Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған «Жас art DANCE» би ансамблі Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен халықаралық «Tashkent Talent Fest» байқауында бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, сайысқа Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елінен 500-ге жуық бала қатысып, үш номинацияда бақ сынады.
Ақтаудағы NIS оқушылары «Хореография» номинациясында бақ сынап, «Той думан» биін көпшілікке таныстырды. Ал байқаудың ашылу салтанатына «Мереке» биін көпшілікке таныстырды.
Оқушылардың жетекшісі Үлбір Саматқызының сөзінше, ансамбль мүшелерінің басты мақсаты - билеп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрін ерекше форматта таныстыру болды.
- Хореография би ғана емес, бұл жүрек үнін, әр түрлі оқиғаларды, ойды, идеяны жетккізу. Біз бидің концепцциясын толығымен өзіміз ұйымдастырамыз. Сол себепті де идея көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамын, - дейді Үлбір Саматқызы.