Дастан Сәтпаев әлемдегі ең үздік 50 футболшының тізіміне енді

Бүгін, 21:50 / Өтей Торғайұлы

Қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаев әлемдік деңгейде мойындалды. Ол GOAL басылымы жариялаған NXGN 2026: әлемдегі ең үздік 50 жасөспірім футболшы тізіміне енді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл жыл сайын жасалатын рейтингке 2007 жылдан кейін туған ең дарынды ойыншылар енгізіледі. Биылғы тізімге 21 түрлі елдің өкілдері кіріп, олар 17 мемлекеттегі клубтарда өнер көрсетіп жүр. NXGN жобасы бұған дейін Джуд Беллингем, Родриго және Джанлуиджи Доннарумма сияқты жұлдыздарды танытқан болатын.

Тізімге Дастан Сәтпаев "Қайрат" клубының ойыншысы ретінде енгізілді. Ол өз ойынымен халықаралық сарапшылардың назарын аударып, әлемдегі ең перспективалы жас футболшылардың қатарына қосылды.

Сарапшылардың бағалауынша, Сәтпаевтың бұл тізімге енуіне бірнеше маңызды жетістігі әсер еткен. Атап айтқанда, ол Чемпиондар лигасында өте жас кезінде гол соққан ойыншылардың бірі. Бұл көрсеткіш бойынша тек Ансу Фати мен Ламин Ямаль ғана одан ертерек көзге түскен. Сонымен қатар, ол Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы ең жас дебютант әрі гол авторы атанған.

Жас шабуылшы 2025 жылғы маусымда 14 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген. Оның ойыны жоғары бағаланып, "Челси" клубы 17 жастағы футболшыны өз құрамына қосу туралы келісімге келген.

Осылайша, Дастан Сәтпаев NXGN 2026 тізіміне еніп, әлем футболындағы ең болашағы зор жас ойыншылардың бірі ретінде танылды.

Тэгтер:

Дастан Сәтпаев NXGN 2026