Баспалар суретшілердің еңбегін бағаламайды

Бүгін, 14:45 / Ахмет ӨМІРЗАҚ

Өнердің қай түрі де біздің халық үшін аса таңсық емес. Соның ішінде сурет өнерінің тарихы ерте замандардан басталады.

Түрік қағанаты дәуірінде өмір сүрген арғы бабаларымыз суретті тасқа қашап салса (петроглифтер), орта ғасырларда пайда болған түрлі ою-өрнектерімізді сурет өнерін, оның ішінде тұрмыстық дизайнды меңгергендер жасаған. Ал кәсіби сурет өнеріне келсек, оның алғашқы ірі өкілі ретінде халқымыздың ардақты перзенті Шоқан Уәлихановты айтар едік. Дегенмен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ сурет өнері дами бастады. Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев секілді талантты суретшілеріміз өз ізденістерімен қазақ сурет өнерін кәсіби деңгейге көтеріп, қалыптастырды. Одан беріде аты әлемге белгілі, халықаралық байқауларда өздерін танытқан көптеген қылқалам иесі шықты. Сөйтіп, заманауи деңгейде өзін танытқан қазақ сурет өнері көптеген салаға бөлініп, кең өріс ала бастады. Солардың бірі кітап безендіру ісі еді. ХХ ғасырдан бастау алатын қазақ сурет өнеріндегі кітап безендіру немесе кітап графикасы деп аталатын бұл саланың да танымал өкілдері аз емес. Соның бірі – белгілі суретші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Балтас Санитасұлы Оспанов. Оның плакат, кітап графикасы, живопись жанрлары бойынша жасаған көптеген жұмысын суретшілер қауымы жоғары бағалайды. 

– Балтас Санитасұлы, қазақ бейнелеу өне­­рінде өз қолтаңбаңыз бар суретші еке­ніңіз жұртқа белгілі. Қазақ балалары ара­сынан қылқаламға құмартқандар көп болса да, кәсіби суретші болатындар аз. Сізді бұл жолға балалық арман же­те­­леп келді ме, әлде қабілетіңіз бертін ке­­ле оянды ма?

– Жалпы, өнерде өзін танытып жүрген аза­­маттарға о баста өскен ортасының әсері бо­­латыны дәлелдеуді қажет етпейтін шын­дық секілді. Бірақ кез келген адамға Құдай өнер­ге ынтығуды, соның тылсымына ар­ба­лып, сырына қызығуды бұйырта бермейді-ау деймін. Әйтпесе, кез келгеніміз суретші не му­зыкант, ақын не жазушы болып кете бер­мес пе едік? Демек, өскен ортаның тәлімі бір бө­лек те, табиғатты сезіне білу, содан шабыт алып, қабілеттің ашылуы – бір бөлек дүние.
Бәрімізге таныс бір жайт бар: адам әлі то­лық есі кіріп, ақылы толыспаған кезде бей­саналы түрде түрлі әрекет жасай бас­тай­ды. Біреу былдырлап, түсініксіз бір дыбыс­тар­мен бірдеңе айтқысы келеді, енді біреу бір­­деңені алғысы келіп талпынады, тағы бі­реу­лері қолына түскен нәрсемен қабыр­ғаны сызады. Ал біз не істейміз? Баланың был­дырына зер салып, онымен сөйлесуге қы­зықпаймыз. Кедергілерден өтіп, бірдеңеге ұм­тылып жатқан баланы көтеріп алып, бас­қа жаққа апарып тастаймыз. Қабырғаны сы­зып жатқан баланың қолындағысын тар­тып алып, жылатып қоямыз. Сөйтіп, кішкене кезі­нен адамның еркін шектейміз. Сосын үл­кендерге өзінің нені қалайтынын жеткізе ал­маған бала ызаланып жылайды. Сана түп­кірінен ашылып келе жатқан әлдебір мақ­сат­қа ұмтылу процесі тежеледі. Беті қайтып қа­лады. Әйтпесе, өз бетінше былдырлап, ыңыл­дап отырған баладан болашақта музы­кант не ақын шығатын шығар? Әр жерге өр­мелеп жүрген сәбидің спортшылыққа бейі­мі бар болуы мүмкін немесе қабырғаны сыз­ғылап жүрген бүлдіршіннің болашақта су­ретші болмасына кім кепіл? Бірақ оған қай­сымыз мән беріп жатырмыз...
Бұларды мен неге айтып отырмын? Се­бебі бала кезімнен қабырғаларды сыз­ғылап, үнемі бірдеңе жасауға талпынып жүреді екенмін. Едәуір есім кіргенше сол әде­тімнің болғаны еміс-еміс есімде. Бірақ әке-шешемнің ол үшін ұрысқаны, ренжігені есім­де жоқ. Мүмкін, үлкен баласы болған соң бе­тімнен қақпаған шығар, бәлкім тым мейі­рім­мен қараған болар, әйтеуір еркіндеу өс­тім. 
Шешем алаша тоқитын, сөйлемейтін Қара­шаш деген апам болды, ол кесте тігетін. Со­лардың істеп жатқан ісіне қызыққан соң мен де бірдеңе жасауға талпынып, ошақта жан­ған көмірдің қалдықтарын қолыма алып, қабырғаны сонымен шимайлап бір­деңе салған болам. Сосын, 1951 жылы туған Бақ­тас деген ағам бар еді, ол сурет салатын, со­ған да еліктеген шығармын, әйтеуір сурет сал­ып кеттім. 
Павлодар облысының Шарбақты ауда­нын­да, қалың қарағайдың арасында Есілбай де­ген ауыл болды, алғаш сол жерде мектептің есігін аштым. Екінші сыныпта әкем «Қызыл таң»  деген ауылдың парткомы болып, соған көшіп бардық. Балалық шағым өткендіктен сол ауыл менің туған жерім секілді көрінеді. Сол ауылда жүргенде әкем менің қабілетімді бай­қап, акварель бояу әкеп берді. О кезде бояу­ды суға ерітуді білмеймін, қылқаламды тү­кіріктеп, бояуға сүйкеп сурет сала бере­тін­мін. Жетінші сыныпта оқып жүргенде ауыл­ға үлкен кірпіштер (газоблок) келе бастады, со­ларды пышақпен жонып, мүсін жасай бас­тадым. Қиялымдағы батырлардың бей­не­сін жасаған боламын. Әйтеуір, қолым жат­тыға бастады. Менің жасап жүргендерім тура­лы біреулерден естіген болуы керек, бір күні үйге облыстық «Звезда Прииртышья» га­зе­тінен бір орыс тілші кісі келіп, жасаған жұ­мыстарымды көріп, «Увлечение Балтаса» деп мен туралы мақала жазып шығарды. Ме­ні алғаш «суретші» деп атаған сол кісі бол­ды.

– Нағыз кәсіби суретші болу үшін, әри­не, білім керегі белгілі. Оған жол сіл­тегендер болды ма, әлде өз бетіңізше із­дендіңіз бе?

– Сегізінші сыныпты бітірген соң әкем ма­ған «енді Павлодардағы №3 интернатта оқуың керек, басқа ойың болса айт» деп еді, мен «Алматыдағы сурет училищесіне барғым ке­леді» дедім. Балаларға арналған «Қазақстан пио­нері» газеті ме, «Дружные ребята» ма, әй­теуір біреуінен оқығанмын ғой, суретшілер дайындайтын сондай оқу орны бар деп. Сөй­тіп, 14 жасымда алғаш Алматыны көрдім. Әуе­­жайдан орталыққа жеткенше жайнаған жа­сыл желекті, төбесімен көк тіреп тұрған Ала­тауды көріп қатты таңырқадым. Шаһар та­биғатының ғажаптығы керемет әсер етті.
Сурет училищесіне оқуға тапсыр­ған­мен конкурстан құлап қалдым. Учи­лище­нің директоры Ақырап Жұбанов деген кісі болатын. Кәдімгі Ахмет Жұбановтың аға­сы, репрессияға ұшырап кеткен тамаша тіл­ші ғалым Құдайберген Жұбановтың ұлы. Ұл­тына жаны ашитын сол азамат ауылдан келген талапкер суретші балаларға арнап дайын­дық курсын аштырған екен, 30 қазақ ба­ласы соған түстік. Әкеме осында қалып оқи­тынымды айттым. Айына тамаққа 30 сом­дық талон береді, сонымен күн көрдік. Сөй­тіп, сол училищені 1975 жылы бітіріп шық­тым. Ол оқу орны 1938 жылы ашылған, біз оқыған кезде Н.Гоголь атындағы Алматы көр­кем-сурет педагогикалық училищесі еді, оны бітіргендер мектепте сурет пәнінен бере­тін мұғалім болатын немесе суретшілік жол­ға түсетін, қазір Орал Таңсықбаев атын­дағы Aлматы сән және қолданбалы өнер колледжі деп аталады.
Оқуды бітірген соң Жұмақын Қайранбаев (қа­зір атақты суретші, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері, профессор),  Райгүл Ахметжанова үшеу­мізге Ленинградқа (қазіргі Санкт-Пе­тер­бург қаласы) жолдама берді. Барып құ­жат­­­тарымызды өткізіп, сынақ тапсырдық, бірақ Райгүл екеуміз емтиханнан өте ал­ма­дық та, Жұмақын түсіп кетті. Жастықтың әсері ме, әлде елге қайтуға намыстандық па, әй­теуір сол академияда қалып қойдым. Ара­сын­да Жұмақынның курсына барам, сосын мү­сіншілік бойынша оқып жатқан қара­ған­дылық Жаубасар Қалиевтің курсына барып, оқы­тушылармен келісіп дәріс тыңдап, сурет са­лып жүрдім. Бұл жылы түспесем, келесі жы­лы түсермін деген үміт болды. Бірақ ма­ған Ленинградтың ылғалды қысы жақпады, аял­дамада сәл тұрып қалсаң, аяғыңнан өт­кен суық сүйегіңді қақсатады екен. Бірде ауырып, дәрігерге көрінгенімде олар маған «сүйек ревматизмі» деген диагноз қойды. Сол дерт менің ресейлік шаһарда қалуыма мүм­кін­дік бермеді. Әйтпесе, мен суретпен ғана шұ­ғылданып жүре бермей, қаладағы «Спут­ник» деген электромеханикалық зауы­тын­дағы ойыншық цехының бастығы Сәрсен деген қазақ жігітінің қарауында жұмыс істейтінмін. Табысым өмір сүруіме жететін. Алайда денсаулығыма байланысты мамырда елге оралуға мәжбүр болдым. Келген соң Павлодардағы «Мойылды» шипажайында балшықпен емделдім. Солайша Ресейдегі атақ­ты оқу орнында білім алсам деген арман орындалмай қалды. Дегенмен Алматыдағы политехникалық институттың Архитектура факультетіне оқуға түстім, бірақ оқып жүр­ген­де-ақ ол салаға деген қызығушылығым бол­­мады, суретші болғым келді. Екінші курс­та оқып жүргенде ешкімге білдірмей әскери комиссариатқа барып, «мені армияға жібе­рің­дер» деп арыз жаздым. Оны факуль­те­тіміз­дің деканы біліп қойып, ректорға алып бар­ды. Ректор «тәп-тәуір оқып жүрсің ғой, сені қалай армияға жібереміз?» деп біраз рен­жіп барып, «өз қалауына байланысты» деп мені оқудан босатты. 1977 жылдың қара­ша­сында армияға алынып, алдымен батыс Украинаның Хмельницкий, кейін Иваново-Франковск қалаларында әскери борышымды өтедім. Әскерден келген соң 1980 жылы Ал­ма­ты мемлекеттік театр-көркем сурет инс­­титутына оқуға түстім. Сол жылы жарым Тө­леуғайшамен отау құрдым. Институтты 1985 жылы бітірдім. Сосын шығармашылық жо­лым басталды.

– Суретші ретінде живопись, гра­фи­ка бағытында өнімді еңбек еттіңіз. Де­ген­мен кітап безендіру саласы бойынша атыңыз шықты. Оған қалай келдіңіз, не себеп болды?

– «Жалын» баспасының бас суретшісі Мең­­дібай Әлин деген атақты суретші еді. Сол кісі Ерлан Қожабаев (бүгінде белгілі суретші-ди­зайнер) екеумізді жұмысқа шақырды. Ер­лан суретші-редактор, мен сәл кешірек бар­­ғандықтан кіші суретші-редактор болып жұ­­мысқа тұрдық.
Институтты өндірістік графика саласы бойынша бітіргенмін, ол дизайнға жақын. Бір­ақ бізді кітапқа арнап сурет салуға да үй­реткен болатын. Ол бойынша атақты Ағым­салы Дүзелханов, Ғайни Шағатаева, т.т. ұс­тазд­ар сабақ берген. Сөйтіп, алдымыздағы М.Әлин, А.Дүзелханов, Б.Табылдиев, Ә.Рах­манов секілді суретшілерге еліктеп, кітап бе­зендіруді үйрендік. Кітап графикасы бойын­ша институтта білмеген нәрселерімді бас­паға келіп игердім. Баспада ертегі кітап­тан бастап, балалар мен жасөспірімдерге ар­­­­налған поэзиялық, прозалық кітаптарға ар­нап сурет салдым, мұқабаларын жасадым. Одан кейін «Өнер» баспасында Ағымсалы Дү­зелхановпен бірге еңбек еттім. Сонда жү­ріп «Абай» плакатын, орыс тіліндегі Абайдың «Қара сөздерін» безендірдім, «Абай елі» аль­бо­мының көркемдеуші редакторы болдым.
Алтынбек Сәрсенбаев Баспа және ақ­па­рат министрі болып тұрғанда жұмысқа ша­­қырып, Баспа, полиграфия және кітап сау­дасы жө­ніндегі мемлекеттік комитетінің бас ма­маны қызметінде болдым. Сонда жүргенде «Абай-150» логотипін суретші Қансейіт Төре­құ­лов екеуміз жасадық. Одан соң «Ана тілі» баспасында жұмыс істедім. 
Жұмыстарымның ішінде өзіме ұнай­ты­ны – Тұрсын Сұлтановтың 2007 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Темір және оның империясы» деген кітабына жаса­ған графикалық жұмыстарым. Оған бар ше­берлігімді салып, жан-тәніммен беріліп жа­садым. Тарихты оқыдым, Әмір Темір өмір сүр­ген кезеңге қатысты материалдарды зерт­тедім. Нәтижесінде, жақсы жұмыс шықты. Со­сын «Атамұра» баспасының бас суретшісі Арыс­тан Ысқақовтың шақыруымен сонда ба­рып, балаларға арналған кітаптарды бе­зен­діруге атсалыстым. Сондай-ақ «Аруна» бас­пасынан шыққан көптеген кітапқа бе­зендіру жұмыстарын, оның ішінде Алдар кө­сеге байланысты серияларды жасадым. Мұ­ның сыртында көптеген қазақ қалам­гері­нің кітаптарына салған суреттерім бар. Со­нымен бірге қазақ мектептеріне арналған «Ана тілі» оқулықтарының да мұқабаларын жа­садым, яғни кеңестік кездегі қалыпты ал­ғаш бұзған кезде еңбек еткендердің қата­рын­да болдым.
Жұрт суретшілер бай деп ойлайды. Он­дайлар, бәлкім, бірен-саран болса да бар шы­ғар, бірақ кітап графикасын жасайтын­дар­дың еңбегі бізде тым арзан бағаланады...

– Бір кезде қазақ кітаптарының мұ­қа­басы ерекше болатын. Сонадайдан көз тартып, кітаптың сыртындағы суре­тін көргенде-ақ, оның мән-мағынасы мен идеясын біраз түсініп қалуға бола­тын және сол кітаптың суреті өмір бойы есте қалатын. Қазір қаптап шығып жат­қан кітаптардың мұқабасынан он­дай адамға әсер беріп, оқырманды өзіне тартып тұратын сиқыр байқалмайды. Оның себебі не? 

– Оның себебі көп. Біздің кезімізде кітап гра­фикасын жасайтын суретшілер алдымен кітапты оқып шығатын. Сосын идея іздейтін, одан сол идеяны қалай беру туралы ойланып, ұзақ ізденетін. Өйткені кітап мұқабасы бір ға­на суреттен тұрады, сол суретке автордың идея­сын сыйғызып, бір суретпен бір туын­ды­ны ұқтырып беруге жанын салатын. Қа­зір­гілер айтсаң сенбес, кейде өзіне берілген кітап­ты образын ойдағыдай шығара алмай, суретшілер баспа басшыларының көзіне түс­пей, қашып жүретін. Өйткені жұмысы өзін де, баспаны да ұятқа қалдырмауы керек. Қазір сондай жанкештілік бар ма?
Бүгінде баспаларда тұрақты жұмыс іс­тей­тін суретшілер жоқ, бар болса да ізденіп бас ауыртпайды. Мысалы, «Құлагер» деген кі­тап­тың мұқабасын жасау керек болса, шауып бара жатқан әйтеуір бір жүйрік аттың суре­тін сала қояды немесе интернеттен шауып келе жатқан аттың суретін алып қоя са­лады. Сосын жансыз бірдеңе шығады. Бүгін­де оның үстіне компьютерді игеріп ал­ған дизайнерлер көп, солар автордың айт­қанындай қылып, не өздері бір жерден алып мұқабаға қондыра салады. Сурет мазмұнға сай, образды болмаса, оның не әсері болады?
Әрине, дизайнерлік те өнер, ол мұқабаға кі­таптың аталымы мен авторының есім-сойын жазу, кітап ішіндегі мәтінге шрифт таң­дау, т.б. жұмыстарды жасайды. Ал образды кар­тина жасау нағыз суретшінің жұмысы. Оның өзінде кітап графикасын жасау бойын­ша тәжірибелі суретші болуы қажет. 
Сонымен бірге көптеген баспа артық шы­ғыннан қашып, суретшілермен жұмыс істегісі келмейді. Міне, осындай түрлі се­беп­тер­ден бүгінгі кітаптардың көбі тартымсыз шы­ғып жатыр.
Басқасы басқа, балаларға арналған кі­тап­тарды суретшінің еңбегінсіз көзге елестету мүмкін бе? Біршама ізденісті, ең­бектенуді талап ететін компьютерлік гра­фика деген бар, қазір тіпті оны қойып, кітап суреттерін жасанды интеллектке салдырып жатыр деп естимін. Жансыз техниканың сал­ғаны адамның қолмен салғанына жете ме? Сурет пен материалдың арасында адам­ның рухани байланысы болмаса ол өнер бол­майды ғой... Сондықтан баспалар өз өнім­деріне жаны ашыса суретшілермен одақ­тасып жұмыс істеуі керек деп санаймын.

– Енді сурет өнеріндегі өзге жанр­да­ғы еңбектеріңізге келейік. Қандай жанр­ларда картиналар жаздыңыз?

 – Суретшілер одағында шеберханам бар, бірақ қазір онда бара алмаймын. Баяғы Ле­нин­градтың суығы өткен соң емделгеніммен, одан құлан-таза айығып кете алмадым. Аяқ­тың ауруы асқынған соң екі аяққа ота жаса­тып едім, одан да қайыр болмады. Бірнеше жыл­дан бері үйден шыға алмайтын күйге түс­тім. 
Біраз жыл шеберханада отырып жи­во­пись жазған кезім болды. Түрлі тақырыптарға картиналар жаздым. Бірталай жұмыстарым «Балалар әдебиеті» баспасынан шыққан «Қыл­қалам шебері» атты кітапқа басылып шық­ты. Түрлі көрмелерге қатыстым. Бірақ же­ке көрмемді өткізуге мүмкіндік болмады. Көр­ме өткізу үшін оған бірталай қаражат ке­рек, себебі көрмеде картиналар бірнеше күн тұрып, көрермендердің келіп танысуына мүм­кіндік берілуі керек. Оның бәрі айналып кел­генде ақшаға тіреледі...

– Қазақ суретшілері туралы не ай­та­сыз? Қайсысының шығармашы­лы­ғы сіз­ге әсер етті?

– Жалпы, қазақта үйретері көп қылқалам ше­берлері жетерлік. Тек соларды бейнелеу өне­ріне енді келіп жатқан жастар біле жүрсе дей­мін. Қаламгерлеріміз бен композитор­ларымыз­дың деңгейінің қандай екенін біл­мей­мін, бірақ қазақ суретшілері арасында дең­гейі тым жоғары, әлемнің кез келген елі­нің ең мықты суретшілерімен иық теңес­тіре алатын тұлға көп деп айтуға ұялмаймын.
Шын мәнінде қазақ суретшілері үлкен же­тістіктерге жетті. Мақым Хиса­мет­ди­нов­тен бастап, Әділ Рахманов, Балтабай Табыл­диев­тер ғажап суретшілер ғой. Бір ғана Мең­дібай Әлиннің «Тазша бала», «Қырық өті­рік» суреттері қайталанбас туындылар. Са­лахитдин Айтбаевтың даңқы бұрынғы одақ көлемінде дүркіреп тұрса, кітап са­ла­сын Ағымсалы Дүзелханов, Меңдібай Әлин­дер жоғары көтерді. Әрі ақын, әрі суретші Қайырбай Зәкіров ағамыздың өзі бір төбе. Со­лардың бәрімізге әсері болды, біз оларға елік­тей жүріп үйрендік, үйрене жүріп өз жо­лымызды таптық.

– Қазір де сурет саласыз ба? Қандай ба­ғытта еңбектеніп жатырсыз?

– Жұмыс істеуге де денсаулық керек, ден­­­­­саулық болмаса шабыт, ынта қайдан бол­сын. Дегенмен қарап отырғаным жоқ. Кейін­гі кезде ою графикасы бағытында еңбектеніп жа­тырмын. Бұл – мен үшін жаңа бағыт. Ойым­ды оюлар арқылы беруге тырысамын. 
Өзің көріп отырсың, қазір былай-былай қоз­ғалу қиын, сосын қолыма қарындаш алып, осы отырған жерімде сурет салатын бол­дым. Оң қолым икемге келмейді, қозға­сам ауырады, сондықтан суретті сол қолым­мен саламын. Салған суреттерімді әлеуметтік желіге салып отырамын. Кей суреттерді шә­­­кірт­терім компьютер арқылы өңдеп, көп­ші­лік назарына ұсынады. 
Ою графикасы дүниеге қазақтың көзі­мен қарау ғой, сол арқылы да көп нәрсені ұқтырады. Ою графикасы негізінде салған су­рет­терім көпшілікке ұнап жатқан сияқты, жақ­сы пікірлерін жазып жатады.
Ертегі кітаптарға салған графикаларым бір ізденіс болса, Әмір Темір туралы кітап­қа салған суреттерім өз алдына бір ба­ғыт болды мен үшін. Ал қазіргі ою графи­ка­сы­мен жасап жатқан суреттерім де сурет өне­рінде менің өз қолтаңбамды айқын­дай­тын еңбек дер едім.

– Балаларыңыздан жолыңызды қуғандар бар ма?

– Екі ұлымның да сурет салатын қабілеті бар. Бірақ анасы қарсы болды. Бір үйге бір суретші жетеді деген шығар (күлді). Жалпы, шы­ғармашылық адамдары еркіндікті қалай­тын, көпшіл халық қой. Оның үстіне, несін жасырайын, жас кезімізді алқын-жұлқын жүр­ген шағымыз аз болмады. Мезгілмен са­на­спай, үйде не бар, не жоғына қарамай қа­сыңа адам ертіп келсең, ол да өзіңдей қызу бол­са... Шығармашылық адамы өз әлемінде жүр­генде жүріс-тұрысыма үй-іші қалай қа­рай­ды деген нәрсе қиялына кіріп-шықпайды ғой. Сондықтан зайыбымның қарсылығын да түсінуге болады.
Үлкен ұл полиграфия мамандығына грант­пен түсіп оқыды, кейін оны тастап Т.Жүр­генов атындағы өнер академиясына тү­сіп, соны бітіріп шықты. Телевидениеде іс­теді. Қазір дизайнер болып еңбек етеді. 
Кіші ұл сабақты жақсы оқыды. Мектеп бі­тірген соң өз күшімен бірнеше оқу орнына түс­се де, аяқтамай кете беретін. Ең соңында Ал­матыдағы Нұр-Мүбәрак университетін бітір­ді, қазір туристік фирмада еңбек етеді.
Кейбіреулер баласының өз жолын жал­ғастырғанын қалайды. Ондайлар суретшілер ара­сында да бар. Ал мен балаларыма қысым жа­самай, таңдауын өздеріне қалдырдым. Еш­кім біреудің күштеуімен, талап етуімен адам болмайды ғой. Әркім өз жүрек қалауын жа­сағаны дұрыс. Сол кезде өзін де, өзгені де кінәлаудан аулақ болады.

– Осыдан бес жылдай бұрын «Балам­ның «Болашақ» бағдарламасына қатыс­ты қарызына орай үйімді алып қойғалы жа­тыр» деп Президенттен араша сұрап едіңіз. Соның соңы немен бітті?

– Кіші ұлым АҚШ-та «Болашақ» бағ­дар­ла­масымен 3-курста оқып жүргенде төмен балл алып, стипендия төлемей қойған. Сөй­тіп, оқуын бітіре алмай қайтып келді. Оның айып­пұлын төледік. Әйтеуір үй әупіріммен өзі­мізде қалды ғой, сосын оны сатып, «То­ми­рис» ықшамауданындағы осы жер үйді сатып ал­дық. Бұл да біз келгенде толық бітпеген еді, балалар өйтіп-бүйтіп жүріп жөндеп ал­ды.

– Үйдің үлкені екенсіз. Әдетте, кейін­гі­лер өзінен алдыңғыларға еліктеп өседі ғой. Өнер жолында жүрген бауыр­ларыңыз бар ма?

– Жалпы, біздің отбасымызды алға тар­тып, балаларының бәрінің жоғары білім алуы­на анам зор еңбек сіңірді. Әкем мен учи­­­­лищеде оқып жүргенде дүние салды. 1979 жылы мен әскер қатарынан оралдым. Соның ал­дында анам ауылдағы үйді, машинаны са­тып, балаларымды оқытамын деп Алма­ты­ға келіп, Тастақтан үй сатып алған екен. Сол кісінің арқасында мен театр-көркем сурет институтын, інім Байтас Энергетика институтын, қарындастарым – Гүлира ҚызПИ-ді, Дария полиграфиялық оқу орнын, кен­же інім Бақыттас Т.Жүргенов академия­сын мултипликация режиссері мамандығы бойынша бітірді. Бірақ қазақ мультфильмі тұралап қалғандықтан киноға кетті. Қазір кинорежиссер, сценарист. Ұлттық арнада ре­жиссер болып істеді. Біраз кино түсірді. Жәң­гір хан туралы «Сарай сыры» тарихи се­риалының, «Тасөткел», «Дулати», «Жаным ме­нің» сериалдарының қоюшы режиссері. Соң­ғы жұмыстарының бірі – «Тезек» фильмі. Ол да көрермендерден жақсы баға алып жа­тыр.

– Картиналарыңызды сатқан не сый­лаған кездеріңіз болды ма?

– Өмір болған соң бәрі болады ғой. Мә­се­лен, мынау «Қобыз сарыны» деген карти­нам. «Иллюстрированный история Казах­ста­на» деген кітапқа арнап салынған. Осы­ның түпнұсқасын жеті жыл жаздым. Жақ­сы­лық Испанов деген домбыра жасайтын досыма сыйладым. Ол маған арнап домбыра жа­сап беріп еді, марқұм. Қазір соның отба­сын­да сақталып тұрса керек. Кезінде бұл кар­­­­­тинаға Иманғали Тасмағамбетовтің өзі қы­зығып еді. 
Анау бір қиын кездерде бірнеше кар­ти­нам­ды зайыбыма айтып сатқызып жібергем, әрқайсысын 350 долларға өткізіпті...

– Шәкірт тәрбиеледіңіз бе?

– Жалпы, менің алған білімім педа­го­гика­ға байланысты ғой. Дегенмен суретшілік жолға түсіп кеткен соң ұстаздық қызмет туралы ойлағам жоқ. Әйтсе де, өмір дегенін іс­­­­тетпей қоя ма? Әркім өз басымен әуре бо­лып кеткен заманда өнер адамдары далада қал­ғандай болды. Суретіме ақша төлемеді деп қашанғы үйде жата бересің? Сосын амал­сыз О.Таңсықбаев атындағы өнер колледжіне барып сабақ беруге тура келді. Дегенмен шәкірттеріме бар білгенімді жанымды сала үйреттім, бәріне өз баламдай қарадым. Содан болар, олардың да маған деген құрметі ерек­ше. Қазір шеберханамда шәкірттерім сурет салып жатыр. Үйге де жиі келіп, хабар алып тұра­ды. Соған шүкіршілік етем.

– Әңгімеңізге рахмет! Жолыңызды қуа­тын жастар көп болсын!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Тэгтер:

суретші Балтас Оспанов