Перизат Қайраттың көлігі аукционға шығарылады (ФОТО)

Бүгін, 12:03 / Інжу Әлихан

Астанада сотталған Перизат Қайраттан тәркіленген автокөліктердің бірі электронды сауда алаңына қойылды. Аукцион 7 сәуірде өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Лотқа тіркелген құжатқа сәйкес, MERCEDES-BENZ S450 маркалы автокөліктің бағалау құны 79 415 000 теңгені құрайды. Алайда хабарландыруда мүлік мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілуі мүмкін екені көрсетілген. Сондай-ақ көлік бір ғана қатысушыға сатылуы ықтимал.

Ақпаратта автокөлікті құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Президент қызметін қамтамасыз ететін құрылымдарға, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарына беруге болмайтыны нақтыланған.

Сипаттамада көліктің 2024 жылы шығарылғаны, қара түсті екені және мемлекеттік нөмірі 777KPK01 екені жазылған. Бұл нөмір бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі жариялаған видеода көрсетілген көлікпен сәйкес келеді.

Сонымен қатар көлікте Pandora дабыл жүйесі бар кілт бар екені, алайда аккумуляторы отырып қалғандықтан техникалық жағдайын тексеру мүмкін еместігі айтылған.

Қазір автокөлікке тыйым салынған. Сатушы – қалалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.