Ақсақалдарға шай құйып отырған келiндердiң бiрi екiншiсiнiң құлағына сыбырлап: «Самаурынды су алыпты ғой» дегенде, сол сөз кәрi құлақтарға «Самарқанды су алыпты» деп жеткен көрiнедi. Содан бері бұл сөз бейкүмән жағдайда айтылатын сөз болды. Көпшілікке белгілі «қайталау – білім анасы» деген сөз бар. Иә, бұл сөз білімге қатысты айтылады. Десе де, біз айтқалы отырған тақырыбымызда сөйлер болсақ, «қайталау – өтірікті шындыққа айналдыратын құрал» дер едік. Себебі, кейбір жалған оқиғалар қайталаулар арқылы шындық тектес болып кететіні бар. Мұны «қиялдағы шындық эффектісі» дейді. Бұл мақаламыз осы тақырыпты арқау етпек.
Әлемге әйгілі сурет тарихындағы қызықты аңызға құрылған «Құдықтан шығып келе жатқан Ақиқат» атты сурет туындысы бар. Оны француз суретшісі Жан-Леон Жером 1896 жылы салған екен. ХІХ ғасырдағы бір аңыз бойынша, Ақиқат пен Өтірік кездейсоқ кездесіп қалыпты. Екеуі біраз уақытты бірге өткізеді. Сөйтіп, келе жатса, алдарынан құдық шығыпты. Өтірік қолын суға салып, Ақиқатқа бұрылыпты. «Су сондай жып-жылы, бәлкім, бірге суға түссек қайтеді?» депті. Ақиқат сеніңкіремей, қолын суға салады. Су шынында да жып-жылы екен. Екеуі құдықтың суына түсіп, рақаттанады. Бір уақытта Өтірік судан шығып, Ақиқаттың киімін киіпті де, лезде көзден таса болады. Ақиқат ашуланып, құдықтан тырдай жалаңаш шығады. Жер-көктен Өтірікті іздепті. Киімін қайтарғысы келеді. Ақиқатты тыржалаңаш көрген әлем ұяттан көзін жерге салады. Байғұс Ақиқат ұялып, құдыққа қайта түсіпті де, сол күйі зым-зия бопты. Одан кейін Ақиқатты көргендер некен-саяқ болған екен. Содан бері Өтірік Ақиқаттың киімін киіп алып, әлемнің сұранысын қанағаттандырып келіпті деседі. Міне, осы аңызда айтылған секілді бүгінде біз айтып жүрген көптеген тарихи оқиға мен аңыз ақиқат тұрғысында қабылданып келеді. Бірақ шынайы дәйектер олай демейді. Ол мысалдар туралы кейінірек тоқталатын боламыз. Әзірге Таласбек Әсемқұловтың «Әлем мәдениетіндегі мифтер мен шындық…» атты сұхбатындағы мына бір әңгімеге назар аударалық. «ХІХ ғасырда пайда болған, 20 ғасырдан аман есен өткен, енді ХХІ ғасырға аттап, одан ары да жал құйрығы бүтін ғұмыр кешейін деп отырған әлем әдебиетінің ең ұлы мифі – әлбетте, Лев Толстой. Бүгінде Л.Толстой, кейбір зерттеушілердің айтысына қарағанда, бұрынғы соңғы жер бетінде өмір сүрген жазушылардың барлығынан, қысқасы, жұмыр басты пенденің барлығынан биік, жердегі Құдай екен. Орысша айтсақ, «самый великий, самый непревзойденный писатель всех времен и народов». Мынадай эксперимент. Көшеден жүз адамды тоқтатып, Л.Толстойдың кім екенін сұрастырыңыз, солардың әрқайсысы Толстойдың ұлы жазушы екенін айтады. Бірақ сол жүз адамның бесеуі демейін, екеуі Толстойды оқыды ма екен?
– Оқымаса, неге мақтайды?
– Мақтайды. Адам деген, қоғам деген сондай. Ал «бүкіл әлем» жұртшылығының Толстойды «ең ұлы» жазушы деп тануы Толстой есімінің көп қайталануынан. Мектеп жасынан «ұлы жазушының» есімі баланың санасына сіңіріледі. Содан соң ол бала институтқа оқуға түседі. Мұнда да әредік әредік Толстой жайындағы мәлімет жаңғырып отырады (ал филология саласында жүрсеңіз, онда ол мәліметтің көлемі – ұлан-ғайыр). Толстой шығармаларының дені экранизацияланған. Теледидардан жиі жиі көрсетіліп тұрады. Туған күні жыл сайын аталып отырады. Ашып қалсаң, Толстой, басып қалсаң, Толстой. Ақырында, тұтас ұрпақ Толстойдың бір әрпін оқымай ақ, оны «бұрынғы соңғы» «ең ұлы жазушы» деп мойындауды үйренеді. Толстойдың «ұлылығы» жердің домалақ екені, ауаның оттегіден тұратыны сияқты аксиомаға айналған.
Шындық ешқашан жағымды болмайды. Шындық тамақтан қылқ етіп, артынша бүкіл тәніңе дәру болып жайылатын қазының майы емес. Шындық – жүрегіңді сәт сайын тырнап, тыныштық таптырмайтын, ұятың мен арыңды, иманыңды оятатын, баяғы Бальзак айтқан «ізгілік қышқылы» («нравственная кислота»)», – дей келе Таласбек біздің жұртымызда тарап кеткен аңыздарға тоқталады. «Бізде қазақта Толстойға деген құрметтен гөрі итаршылыққа ұқсас әлдебір түсініксіз құлдық ұру, табыну бар. Бір кезде, Шәкәрім Құдайбердиев заманында Толстоймен хат алысып тұрыпты деген қауесет тараған. Толстойдың жанында Чертков деген хатшы отырған. Ол «данышпан қарияның» кірген шыққанын, ішкен жегенін, айтқан баққанын, шып-шырғасын шығармай, қағазға түсіріп хаттап отырған. (Осы «керемет» мемуардың арқасында біз Толстойдың кофені сағат нешеде ішетінін білеміз). Қызық үшін Чертковтың мемуарын қайтадан қарап шықтым. Қазақ даласынан, пәленше деген қазақтан хат келді деген мәлімет таба алмадым. Мұның сыртында айтарым, Толстоймен хат алысу, қазақ үшін неге сонша биік абырой, өлшеусіз бедел саналуы керек. Бірде Мұхтар Мағауин өзінің сая-жайында туған туысқандарын, жора жолдастарын шақырып қонақасы бергені бар. Кім екені есімде жоқ, бір адам: «Мұқа, осы Махамбет, рас болса Пушкинмен хат алысып тұрған дейді. Осы туралы не айтар едіңіз?» деп сұрады. М.Мағауин сәл ойланып отырды да: «Әй, Махамбет Пушкинді қайтеді», – деді. Елдің барлығы қыран топан күлкіге батты. Ойымша, қазақ өзінің санасын жайлаған Батыстың, орыстың әдеби мифтерінен неғұрлым тезірек арылғаны дұрыс» деп түйіндейді.
«Қайталау – өтірікті шынға айналдыру»
Әсемқұлов Толстойдың аңызға айналуын қайталаулар арқылы тарады дейді. Бұл құбылыс – психологияда қиялдағы шындық эффектісі деп аталады. Яғни, бір ақпаратты қайта-қайта ести берген сайын, ол шындыққа ұқсап кететін құбылыс. Яғни, ми «мұны бұрын естігем, демек, рас шығар» деп қателеседі. Себебі ми үшін таныс ақпаратты өңдеу оңай. Ал оңай өңделетін нәрсе бізге сенімді, дұрыс сияқты сезіледі, тіпті ол жалған болса да. Ол біздің күнделікті шешімдерімізге, саяси таңдауымызға, денсаулыққа қатысты әрекеттерімізге, тіпті өз-өзімізді бағалауымызға тікелей әсер етеді. 1977 жылы америкалық психологтар Линда Хашер, Дэвид Голдштейн және Томас Топпино тәжірибе жүргізді. Олар адамдарға бір бөлігі рас, бір бөлігі жалған болатын ақпараттарды бірнеше рет көрсетті. Нәтижесінде, қатысушылар қайта көрсетілген жалған мәліметтерді де шын деп қабылдай бастаған. Бұл – ми «жалқаулығының» салдары емес, керісінше эволюциялық үнемдеу механизмі. Қайталанған ақпарат тез қабылданады, аз күш жұмсалады, таныс сезім береді. Иә, біз Күн сайын мыңдаған ақпарат тұтынамыз. Әрқайсысын тексеруге миымыздың ресурсы жете бермес. Сондықтан ол «бұл ақпарат таныс па?» деген қысқа жолды пайдаланады. Сол себептен XXI ғасырдағы ең маңызды дағды сыни ойлау емес, қайталанған ойдан сақтану десек болардай.
Ақиқатқа айналған аңыздар
Белгілі қаламгер Ұларбек Дәлейдің «Омар Хайямды мадақтау» атты жырында: «Омарға барайық, ...Ол қазір ішпейді, Түн жастап мешітке ұрлыққа түспейді. Оны айтқан имансыз орыстың өсегі, Ішпей де ұрламай, жыр жазған деседі», деп келетін жыр жолдары бар. Иә, әдетте танымал ақын-жазушылар ішкілікке әуес болған деген аңыздар жетерлік. Оның ішінде Омар Хайямнан бастап, кешегі Шәмші, Мұқағалиларға дейін жетеді. Әсіресе, Омар Хайям шарапты көп ішкен, өмірі тек той-думанмен өткен деген аңыз желдей еседі. Анығында, математик, астроном, философ болған Омар Хайям өлеңдеріндегі «шарап», «мас болу» сопылық, философиялық метафора еді.
Ол заманда шарап рухани еркіндік, уақыттың өткіншілігі, догмаларға қарсы ой ретінде қолданылған. Ғалымдар Омардың мастығын «рухани нирвана» деп санайды. Яғни, Құдайға ғашықтық. Бұл бір мысал ғана. Енді қалған мысалдарға ретімен кезек берелік. Алдымен алма туралы екі аңызды айтайық. Барлығымыз Ньютон бүкіләлемдік тартылыс заңын өз бақшасында ағаштың астында отырып ашты деп ойладық. «Ай неге жерге түспейді, жарықты ғарышта қандай күш ұстап тұр» деп ойланып отырған Ньютонның басына алма құлаған дейміз. Десе де, алманың ағаштан құлағаны рас, бірақ Ньютонның басына емес, жерге – ғалымның қасына құлаған. Құлаған жемісті көрген Ньютон тартылыс күшіне қызығушылық танытып, алманы жер бетіне не тартатынын, бірақ Ай мен Күннің орнында қалуына не себеп болатынын түсінуге шешім қабылдаған. Алма туралы екінші аңыз, барлық сурет туындыларында Хауа ана алақанында қызыл алмамен бейнеленген, сол сияқты әңгімелерде адамдардың «Білім ағашының алмасынан» дәмін татқаны айтылады. Негізі, бұл да аңыз. Киелі кітапта алма туралы ешқашан айтылмаған, Адам мен Хауа ағаштың жемісін жеді делінеді. Алайда бұл жемістің қалай көрінетіні Киелі кітапта сипатталмаған, сондықтан визуалды түрде суреттерде алманы бейнелеу әдетке айналған. Сонымен қатар алма ағаштары Таяу Шығыста өспейді, яғни бұл ағаштың жемісі Киелі кітапқа енуі неғайбыл.
Сурет туралы айтылғанда Наполеонның суреті туралы да айта кетейік. Карикатуралар мен әдеби шығармалар Наполеонның бойының қысқалығын жиі атап өтеді. Бойы тапал бола тұра бүкіл әлемді тізе бүктірген деген сыңайдағы әңгімелерді жиі естиміз. Бонапарттың зор амбициясы оның кішкентай бойымен түсіндірілді. Бірақ мұның бәрі біздің заманымызға дейін жеткен әзілдер мен мифтер, өйткені Наполеонның бойы – 170 см болатын.
Кезекті кең таралған аңыздардың бірі – Менделеев химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көрген деген аңыз. Аян туралы айтылғанда жиі айтылатын бұл оқиға шынымен болған ба? Ғалымның өзі бұл түске байланысты қауесетті көзі тірісінде-ақ жоққа шығарып, былай деген: «Мен онымен (кестемен) жиырма жыл бойы әурелендім». Түс туралы оқиғаны шындығында Менделеевтің досы, мұғалім А.Иностанцев шәкірттерінің көңіл күйін көтеру үшін әзіл ретінде ойлап тапқан. Анығында, ғалым 20 жылдан аса зерттеу жүргізіп, элементтерді карталарға жазып, қайта-қайта орналастырған.
Келесі бір қызық дерек викингтер туралы. Викингтер десек, біздің көз алдымызға мүйізді дулығалы, жануарлардың терісін жамылған, жабайы алып адам орала қояды. Викингтердің осынау стерео-типтік бейнесі бізге балаларға арналған әңгімелер мен мультфильмдерден келді, бірақ шын мәнінде викингтер біз ойлаған-дай емес еді. Оған археологиялық дәлел жоқ.
Бұл образ XIX ғасырдағы опера мен театрдан шыққан. Мысалы, мүйізі бар дулығалар тек салт-жоралар мен рәсімдер үшін киілді, ал әскери викингтердің әдеттегі киімі берік металдардан жасалған сауыт болды.
Бұл – тарих пен әдебиетке қатысты мысалдар. Қиялдағы шындық эффектісі тек тарихқа ғана жүрмейді. Ол біздің өмірімізде етек жайғаны соншалық, барлық ақпаратқа сіңісіп үлгерді. Мәселен, «вакцина аутизмге әкеледі» деген ғылыми дәлелденбеген аңыз бар. Мұның негізі 1998 жылға барып тіреледі. Осы жылы бір жалған ғылыми мақала жарияланады. Ол мақаланы кейіннен ғалымдар толығымен жоққа шығарды. Десе де, БАҚ-та, ата-аналар форумында, әлеуметтік желілерде қайта-қайта айтылғандықтан, миллиондаған адам бұған күмәнсіз сенеді. Бұл сенімнің салдары вакцинадан бас тартуға, қайта тараған қызылша ауруының өршуіне, көкжөтел індеттеріне алып келді.
Сенім салдары дегеннен шығады. Кейде бір сенім өтіріктің өзін шынға айналдырады. Мәселен, 1930 жылы АҚШ-та адамдар арасында «Банк жүйесі құлайды екен» деген сөз тарады. Көп адам еш дәлелсіз депозиттерін ала бастады. Салдарынан банктер расымен жабылып тынды. Яғни, жалған ой қайталанып, өзін-өзі ақтайтын шындыққа айналды.
Көпшілігіміз айтатын адам ми мүмкіндіктерінің тек 10 пайызын пайдаланады деген ақпар бар. Бұл аңыз XIX ғасырдың екінші жартысында, ғалымдар вундеркинд пен қарапайым адамның оқу қабілетін салыстырған кезде пайда болды. Теория ХХ ғасырда, зерттеушілер адам миының көптеген бөлігі белсенді емес екенін байқаған кезде күшейе түсті. Адам ми қуатының тек 10 пайызын пайдаланады деп ойлады. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, біз бір күн ішінде ми энергиясын 100 пайыз қолданымыз, бірақ оның барлық бөлігін емес. Әр бөлім әртүрлі функцияларды орындайды. Тыныс алуды басқаратын бөлімде тоқтаусыз белсенді жұмыс атқарады. Қажет болса, басқа бөліктер қосылады. Демек, бұл ақпарат та шындықтан алыс.
Біз әдетте сауда жасағанда танымал брендтерге көз тігеміз. Әрі «қымбат болса – сапалы» деп ойлаймыз. Себебі бұл идея жарнамада, ортада үнемі қайталанады. Ал шындығында әрқашан олай емес. Бір мысал келтірелік. «№1 стоматологтар ұсынады». Бұл жарнама сізге таныс па? Дәл осы жарнаманы қанша тіс пастасының жарнамасынан көргеніңіз есіңізде бар ма? Иә, бірнешеу. Ал бұған нақты дәлел жоқ, бірақ бір бренд бұл сөзді үнемі қайталаса, ми оны шындыққа балайды. Себебі дәлелденбесе де қайталану сенім тудырады.
Сол секілді біз сенетін кейбір жағдайлар толыққанды шындық деген сөз емес. Бұл психология мен қарым-қатынаста да бар. Мәселен, «егер қызғанса, демек сүйеді» дегенді қанша құрбыңыздан яки досыңыздан естідіңіз? Тіпті, «нағыз махаббатта қиындық болуы керек» дегенді жиі айтамыз. Бұл ойлар фильмдерде, әндерде, әңгімелерде көп айтылғандықтан, солай аксиомаға айналып үлгерді. Соның кесірінен адамдар қолайсыз қарым-қатынасты қалыпты деп қабылдайды.
Саясаттағы аңыздар қалай іске асады?
Кейде біз бір саясаткерді бірден ұнатып қаламыз. Неге екенін өзіміз де түсіндіре алмаймыз. Ал кейде бір идея «дұрыс сияқты» көрінеді бірақ нақты себебін сұрасаң, айту қиын. Бұл кездейсоқтық емес.Бұл – манипуляция. Саясатта, ақпаратта және үгіт-насихатта қолданылатын арнайы әдістер бар. Олар біздің ойымызды тікелей емес, жанама түрде өзгертуге арналған. Солардың ең кең тарағандарын қарастырайық.
Бірінші, «ұсыну» қағидасы, яки танымал адамның көлеңкесінде қалу. Бұл әдістің логикасы өте қарапайым «егер белгілі адам қолдаса, демек, дұрыс».
Саяси үгітте үміткердің жанында танымал әнші, атақты спортшы, беделді ғалым жүрсе, ол адам автоматты түрде сенімдірек көрінеді. Бірақ маңызды сұрақ «сол атақты адам саясатты шынымен түсіне ме?». Бәрі бірдей сасатиты түсінуі мүмкін емес.
Бірақ миымыз: «ол ақылды, танымал, демек, таңдауы да – дұрыс» деп ойлайды.
Екінші, «ауыстыру» қағидасы.
Бұл қандай қағида? Бұл тәсілде нақты тұлғаның немесе идеяның нақты қасиеті емес, оның кімге немесе неге ұқсастырылғаны маңызды. Мысалы, саясаткерді батырлармен салыстыру; бағдарламаны «тәуелсіздік», «ұлттық рух» ұғымдарымен байланыстыру. Нәтижесінде, біз идеяны емес, оған жабыстырылған образды бағалаймыз. Бұл – логика емес, ассоциация.
Үшінші, «қарапайым адам» қағидасы.
«Мен де сендеймін». Бұл әдісте саясаткер қымбат костюмін шешіп, қарапайым сөзбен сөйлеп, «халықтың баласы» кейпіне енеді. Мақсат – біреу: «ол біз сияқты, бізді түсінеді» деген ой тудыру. Ал шын мәнінде қарапайым сөйлеу мен қарапайым киіну – қарапайым ойдың дәлелі емес. Дәл сол секілді «карта ауыстыру» қағидасы деген де бар. Ол шындықты білдіртпей өзгерту. Мұнда факт бар, бірақ ол толық емес немесе бұрмаланған. Айталық, контекстсіз статистика, бір кадрды қайта-қайта көрсету, пайдалы бөлігін ғана айту. Адам «факт қой, демек, рас» деп сенеді, бірақ ол факт толық шындық емес. Сондай-ақ «тамаша дарынсыздық» қағидасы деген де бар. Бәріне таныс, бірақ бос сөздер. Саясатта жиі еститін ұрандар: «әділетті қоғам», «бостандық», «адам құқықтары», «еркіндік», «сөз бостандығы»... деген сөздер жиі айтылады. Бұл сөздер баршаға таныс, жағымды болғанымен, оның нақты мазмұнына мән берген абзал. Көп адам «бұл жақсы идея» деп келіскенімен, «қалай жүзеге асады?», «кім үшін?», «қандай жолмен?» деген сұрақ қойылмайды.
«Ортақ вагон» қағидасы немесе «бәрі солай ойлайды» деген тәсілге жүгінейік. Бұл әдіс өте таныс. «Халықтың басым бөлігі қолдап отыр», «көпшілік осылай ойлайды», «бәрі соған көшіп жатыр» деп келетін ойлар жүйесі. Миымыз көпшілікке ергісі келеді. Бұл – әлеуметтік инстинкт. Сол секілді телеарналарда немесе өзге де әлеуметтік желі арналарында қажетсіз саясаткерді әдейі тартымсыз кадрда көрсету, сәтсіз сәтін қайта-қайта қайталау, монтаж арқылы жағымсыз образ жасау жиі қолданылады. Көрермен «неге екенін білмеймін, бірақ ұнамайды» деп ойлайды. Оның себебі – визуалды манипуляция.
Бұл әдістердің бәрі біздің санамызға тікелей шабуыл жасамайды, бірақ ойымызды жайлап, байқатпай өзгертеді. Ең қауіптісі – адам манипуляцияға ұшырағанын сезбейді. Сондықтан қазіргі қоғамда ең маңызды сұрақ: «маған не айтылды?» емес, «маған қалай айтылды?» деген ойға бой ұрған дұрыс.
Түйін:
Иә, біздің қоғамда жалғаннан шындықты ажыратып алу оңай дүние емес. Десе де, «бұл ақпаратты қайдан білемін?» деп сұрау салған артық етпейді. Бір дерекке ғана емес, бірнеше ақпарат көзін саралаған жөн болмақ. «Қайталана беретіні үшін ғана сеніп тұрған жоқпын ба?» деп ойлану сіздің сыни ойлау дағдыңызды арттырмақ. Себебі жоғарыда аңызда келтіргендей, Өтірік Ақиқаттың кебін киіп жүруі әбден мүмкін.
Наурызбек САРША