Ақордада ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен әлемдік дода еліміз үшін өте табысты болғанына тоқталды. Жаһандық бәсекеде отандасымыз Ербол Хамитов алтын және қола медаль жеңіп алды.
– Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк Туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық, – деді Президент.
Президент бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Ербол Хамитовтың жетістікке жету жолында оның бапкерлері айрықша рөл атқарғанына назар аударды.
– Сіздер Ербол Хамитовқа білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Оның чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді. Атлеттеріміздің жетістігі – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Табысқа жету формуласын бәрі біледі. Алайда асқақ мұратқа қол жеткізу үшін көптеген игіліктен және өмірдің қызығынан бас тартып, қиын жолды еңсеруге екінің бірі тәуекел етпейді. Әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына зор серпін береді. Бұл өте маңызды. Өйткені спортпен шұғылданатын, өз-өзін қамшылап, күн сайын шыңдайтын, сондай-ақ темірдей тәртіпке үйренген адамдар тіршіліктің тауқыметіне мойымайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл ретте паралимпиадашылардың жөні тіптен бөлек. Олардың өмірі – нағыз ерліктің, қайтпас қайсарлық пен мұқалмас ерік-жігердің үлгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.