Өзі жүретін көлік: мүмкін емес мүмкіндікке айнала ма?

Бүгін, 14:30 / Ербұлан Қайрат

Жүргізушісі жоқ таксиге мінер ме едіңіз? Астанадағы Наурыз той автономды көлік сынақтан өткен еліміздегі алғашқы алаң болды. Онда Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасында жасалған пилотсыз автокөлік көптің назарына ұсынылды.

21 наурызда Астанадағы Наурыз мей­рамында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасының жүр­гізушісіз автокөлігі халыққа танс­тырыл­ды.
– Алдағы уақытта мұндай тех­но­ло­гия­лар қалалық инфрақұрылымға ке­зең-кезеңімен енгізіліп, оның ішінде ұш­қышсыз такси қызметін іске қосу да ин­теллектуалды көлік жүйесін да­мы­ту­дың маңызды бағыттарының бірі бол­мақ, – деп айтылған Жасанды ин­теллект және цифрлық даму ми­нистр­лі­гінің ресми мәлімдемесінде.
Өткен жылдың аяғында Жасанды ин­теллект және цифрлық даму ми­нистр­лігі, Көлік министрлігі, Астана қа­ласының әкімдігі жеке компа­ния­лар­мен қанатқақты жобаны іске қосу ту­ра­лы келісімге келген болатын. Осы­лай­ша, өздігінен жүретін автокөліктер «ақылды қала» стратегиясы мен цифр­лық инфрақұрылымды дамыту аясында сы­нақтан өте бастады. Алғашқы ке­зеңде тестілеуден өткізу, заңнама тұр­ғы­сынан реттеу және инфрақұрылым дайындау жоспарланып отыр.
– Жүргізушісіз такси бойынша пи­лот­тық жобаны іске қосу – ақылды әрі қауіп­сіз қалалық мобильділікті д­а­мы­ту­дағы маңызды қадам. Автономды кө­­лікті енгізу біртіндеп, азаматтардың қауіп­сіздігін басты назарға ала отырып іс­ке асырылады. Сондай-ақ инфра­құ­ры­­­лымның дайын болуын қамтамасыз ету біз үшін маңызды. Астана – жаңа тех­нология енгізілер алдында нақты сы­нақтан өткізілетін алаңға айналуда. Мұн­дай тәсіл инновацияларды қол­дау­ға және қоғамның жаңа цифрлық ше­шім­дерге сенімін қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді, – деді Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Жасанды ин­тел­лект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, ал­ғаш­­қы маршрут – әуежай мен қала орталығы арасындағы дәліз. Таң­дау кездейсоқ емес: бұл бағыт – бақы­лау­ға ыңғайлы әрі сұранысы жоғары жол­дардың бірі. Мұндай тәсіл техно­ло­гияны бірден қалаға толық енгізбей, шек­теулі кеңістікте тексеруге мүмкін­дік береді. Басқаша айтқанда, қала тү­гел өзгермейді, алдымен бір бағытқа өз­геріс енгізіп, соны сынақтан өткізеді.
Үкімет бұл жобаны тек көлік ре­­­­фор­масы ретінде қарастырып отырған жоқ. Мақсат – жаңа экономикалық сег­­­­мент қалыптастыру. Автономды кө­лік­тер логистика, деректер өңдеу және цифрлық қызметтер саласында жаңа мүм­кіндіктер ашады. Болашақта бұл бюджетке қосымша кіріс әкелуге тиіс. Ал­маты мен Ақмола облысында да жүр­гізушісіз көліктерді сынақтан өт­кізу жоспарда бар екені ресми хабар­лан­ды. 
Бұл ретте, Көлік министрлігі жо­ба­ны бірден толық іске қоспай­ты­нын ашық мәлімдеген болатын. Ал­ғаш­қы кезеңдерде жүргізуші болуы мүм­кін. Тіпті, гибрид жүйеге басымдық бе­рілуі де ықтимал. Әлемдік тәжірибеде ең дамыған қалалардың өзінде жүр­гізу­шісіз көліктер толық автономды ре­жим­­де жұмыс істемейтінін де ескере кет­кен жөн.
Десек те, егер жоба сынақтан сәтті өт­се, осы бағытта сәтті қадам жасаған ел­­­­­дердің бірі болмақпыз.

Заң технологияға ілесе алмай жатыр

Дегенмен заңнамада жүргізушісіз кө­лікке қатысты нақты нормалар жоқ. Егер апат болса, жауапкершілік кімге жүк­­теледі? Көлік иесіне ме, бағ­дар­ла­ма­ны жасаған компанияға ма, әлде опе­раторға ма? Қаржы нарығын реттеу жә­не дамыту агенттігі бұл сұрақтардың әзір­ге нақты шешімі жоқ екенін мойын­­­дайды. Депутаттарға жолдаған сұра­ғы­мыз­ға да осы мазмұндағы жауаптар ал­дық. Яғни, заң бойынша әр жағдайды же­ке қарастыруға тура келеді. Бұл – уа­қыт­ша шешім. Алысқа көз тіксек, ар­найы заң қажет болады. 
Тағы бір мәселе – сақтандыру. Қа­зір­дің өзінде елімізде автосақтандыру төңірегіндегі мәселе толық шешілмей тұр. Ал автономды көліктер жағдайды одан сайын қиындатуы ықтимал. Се­бебі дерек аз, тәжірибе жоқ, ал бел­гі­сіз­дік жоғары. Сәйкесінше, баға да аспан­дап кетуі ықтимал. Осылайша, бастап­қы­да оны пайдалану қымбатқа түсуі мүм­кін.
Жалпы, әлемдегі жүргізушісіз такси тә­жірибесі әртүрлі болғанымен, оның да­муы бір логикаға бағынады: тех­но­ло­гия бірден толық еркіндікке шық­пай­ды, керісінше нақты қалаларда шек­теулі пилоттардан басталып, бір­тін­деп ауқымы кеңейе береді. 
АҚШ-та Waymo сияқты ком­па­ния­лар жүргізушісіз таксиді коммерциялық дең­гейге дейін жеткізіп, кей қалаларда то­лық автономды қызмет көрсетіп отыр, бірақ күрделі мегаполистерде әлі де қиындықтар бар. 
Қытайда Baidu жобалары мемле­кет­тік қолдаудың арқасында жылдам да­мып, арнайы аймақтарда жүздеген ро­ботакси іске қосылған, бұл мемлекет қол­дауының маңызын көрсетеді. 
Ал Дубай мен Абу Даби қалаларында ав­тономды көліктер алдын ала бел­гі­лен­ген маршруттарда, көбіне әуежай ба­ғыттарында сыналып, қауіпсіздік пен сервистің сапасына басымдық бе­ріл­ген. 
Ал Сингапур тәжірибесі керісінше қа­таң реттеу мен бақылауға негізделген. Мұнд­а технологиядан бұрын құқықтық және қауіпсіздік стандарттары әбден ор­н­ыққан. 
Ал Еуропа елдері, соның ішінде Гер­­мания мен Франция, бұл үрдіске сақ­­тықпен қарап, жүргізушісі бар не­месе шектеулі маршруттағы шешім­дер­ді қолай көріп отыр.
Жалпы алғанда, жаһандық тә­жіри­бе көрсетіп отырғандай, жүргізушісіз так­сидің табысты болуы тек техноло­гия­ға емес, инфрақұрылымның дайын­дығына, заңнаманың икемділігіне жә­не қоғамның сеніміне тікелей байла­ныс­ты.

Тэгтер:

өзі жүретін көлік автономды көлік