Жаңалықтар

"Жол" фильмі халықаралық кинофестивальда жүлдеге ие болды

ашық дереккөзі

"Жол" фильмі халықаралық кинофестивальда жүлдеге ие болды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Қазақфильм" киностудиясында өндірілген Асқар Ұзабаевтың "Жол" фильмі 2017 жылдың 13-20 сәуір аралығында Ресейде өткен "Красногорский" халықаралық спорттық кинофестиваліне қатысып, "Үздік сюжет" номинациясы бойынша жеңіске жетті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  "Жол" фильмінің түсірілімі Алматы қаласында өтті. Түсірілім жұмыстарының бір бөлігі қаладағы "Барахолка" аталып кеткен базарда түсірілсе, жаттығу жұмыстары бейнеленген көріністер Қазақ ұлттық аграрлық университетінің спорт залында түсірілді. Фильмдегі басты рөлді "G.H.A.D" музыкалық тобының әншісі, жас актер Назар Шархан сомдаған. Ал бас кейіпкердің сүйіктісінің рөлінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі Динара Жұмағалиева ойнаған. Ал картина барысындағы ең жағымсыз кейіпкердің бейнесіне ҚР Еңбек сіңірген артисі Димаш Ахимов ("Соңғы асу", "Примите Адама!"). Сонымен қатар фильмде жаттықтырушының рөлін - ҚР Еңбек сіңірген артисі Ерік Жолжақсынов, Темірланның әкесінің рөлін - Ержан Түсіпов ("Сіз кімсіз Ка мырза?") ойнайды. 2003-ші жылы құрылған "Красногорский" халықаралық фестиваль - Шығыс Еуропадағы және ТМД елдеріндегі ірі спорттық кинобайқау. Кинофестиваль президенті - әлемнің үш дүркін олимпиада чемпионы, әлемнің он дүркін чемпионы, он бір рет Еуропа чемпионы - Ирина Роднина. Биылғы жылы фестиваль бағдарламасына 100-ге жуық спорт туралы кинотуындылар түскен. Фестивальге қатысу үшін таңдап алынған 70-ке жуық көркем және деректі кинофильмдер 15 елден ұсынылған. Олардың арасында: Ресей, Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Молдова.