Таңертең көзімізді ашқаннан күн батқанға дейінгі аралықта ғылымның мыңдаған жетістігімен бетпе-бет келеміз. Тұтынатын тағамымыз, қолданатын құрылғымыз, тіпті денсаулығымызды түзейтін медицина да – ғалымдардың тынымсыз ізденісінің жемісі.
Әлемнің дамыған елдері ғылымды тек зертхана қабырғасында қалдырмай, оны жалпыхалықтық мәдениеттің бір бөлігіне айналдыру үшін кешенді стратегиялар қолданады.
Қытай – әлемде ғылымды насихаттаудың тиімді моделін көрсетіп отырған және арнайы қабылданған заңы бар санаулы елдердің бірі. «Ғылымды таныту туралы» заң бойынша (2024-2025 жж. жаңартылған) әрбір мемлекеттік кәсіпорын мен ғылыми мекеме өз табысы мен уақытының бір бөлігін халыққа есеп беруге және түсіндіру жұмыстарына жұмсауға міндетті. Мұндағы ғылыми музейлер де жай ғана экспонаттар жиынтығы емес, адамдар, әсіресе балалар физикалық заңдылықтарды өз қолымен тексеріп көретін орталықтар. Осындай 1 900 тұрақты музейден бөлек, Қытайдың шалғай ауылдарына баратын 1 000-нан астам жылжымалы ғылыми орталық бар. Бұл – «ешбір баланы ғылымнан тыс қалдырмау» стратегиясының бір бөлігі. Мәселен, Тяньгун ғарыш стансасынан тікелей эфирде берілетін сабақтарды бір мезетте 60 миллионнан астам мектеп оқушысы тамашалайды.
Қытай ғылымды танытуға жылына 3 миллиард доллардан астам қаржы бөледі. Мемлекет ғылымды танытуды мемлекеттік қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздіктің кепілі ретінде қарастырады.
Алпауыт АҚШ ғылымды экожүйе және азаматтық ғылым бағытында дамытып, мемлекеттік гранттар, жеке қорлар мен медианың тығыз байланысын қамтамасыз етіп отыр. Smithsonian-нан бөлек NASA-ның жылдық бюджетінің қомақты бөлігі қоғаммен байланыс бағдарламасына кетеді. Олар Марстағы роверлерге «жеке мінез» беріп, оларды әлеуметтік желіде сөйлету арқылы ғылымды адамға жақындатты.
Ұлттық ғылым қорының (NSF) талабы бойынша АҚШ-та ғалым мемлекеттен грант алу үшін өз жобасының пайдасын кеңірек бір бөлімге жазуы керек. Яғни, ол өз зерттеуін қарапайым халыққа қалай пайдалы екенін және оны қалай түсіндіретінін дәлелдемейінше, ақша берілмейді.
Ал STEM-фестивальдерге 300 мыңнан астам адам қатысады. Мұнда ғылым ойын-сауық индустриясымен (Disney, Marvel секілді) бәсекеге түсе алатын деңгейде ұсынылады.
Бүгінде ғылымды тек оқулықпен емес, креативті жолдармен өз халқына «сатып» отырған көшбасшы елдердің бірі – Ұлыбритания. Олар ғылымды ұлттық брендке айналдырған. BBC арнасы ғылыми бағдарламаларды Голливуд фильмдері деңгейінде түсіреді. Сэр Дэвид Аттенборо немесе физик Брайан Кокс сияқты тұлғалар халық арасында өте танымал. FameLab – ғалымдарға арналған X-Factor сияқты шоу. Жас ғалымдар сахнаға шығып, 3 минут ішінде өз зерттеулерін ең қызықты әрі түсінікті тілде айтып беруге тиіс. Бұл формат қазір әлемнің 30-дан астам еліне тараған.
Бұл бағытта Германия да оқ бойы озық тұр. Оларда «Ғылым жылы» аясында жыл сайын белгілі бір тақырып («Мұхиттар», «Жасанды интеллект») таңдалып, бүкіл ел бойынша фестивальдер мен ашық пікірталастар өтеді.
Еуропа Одағы қарапайым адамдарды нақты ғылыми зерттеулерге қатыстыра отырып, азаматтық ғылымның дамуына басымдық беріп отыр. Арнайы қосымшалар арқылы кез келген адам ауа райын бақылау, сирек кездесетін құстарды тіркеу немесе жұлдызды аспанды суретке түсіру арқылы ғалымдарға мәлімет жинауға көмектеседі. Бұл адамдардың ғылымға деген жеке жауапкершілік сезімін оятады.
Жапонияның ғылымды дамыту қоғамы Hirameki Tokimeki бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Мұнда жетекші ғалымдар мектеп оқушыларын өз зертханаларына шақырып, нақты тәжірибелер жасатады. Сондай-ақ шетелдік жас ғалымдар жапон мектептеріне барып, өз зерттеулері туралы ағылшын тілінде дәріс оқиды, бұл оқушылардың әрі ғылымға, әрі шет тілін білуге деген қызығушылығын арттырады.
Дамыған елдер ғылымды тек білім беру саласы емес, экономикалық драйвер және ұлттық имидж ретінде қарастырады. Олар ғылымды тұтыну тауарына айналдыра білді. Мысалы, АҚШ-та ғылыми музейге бару демалыс күнгі ең танымал отбасылық дәстүр болса, Қытайда ғалым болу – ең табысты әрі беделді мансаптың бірі.
Біздің елімізде де ғылымды насихаттауды мемлекеттік басымдыққа айналдыруда. Бұл бағытта тек заңнамалық емес, тәжірибелік және қаржылық шаралар кешенді түрде жүзеге асырылып отыр. Кейінгі екі жылда ғылымды басқару вертикалы толығымен жаңарды, мемлекет шикізаттық экономикадан білім экономикасына өтуге талпыныстар жасауда.
Президент жанындағы Ғылым мен технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы ғылымның мәртебесін ең жоғары мемлекеттік деңгейге көтерді. Бұл стратегиялық шешімдердің бюрократиялық кедергісіз тікелей қабылдануына жол ашты. 2024 жылы шілдеде қабылданған және 2025-2026 жылдары толық күшіне енген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғалымдардың мәртебесін арттырды. Енді ғылыми жобаларды коммерцияландыру жеңілдетілді. Жаңа заң ғылымды тек «білім берудің қосымшасы» ретінде емес, дербес экономикалық сектор ретінде бекітті.
Мемлекет 2029 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаражатты ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар (мұнай, газ компаниялары) өз табысының 1 пайызын тікелей отандық ғылымға бағыттауға міндеттелді. Бұл ғылым мен нақты сектордың арасындағы алтын көпір болмақ. Мемлекетіміз ғылымды қаржыландырудың тек көлемін емес, құрылымын да өзгертті. Ендігі жерде гранттар іргелі зерттеулермен қатар, бизнеске бағытталған қолданбалы жобаларға да беріледі.
Ғылымын дамытуды көздейтін ел адами капиталға баса мән береді. Мәселен, «Жас ғалым» жобасы аясында мыңдаған жас маманға постдокторантура деңгейінде жоғары жалақы мен зерттеу мүмкіндігі берілді. Жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды. Бұл ғылымды жастар үшін «тиімді мансап жолы» ретінде көрсетуге бағытталған және ғалымның әлеуметтік бейнесін өзгертудегі ауқымды шара.
Алматы мен Астанадан бөлек, облыс орталықтарындағы университеттер базасында «Үздік ғылыми-білім беру хабтары» құрылуда. Бұл ғылымның тек ірі қалаларда емес, өңірлерде де дамуына жол ашады. М.Қозыбаев университеті (Петропавл), А.Жұбанов университеті (Ақтөбе) сияқты оқу орындарының шетелдік жетекші ЖОО-лармен (Arizona State University, Heriot-Watt т.б.) серіктестігі ғылымның сапасын халықаралық стандартқа жеткізді.
Ғылым – тез нәтиже беретін сала емес. Алайда мемлекетіміз жүзеге асырып отырған іс-шаралардың алғашқы көрсеткіштерін үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – қысқамерзімді нәтиже (1-3 жыл). Осы аралықта ЖОО-ға ғылыми бағыттар бойынша түсетін талапкерлер саны артады. Қазақ тіліндегі ғылыми-танымал контенттер (Reels, подкасттар, мақалалар) сапалық жағынан өседі. Екіншісі – ортамерзімді нәтижелер. 5-10 жыл шамасында отандық ғалымдардың патенттері негізінде жасалған өнімдер нарыққа шыға алады. Қазақстанның халықаралық инновациялық индекстердегі орны жоғарылайды. Үшінші ұзақмерзімді нәтиже шамамен 15 жылды қамтиды. Ол кезде ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арылып, білім экономикасына көшеді. Ал бүгінде еліміз ғылымды насихаттау кезеңінен оны экономиканың драйверіне айналдыру кезеңіне өтіп жатыр. Әсіресе, жасанды интеллект (AI) туралы 2025 жылы қабылданған жаңа заң бұл процесті жеделдете түспек.
Мойындау керек, ғылым саласында шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Елімізде ғылымның дамуына мемлекет қаржы бөлгенімен, жеке сектор әлі де отандық ғылымға инвестиция салуға сақтықпен қарайды. Есеп берудің көптігі мен күрделілігі ғалымдардың уақытын зерттеуден гөрі қағазбастылыққа көбірек жұмсауына себеп болуда. Қазақстанның ғылымдағы қазіргі қадамдарын сапалық серпіліс алдындағы дайындық деп сараптауға болады. Мемлекет инфрақұрылым мен заңнамалық базаны жасап берді. Ендігі кезек ғалымдар мен бизнес қауымдастығының осы мүмкіндікті нақты экономикалық өнімге айналдыруына байланысты болмақ.