Ғалымжан Кенжебек ҚПЛ-ге оралуы мүмкін

Бүгін, 16:53 / Інжу Әлихан
ҚФФ

Футболшы Ғалымжан Кенжебек ҚПЛ клубы сапында еурокубоктарда өнер көрсетуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

eldar_amanvibe арнасының жазуынша, ол ойын сапасының төмендеуіне байланысты Ресей чемпионатынан Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралуы мүмкін.

«Көпшілік жуырда ғана бельгиялықтарды қапы қалдырған Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Намибияға қарсы ойында өз деңгейінде көрінбей қалғанын байқады. Әңгіме вингер Ғалымжан Кенжебек туралы. Қыста Қазақстанның ең талантты футболшыларының бірі ҚПЛ-дан РПЛ-ға ауысып, «Ахмат» клубына өткен еді. Команда ауыстыру, әсіресе чемпионатты өзгерту – әрдайым күрделі процесс», – деп жазды инсайдер.

Қазір Кенжебек «Ахматтан» Қазақстан клубтарының біріне уақытша өтуі мүмкін.

«Менің мәліметімше, футболшыға ҚПЛ-дың екі клубы – «Ордабасы» мен «Ақтөбе» қызығушылық танытып отыр. Шымкенттік клуб ойыншыны жалға алу нұсқасын ұсынып, оны осы трансферлік терезеде қайтарғысы келеді. Алайда тағы бір үміткер бар – «Елімай» клубы. Андрей Карпович баптайтын команда футболшыны қайтару мүмкіндігін алдын ала қарастырған. Оның үстіне, Кенжебек өзі де Қазақстанға оралса, дәл осы «Елімай» сапында ойнағысы келетінін бірнеше рет айтқан. Егер РПЛ-да жағдайы ойдағыдай болмаса, футболшы еурокубоктар қарсаңында өзіне таныс ұжымға қайта оралуы мүмкін. «Ахматтың» алда Ресей чемпионатында тағы сегіз ойыны бар. Кенжебек көбірек ойын тәжірибесіне ие болып, өз әлеуетін дәлелдейді деген үміт бар. Қалай болғанда да, біз қазақстандық футболшылардың мықты чемпионаттарда тұрақты ойнағанын қалаймыз», – деп түйіндейді дереккөз.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы мен “Тобыл” клубының жартылай қорғаушысы Дамир Марат FIFA Series жолдастық турнирінде Намибияға қарсы өткен матч (2:0) туралы пікір білдірген болатын.