұл қауіп­ті бағыт еді. Өйткені қоғам­да діни алауыз­дық туып кетсе, мемлекеттің тұтас­тығына нұқсан келуі мүмкін.
2011 жылғы «Діни қызмет және діни бір­лестіктер туралы» заң шықты. Оның се­бебі, уақыт өте келе діни экстремизм қау­пі туындағандықтан, мемлекет заңды кү­шейтуді жөн көрді. Қазір біз осы заңмен өмір сүріп жатырмыз. Ол заң бойынша, Ис­ламның (Ханафи мәзһабының) және Пра­вославие христиандығының Қазақстан мә­дениеті мен рухани өміріндегі тарихи рө­лі алғаш рет ресми түрде мойындалды. Бар­лық діни ұйым қайта тіркеуден өтуге мін­деттелді. Осы кезде көптеген күмәнді ұйым­дар жабылды. Шетелдік уағызшылар мін­детті түрде тіркеуден өтіп, рұқсат алуы тиіс болды. Елге келетін барлық діни әде­биеттер мемлекеттік сараптамадан өтуі ке­рек деп бекітілді. Намаз оқитын орындар мен құлшылық үйлері тек арнайы рұқсат етіл­ген ғимараттарда болуы тиіс болды (мем­лекеттік мекемелер мен мектептерде на­мазхана ашуға тыйым салынды).
Жоғарыда аталған екі заңда да ар-ож­дан бостандығы адамның ең жо­ғарғы құқығы ретінде көрсетілген. Яғни, адам кез келген дінді ұстануға немесе еш­қан­дай дінге сенбеуге құқылы. Ешкімді дін­ге күштеп кіргізуге немесе діни жорал­ғы­ларды орындауға мәжбүрлеуге болмайды. Тең­дік тұрғысынан, азаматтың діни ұста­ны­мы оның жұмысқа орналасуына немесе мем­лекеттік қызмет атқаруына кедергі бол­мауға тиіс. 2022 жылғы Конституциялық ре­формадан кейін бұл заңдарға азамат­тардың құқығын қорғау тетіктерін нығайту бойынша қосымша түзетулер енгізілуді. Мемлекет қазір зайырлылықты дінге қар­сы­лық емес, дінаралық татулықтың кепілі ре­тінде түсіндіреді.
Енді түрлі елдегі дінге қатысты ұста­ным­­­­дар жайында айта кетсек.
Мәселен, Түркия зайырлы мемлекет бол­ғанымен, онда Diyanet (Дін іс­тері басқармасы) атты үлкен мемлекеттік ор­ган бар. Оның бюджеті бірнеше ми­нистр­ліктің бюджетінен асып түседі. Мем­лекет имамдардың жалақысын төлейді, мешіт­терді салады және бақылайды. Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар секілді  теократиялық эле­менттері бар елдерде ислам діні то­лық­тай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Кейбір Еуропа елдерінде мемлекет шіркеу­лер­дің жұмысын бюджет есебінен демеп оты­рады. Ал Қазақстан зайырлылықты ұста­­­­натын ел ретінде мемлекет діни бірлес­тіктердің ішкі қызметін (имамдар мен поп­тардың жалақысы, құлшылық ету шы­ғын­дары) қаржыландырмайды. Алайда мем­лекет «Діни экстремизмге қарсы іс-қи­мыл» немесе «Рухани құндылықтарды на­си­хаттау» сияқты әлеуметтік жобаларға мем­лекеттік тапсырыс (гранттар) бөледі. Сон­дай-ақ тарихи-мәдени ескерткіш сана­ла­тын діни ғимараттарды жөндеуге бюд­жет­тен қаржы бөлінуі мүмкін.
Жақында қабылданған жаңа Консти­туция­мыз заңды түрде толық әрекет ете бас­тағаннан кейін діни сенімге байланысты заң­дарға бірталай өзгерістер енуі мүмкін. Өйт­кені бұл мәселеде әлі жетілдіретін тұс­тарымыз бар.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Тэгтер:

зайырлы ел