Ұлыбританияда тиіндер электронды темекіге әуес бола бастады

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: science.mail.ru

Тиіндердің электронды темекіге деген қызығушылығы экологтарды алаңдатып отыр. Daily Mail мәліметінше, әлеуметтік желілерде тиіндер вейпті тістеп немесе ұстап тұрған фото-видеолар көбейген, деп хабарлайды turkystan.kz.

UK Squirrel Accord ұйымының директоры Кей Хоудың айтуынша, жануарларды вейп сұйықтығының тәтті иісі тартады. Сол себепті олар құрылғыны азық деп ойлап, кеміріп немесе жұтып қоюы мүмкін.

Мамандар бұл құбылыстың қауіпті екенін ескертеді. Вейп құрамындағы пластиктен бөлек, никотин мен батареядағы литий сияқты заттар жануарлар үшін уытты. Мұндай жағдай тек тиіндермен шектелмейді. Мысалы, Жаңа Зеландия аумағында бір құстың электронды темекіні жұтып, өліп қалғаны тіркелген.

Электронды сигареттер үй жануарларына да қауіп төндіреді. Иттер тәтті иіске алданып, вейп сұйықтығын жалап қоюы мүмкін, бұл улануға немесе өлімге әкеледі.

Сарапшылардың дерегінше, Ұлыбританияда тыйым енгізілгенге дейін апта сайын шамамен 5 миллион вейп қоқысқа тасталған. Олардың көпшілігі қоршаған ортаға тарап кеткен.

Тэгтер:

Ұлыбритания Тәуелділік вейп